Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Қарасай ауданына іссапармен барып, өңір жұртшылығымен кездесті. Алдымен Іргелі ауылдық округінің «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің аумағында орналасқан «Nomad International school» мектебіне атбасын бұрды.
Аталған білім ордасының құрылтайшысы «ADVENNTO» ЖШС директоры Ержан Майлыбаев мектептің жағдайын таныстырып, мұнда білім беру бағдарламасына сәйкес академиялық база, технология, спорт және ұлттық құндылықтарға басымдылық беріліп жатқанын жеткізді. Онда 2 мың оқушы мемлекеттік оқу бағдарламасы негізінде тегін білім алады. Ал қалған 1 мыңнан астам бала арнайы тереңдетілген оқу бағдарламасымен ақылы түрде оқиды. Аталған білім ордасы 220-дан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Марат Елеусізұлы мектептің арнайы зертханалармен, робототехника, графикалық дизайн, бейнелеу өнері кабинеттерімен жабдықталғанына, оқушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік жасалғанына баса назар аударды.
Бұдан кейін Марат Елеусізұлы Береке ауылындағы Мәдениет үйінде азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, тұрғындармен кездесу өткізді. Жиында алғашқы болып баяндама жасаған Қарасай ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ақылбек Бексұлтан өңірдің қазан айына дейін қол жеткізген табысы мен алдағы атқарылар жұмыстарына кеңінен тоқталды.
Облыстағы 18 ірі өндірістің 7-еуі Қарасай ауданында орын тепкен. Бұл қатарда «RG BRANDS Kazakhstan», «Coca-Cola Almaty Bottlers», «Hamle Company LTD», «Asia Agro Food», «Efes Kazakhstan», «Kagazy Recycling», «Келун Казфарм» сияқты іргелі кәсіпорындар бар. Аудандағы өнеркәсіп өнімдерінің 90 пайызы аталған кәсіпорындарға тиесілі. Ауданның инвестициялық мүмкіндігі күнен-күнге артып келеді. Қазір 10-ға жуық ірі жоба іске асырылып, 2300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылған.
Өз баяндамасында Ақылбек Бексұлтан аудандағы тұрғын үй құрылысы, бөлшек тауар айналымы, бюджетке түсетін салықтар туралы айта келіп, білім беру саласындағы шешімін күткен мәселелерді де тілге тиек етті.
«Қарасай ауданында үшауысымды білім беру мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Екі жыл бұрын мұнда 12 мектеп үшауысымда жұмыс істесе, бүгінгі таңда бұл көрсеткіш алты есе қысқарып, тек бір мектепте ғана үшауысымды оқыту сақталған», – деді ол.
Келесі кезекте сөз алған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Қарасай ауданын облыс үшін стратегиялық маңызы бар өңірдің бірі деп атады. Аудан инвестиция тарту бойынша екінші орында, өзге де бірқатар бағыттар бойынша жетекші орында келе жатқанын айтып, өндіріс саласын одан әрі дамыту күн тәртібінен түспеуі қажеттігін жеткізді.
Аймақ басшысы өз баяндамасында өткен жылдан бері халықпен кездесулер барысында айтылған сын-ескертпелер мен ұсыныстардың орындалу барысын да сөз етті. Бұл қатарда тұрғын үй, жер, жол, ауызсу мен көгілдір отын мәселелері бар. Саяжайға арналған аймақтарға жол мен жарық жүргізу, газ құбырын тарту, мектеп пен балабақша салу өзекті жайттардың бірі болып отыр.
Әкімнің ел алдындағы баяндамасы аяқталғаннан кейін, халықтың көкейінде жүрген сұрақтардың тиегі ағытылды. Тұрғындардың басым бөлігі көгілдір отынға қосылу бағасының қымбаттауына, елдімекен арасында қатынайтын қоғамдық көліктің жоқтығы мен ауыл ішіндегі жолдардың жайына қатысты сұрақтар қойды. Емдеу мекемесінің жоқтығын алға тартты.
Халықтың базынасын мұқият тыңдаған облыс әкімі кейбір мәселелер бойынша арнайы комиссия құрылатынын айтты. Ал медициналық мекеме салу бойынша жобалық-сметалық құжат дайындалатынын жеткізді. Жиналған көпшілік сауалдарын жазбаша түрде де жолдап жатты. Облыс басшысы бұл сұрақтарға да дер кезінде жауап берілетінін жеткізді.
Сапар соңында аймақ басшысы өңірдегі «MP Solutions», «RG Brands Kazakhstan» және «Burunday Container Terminal» сияқты кәсіпорындардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Өңір экономикасына серпін беретін тағы бір маңызды жоба жүзеге асты. Бүгінде «RG Brands Kazakhstan» компаниясының Ақсеңгір филиалы өз өндірісін кеңейтіп, екі жаңа желіні іске қосты. Нәтижесінде қосымша 120 жаңа жұмыс орны ашылып, жалпы қызметкерлер саны 600 адамға жетті. Кәсіпорынның өнімдері – елімізге кеңінен танымал Pepsi, 7UP, Mirinda, Lipton Ice Tea, Asu, Gracio және Da-Da сияқты брендтер. Зауыт толық өндірістік циклды қамтамасыз етеді. Өнімді өндіруден бастап, қаптау, сақтау және тарату жұмыстарының барлығы заманауи стандарттарға сай жүргізіледі. Бүгінгі таңда кәсіпорын жылдық өндіріс көлемін 1 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға бағыт алып отыр. Ол арқылы сапалы өнім өндірумен қатар, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға зор үлес қосылмақ.
2030 жылға дейін Алматы облысында жалпы құны 7,3 трлн теңгені құрайтын 221 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Ол шамамен 84 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Тек 2025 жылдың өзінде 35 жаңа жобаны іске қосу жоспарланған. Олардың ішінде «MP Solution» логистикалық кешені де бар. Көлемі 50 га аумақты алып жатқан кешен құрылысына 70 млрд теңге қаржы салынған. Компания тауарларды сақтау, өңдеу, тасымалдау және қойма жұмысын оңтайландыруды жүзеге асырады. «MP Solutions» ЖШС-ның бас директоры Марат Сүйерқұловтың айтуынша, кешен аумағында 14 қойма салынады. Қазір құрылыс кезең-кезеңімен жүріп жатыр. «MP Solution» логистикалық кешені толық іске қосылғанда 600-ге жуық адам жұмыспен қамтылатын болады.
Аймақ басшысы аялдаған тағы бір кәсіпорын – «Burunday Container Terminal» ЖШС. Онда жүк тиелген және бос контейнерлерді өңдеу, қаптама бөлшектерді сақтау және құжаттарды рәсімдеу қызметі көрсетіледі.
«Алматы облысы өзінің географиялық орналасуына байланысты еуразиялық көлік жүйесінің негізгі торабына айналуда. Бұл парк жаңа жұмыс орындарын ашып, шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етіп, өңірдің инвестициялық имиджін нығайтады», – деді кезекті сапарды қорытындылаған облыс басшысы.
Ерзат АСЫЛ
Қарасай ауданы
