Перейти к содержимому
Главная страница » Мемлекеттік бақылаудың маңызы зор

Мемлекеттік бақылаудың маңызы зор

     ҚР Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау сала­сындағы реттеу және бақылау комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің негізгі міндеттерінің бірі – Қазақстан Республикасының Әлеу­мет­тік кодексінің 258-бабына сәйкес әлеуметтік қамсыз­дан­дыру саласындағы мемле­кет­тік бақылауды жүзеге асыру. Мемле­­кет­тік бақылау әлеу­меттік қамсыздандыру, оның ішінде әлеуметтік төлемдердің уақытылы және дұрыс тағайын­­далуы, мемлекеттік корпо­ра­цияның алушыға әлеуметтік төлемдерді уақытылы және толық аударуы бөлігінде мін­детті әлеуметтік сақтандыру саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарына сәйкес жүргізіледі.

Департамент тексеру парақтарының өлшемшарттарына сәйкес «Міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-дан төленетін әлеуметтік төлемдердің уақытылы және дұрыс тағайындалуына Қазақстан Республикасының Кәсіп­керлік кодексі аясында тексеру жүр­гізді. Осыған орай Қазақстан Рес­пуб­ликасының Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығы­мен бекітілген «Бақылау субъек­тісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізу­дің тізіміне» сәйкес облыстағы 11 мекемеге профилактикалық бақылау жасалды. Атап айтқанда, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік кор­порациясы» коммерциялық емес акцио­нерлік қоғамының Алматы облысы бойынша филиалының 10 әлеуметтік қамсыздандыру бөлімшесі (Еңбекшіқазақ ауданының Шелек ауылы және Есік қаласы, Қарасай ауданының Қаскелең қаласы, Іле ауданының Өтеген батыр кенті, Ұйғыр ауданының Шонжы ауылы және Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылы, Балқаш ауданының Бақанас ауылы, Талғар, Алатау, Қонаев қалалары) және «Мемлекеттік әлеуметтік сақтан­дыру қоры» АҚ Алматы облысы бойынша филиалы тексерілді. Бақылау нәтижесінде 116 заңбұзушылық орын алғаны, 46 әлеуметтік төлем алушыға 3778 413 теңге көлеміндегі сома төлен­бегені анықталды.
Кәсіпкерлік кодексінің 144-2-бабы 5-бөлігіне сәйкес, бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғамай, кемшіліктерді жою туралы 11 нұсқама енгізілді.
Анықталған заңбұзушылықтар негізінен республикалық бюджеттен мемлекеттік-әлеуметтік жәрдемақы алушы азаматқа Мемлекеттік-әлеу­меттік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) әлеуметтік төлем тағайын­дауға элек­трондық іс макетінің қалыптас­тырылмауына байланысты туындаған. Соның салдарынан әлеуметтік төлем алуға құқығы бар азаматтарға төмендегі жағдайлар бойынша төлемдер тағайын­далмаған:
– еңбекке қабілеттіліктен айыры­лу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдер;
– асыраушысынан айырылу жағ­дайы бойынша әлеуметтік төлем­дер;
– негізгі алушыдан әлеуметтік төлемнің үлесі үлес алушыға бөлін­беген;
– асыраушысынан айырылу жағ­дайы бойынша әлеуметтік төлем алушылардың жәрдемақылары уақы­тылы қайта қаралмаған;
– асырауындағы отбасы мүшелері­нің құрамы өзгертілмеген.
Бүгінгі таңда әлеуметтік қорғау – мемлекет жүргізетін әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Мемлекет жыл сайын осы салаға қомақты қаржы бөліп, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруды көздейді. Сонымен қатар әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау мен қадағалау жұмысы күшейіп келеді. Арнайы уәкілетті органдар заңбұзушылықтар­ды анықтап, азаматтар құқығының сақталуын қамтамасыз етеді.
Әлеуметтік қорғау – қоғамдағы тұрақтылық пен әділдіктің кепілі.

Айдынжан Нарматов,
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Алматы облысы бойынша департамент басшысы