Перейти к содержимому
Главная страница » Ұлттық диктант

Ұлттық диктант

    Қонаев қаласындағы Қасым Қайсенов атындағы №4 орта мектепте әртүрлі сала мамандары «Ұлттық диктант» жобасына қатысты. Шараны 5 қыркүйек – Ахмет Байтұрсынұлының туған күні мен Қазақстан халқының тілдері мерекесі аясында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ұйымдастырған. Диктант облыстың барлық аумағында өткізіліп, Қонаев шаһарында қорытындыланды.

Республикалық мәдени-ағартушылық жоба мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, азаматтардың жазу сауаттылығын жетілдіруге, ұлттық бірегейлік пен тілдік мәдениетті нығайтуға бағытталған.
– Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік тілде дұрыс жазып, еркін сөйлеуге міндетті. Бұл ешқандай қиын емес. Тек адамның құлшынысы, ниеті, тілге деген құрметі болса жеткілікті. Қазіргі таңда қазақ тілінің мәртебесін көтеретін – білім, ғылым және мәдениет. Сонда ғана халықаралық аренада еліміздің абыройы биік болады, – деді облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Салтанат Беспаева.
Қатысушылар Ахмет Байтұрсынұлының 1913 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған «Оқу жайы» мақаласынан алынған үзіндіні жазды. Кейін тақтаға мәтіннің өзі көрсетіліп, қате кеткен тұстарын анықтады. Жобада бой көрсеткен Ақерке Кенжесара шараның маңызы зор екенін айтты. «Жазу сауаттылығын арттырып қана қоймай, ұлт ұстазының мәнді пікірімен де таныстық. Өзім қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болғаннан кейін маған қиындық тудырған жоқ. Оқу-ағарту шараларынан ешкім қалыс қалмау керек. Диктантқа өзге сала мамандарының да қатысқанына қуаныштымын», – деді ол.
Бұл бастама – сауатты жазу мен білім өлшемі ғана емес, сонымен бірге азаматтық жауапкершілік және тілге деген құрметтің көрінісі. Облыс бойынша жобаға 1500-ге жуық адам қатысты.

Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА
Қонаев қаласы