Алматыда дәулескер күйші, композитор Омархан Керімқұловтың 90 жылдығына арналған тағылымды кеш өтті. Облыстық кітапхана мұрындық болған «Күй – күйшінің мұрасы, ұлттың үні» атты шарада қазақ руханияты мен өнерінің көрнекті өкілдері бас қосып, айтулы тұлғаның өмірі мен өнер жолына тағзым етті.
Күй құдіреті асқақтаған кеш шымылдығын көрнекті ақын, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин ашты.
– Омархан Керімқұлов – қазақ күй өнерінің алтын діңгектерінің бірі. Ол елдің еңсесі түскен қиын кезеңдерде де күйдің киесін жоғалтпай, байырғы күйшілер мектебін қайта тірілткен тұлға. Өшіп бара жатқан сарындарды санадан үзбей, ұлт рухын оятқан хас жүйріктердің бірі еді. Бүгін ол кісінің рухы ортамызда, себебі артында мұрасын түгендейтін ұрпағы, қадірін білетін халқы бар, – деді қаламгер. Сондай-ақ осы кешті ұйымдастырған күйшінің ұлы Қанапия Омарханұлына халық атынан алғыс айтты. Әке рухын ардақтаған ұлдың бұл ісі – бір әулеттің ғана емес, ұлт руханиятының жалғасуына қызмет ететін сауапты іс екенін әңгімеледі. Қанапия Омарханұлы өз кезегінде:
– Әкем өмір бойы домбырамен сырласты. «Күй – адам тағдырының шежіресі» дейтін. Әр күйдің артында бір тағдыр, бір дәуірдің үні бар екенін айтып отыратын. Сол мұраны кейінгі ұрпақ ұмытпасын деген ниетпен осы кешті ұйымдастыруды парыз санадық. Қолдау танытып, сөзімізді жерге тастамаған Алматы облысының әкімдігіне, облыстық кітапхана ұжымына рахметімізді айтамыз, – деді ол толқи сөйлеп.
Тағылымды шарада дәстүрлі күй өнерінің өкілі Айбол Құдайберген үш ішекті домбырада сырлы саз төкті. Қоңыр әуен тыңдарманды терең толғанысқа жетеледі. Одан кейін сахнаға көтерілген ғалым, педагог, жазушы Сағатбек Медеубекұлы күйші жайлы естелігімен бөлісті.
– Омархан аға табиғатынан өнер үшін жаралған адам еді. Біз 1995 жылы Сөгетідегі үйіне барғанда, оның әр күйдің тарихын, орындаушысын жатқа білетініне таңғалғанбыз. «Қожекенің күйі», «Рақыштың күйі», «Сыбанқұлдың күйі», «Шіденнің күйі» – бәрін шертіп отырып, сол заманның елесін суреттейтін. Күй мен сөзді қатар өрген зерделі тұлға еді, – деді ол.
Күйші-композитор Омархан Керімқұлов 1935 жылы Шелек өңіріндегі Сөгеті ауылында дүниеге келген. Жастайынан домбыраға әуес болып өседі. Кейін ел аралап, көненің көзіндей болған күйшілердің мұрасын хаттап, қағазға түсірген санаулы зерттеушілердің бірі болды. Оның орындауында тыңдарман жүрегіне жол тартқан күйлер шынайы таланттың шеберлігін таңбалай түсті. Осы орайда Сағатбек Медеубекұлы Омарханның күй мектебі – аймақтың өзіндік иірімін сақтаған, үні мен ырғағы бөлек, табиғи болмысы айқын мектеп екенін елмен бөлісіп, оның шәкірттері бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде күй өнерін дәріптеп, ұстаз дәстүрін жалғап келе жатқанын сөз етті.
Кеш барысында Омархан Керімқұлов орындаған күйлер мен өзінің авторлық туындылары тартылып, көрерменді тәнтті етті. Сахнаға көтерілген философия ғылымдарының докторы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті Ержан Жәменкеевтің домбыра шертісі те көңіл толқытты. Күйден соң Ержан Жәменкеев:
– Омархан Керімқұлов – қазақ күй өнерінің шежіресін бүгінге жеткізуші дара тұлға. Ол тек орындаушы емес, күй құдіретін тереңінен сезінген зерттеуші болды. Егер осындай адамдар болмағанда, бәлкім, талай мұра ұмытылар ма еді? – деді.
Кешке келген өзге де қонақтар сахнаға көтеріліп, жылы лебіздерін ортаға салды. Омархан Керімқұловтың ұлт руханиятына сіңірген еңбегін айрықша атап өтіп, оның мұрасы кейінгі ұрпаққа үлгі екенін айтты.
Бұл кеш – ұлттың рухани жадын жаңғыртқан тағылымды жиын болды.
Құралбек СӘБИТОВ