Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтап, үздіктерді марапаттады.
«Баршаңызды Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен құттықтаймын!
Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының: «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты» деген ұлағатты сөзі бар. Қай уақытта да бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің, оның ішінде журналистер қауымының қоғам алдындағы жауапкершілігі аса жоғары. Кез келген ақпаратты сіздер ой елегінен өткізіп, көңіл таразысына тартып барып, халыққа ұсынасыздар. Жедел жеткізесіздер. Сапалы да сауатты ақпаратқа деген қолжетімділік бүгінде үлкен маңызға ие.
Осы орайда өңіріміздің айнасына айналған басылым – «Огни Алатау» газетінің 105 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Ғасырдан астам уақыт аймақтың тыныс-тіршілігін халыққа жеткізіп, облысымыздың жүзжылдық жылнамасын жазып келе жатқан газет ұжымының алдағы уақытта да шығармашылық биік белестерді бағындыра беретініне сенімдімін. Сонымен қатар, жаңадан ашылған «Алатау арайы» газеті де уақыт ағымына сай жанданып, өңірімізбен қатар түрленіп келеді», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Сондай-ақ облыс әкімі журналистерді материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етуде нақты жоспарлар бар екенін тілге тиек етті.
«Ақпарат құралдары адамзаттың ақылына, ой-пікіріне әсер ететін үлкен күш. Сондықтан дәстүрлі журналистиканы заман талабына бейімдеп, бәсекеге қабілетін арттыра түсуіміз керек. Мемлекет басшысы отандық журналистиканың деңгейін әрдайым жоғары бағалап келеді. Мемлекеттік саясат аясында атқарылып жатқан іс-шаралардың халыққа уақытында әрі обьективті жеткізу сіздердің кәсібиліктеріңізге байланысты. Біз ақпарат құралдары өкілдерінің кәсіби деңгейін арттыруға, редакцияның материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға әрдайым жіті көңіл бөлетін боламыз», – деді облыс әкімі.
Бұдан кейін Марат Елеусізұлы облыстың түрлі саладағы жетістіктерін насихаттап жүрген журналистер мен ардагерлерді Алғыс хаттармен марапаттап, сый-сияпат табыстады.
Қазақстан Журналистер одағының Алматы және Жетісу облыстары бойынша төрағасы Мейрам Жанәділов қаламгерлерді кәсіби мерекесімен құттықтап, елеулі оқиғаларды бұқараға жылдам жеткізу жолындағы еңбектеріне жеміс тіледі. Мейрам Базарұлы журналистиканың дамуына қосқан зор еңбегі үшін жуырда өмірден озған «Алатау арайы» газетінің меншікті тілшісі, Райымбек ауданының Құрметті азаматы Қанат Біржансалұлына берілген Қазақстан Журналистер одағының «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісін марқұмның зайыбына табыс етті.
Айжарық Көптілеуов,
Қонаев қаласы