Қонаев қалалық кітапханасында қазақ халқының рухани мұрасын жас ұрпаққа заманауи форматта насихаттауға арналған «I AM QAZAQ» комиксінің таныстырылымы өтті. Жобаны облыстық дін істері басқармасының тапсырысы бойынша «Жаухар» ұлттық салт-дәстүрді қолдау қоры дайындаған. Ол үшін дінтанушы, сценарист, суретші-иллюстратор, колорист, дыбыс режиссері, тарихшы, мәдениеттанушы мамандар жұмылдырылған.
Мақсаты – жастардың бойына рухани құндылықтарды сіңіру, теріс діни ағымдар мен бөтен идеология ықпалынан сақтап, ұлы тұлғалардың өнегелі ғұмырын насихаттау. Комикс он бөлімнен тұрады. Онда атасы мен немересі арасындағы диалог арқылы түрлі сауалдарға жауап беріледі. Кітаптан бөлек бейнеүзінді мен аудионұсқалары да бар.

Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев кітапты халыққа таратпай тұрып, мұндай жобалардың мәнін түсінетін мамандарға көрсетіп, артық-кем тұстарын дұрыстап, талқылауды мақсат тұтқанын жеткізді. Олардың қатарында Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары Сансызбай Шоқанов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актер Бекжан Тұрыс және өзге де сарапшылар болды.
– Бұл комикс өткенімізге үңіліп, келешегімізге нық қадам басуға көмектеседі. Әр бөлімде маңызды тақырып бойынша мәнді әңгіме өрбиді. Мысалы, «Ата-бабаң кім?» бөлімінде тектілік пен ұрпақ сабақтастығы, қан тазалығын сақтап қалудың маңызы баяндалады. Ал «Батыр – суперқаһарманда» ерлердің халқына деген адалдығы мен өрлігі насихатталады. «Абай әлемі» мен «Ұлт ұстазында» парасат пен білім құндылығы түсіндіріледі. Комикс тақырыптарының барлығы жастарды рухани-адамгершілік қасиеттерге тәрбиелейді, – деді Ғани Айдарұлы.
Мереке Құлкенов заман талабына сай жобалардың көп болуы маңызды екенін айтты.

– Еліміз күн сайын дамып келеді. Соған орай қазіргі балалардың таным-түсінігі де өзгеше. Қазақ халқы бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Бүкіл әлемде «Адам баласын қалай тәрбиелеу керек?» деген сауалға қатысты ізденіс көп. Соның бірі – комикс. Бұл тек мәтін емес. Оқырман суреттерді көзімен көріп, жүрегімен сезініп, көңіліне түйеді. Бейнені мәтін жетелеп отырады. Бұл баланың түсінуіне, қабылдауына өте ыңғайлы. Алматы облысында мұндай бастаманың қолға алынғаны құба-құп. Әрине, әлі де жетілдіретін тұстары бар, – деді Мереке Әбдешұлы.
Сансызбай Құрбанұлы дәстүр жоғалса, ұлт та жойылатынын, ал ислам діні қазақ халқының мәдениетімен ұштасып жатқанын және оны ұрпаққа насихаттау әрбір азаматтың парызы екенін тілге тиек етті.
Философия, саясаттану және дінтану институты дінтану орталығының директоры Алмасбек Шағырбай: «Жастар әр нәрсеге еліктеп, бой түзейді. Қазіргі балалар телеарналар мен әлеуметтік желілерден өзге ұлттың жасаған анимациялық кейіпкерлеріне қызығып өсіп келеді. Бірақ бізде олардан асып түсетін, шынайы өмірде болған батыр тұлғаларымыз көп. Олардың тағдырына қарасақ, құндылығы біздің жастар қаһарман деп жүрген образдардан әлдеқайда терең екенін байқаймыз. «Кімге еліктеу керек?» дегенде ұлт үшін өлімнен де қорықпай күрескен жандарды жастардың тілінде креативті жеткізе білуіміз керек», – деген пікірімен бөлісті.
Жиын соңында Ғани Майлыбаев жоба балалардың назарын аударып, оларды қызықтыру үшін жасалғанын, алдағы уақытта сапасы бұдан да жақсара түсетінін айтты.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА
Қонаев қаласы




