Халық суретшісі, ұлттық бейнелеу өнерінің негізін қалағандардың бірі Әбілхан Қастеевтің картиналарынан ауыл өмірін, тұмса табиғатты көптеп кездестіресіз. Мәселен, жайлауды бейнелеген туындыларынан Аспантаулар өлкесіндегі Шалкөденің ой-қыры көзіңізге оттай басылады. Асқар таудың, арналы сайдың, көкорай шалғынның ішінде жүргендей сезінесіз. Қылқалам иесі ондағы тыныс-тіршіліктің бояуын келістіре сомдаған.
Әбілхан Қастеевтің Шалкөде жайлауына қашан барғаны, ондағы сұлу табиғатты қалай кескіндегені оқырманды қызықтыратыны анық. Суретшінің сол сапары жайында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Бейбіт Дәлденбай ағамыздың жеке архивімен танысқанда көз жеткіздік.
– Әкем Әбіл Дәлденбай атақты қылқалам шебері Әбілхан Қастеевпен дос-жаран болып, жақын арласты. Мен бастауыш сыныпта оқып жүргенде суретшінің Нарынқолға келгені, біздің үйде тұрып ұзақ уақыт жұмыс істегені әлі есімде. Қазір ол жайында ойласам, сол күндері Әбілхан Қастеев жай ғана қонақ болмапты. Алдына үлкен шығармашылық мақсаттар қойған екен. Хас талантты жасыл кілем жамылған жайлаулар ерекше қызықтырған. Сұлулыққа деген іңкәр сезімдерін қылқалам арқылы паш етті.
Қазір суретшінің сол туындыларына қараған сайын әкем Әбіл мен Әбілханның қуана қауышқан сәттері, туған бауырлардай иықтасып бір-бірін құрметтегені көз алдыма келеді, – деп бастады әңгімесін композитор.
1998 жылы Бейбіт аға әкесінің айтқандарын өзінің камерасымен бейнежазбаға түсіріп, оны жеке архивіне сақтап қойған екен. Компьютер мониторынан Әбіл атаның бейнесі жарқ етті. Қария көсіле сөйлеп отыр.
– Әбілханмен танысамыз, содан кейін жаны жақын дос-жаран боламыз деп кім ойлаған? Ұмытпасам, 30-жылдың басы болуы керек, сәті түсіп Алматыдағы №12 мектеп-интернатына қабылдандым. Көкірегінде сәулесі бар қазақ өз баласының үлкен қалада білім алғанын қалайды. Аудандағы білікті ағалардың қамқорлығы арқасында жолым болды.
Бір күні мектебімізге жақын маңда адамдарды отырғызып қойып, ақ қағазға бейнесін түсіріп жатқан баланы көрдік. Оның іс-әрекетіне таң-тамаша болып қарап тұрмыз. Қарындашының тиіп кеткен жері суретке айналады. Әп сәтте әлгі адамның кескінін өзінен айнытпай жасап үлгерді. Мынандай кереметті бұрын кім көрген?! Бейтаныс бауырымыздан біздің суретті де жасап беруін өтіндік. Ол ұсынысымызды ілтипатпен қабылдады. Ешкімнің көңілін қалдырмайтын мейірімді жан екен. Бірдемде бейнемізді кескіндеп қолымызға ұстатты.
Жаңа досымызбен таныстық, есімі Әбілхан екен. Сергек және сезімтал болып жаралғаны байқалып тұр. Өнерпаздығы шығар, ешкімді жатсынбайды, көңілдегіні тап басып, бірден өзіне баурап алады. Қызық болғанда, сол күні мұғалімдеріміз Әбілханды сыныпқа ертіп кірді. Республика ағарту комиссариатының шешімі бойынша ол біз оқыған мектепке қабылданыпты. Алайда, барлық пәннен жетік білуге міндетті емес еді. Үйренетін негізгі саласы бөлек болып шықты. Әйгілі суретші Николай Хлудовтың шеберханасында сурет өнерінің қыры мен сырын меңгеруге тиіс екен.
Тәрбиешіміз түстен кейін екі бала жататын бөлмемізге үшінші кереуетті орналастырды. Оған Әбілхан ие болды. Қасындағы бізге үлкен жауапты жұмыс тапсырылды. Әбілханның тұрақты аудармашысы етіп бекітті. Кезек-кезек шеберханаға барып, Хлудовтың оқыған дәрісін досымызға қазақшаға аударып береміз. Ауыл баласының ерекше қабілетін таныған үкімет адамдары оған осылай қамқорлық жасапты. Біз ол кезде, кейін тарихи тұлғаға айналатын даңқты адаммен бірге оқып жүргенімізді әрине, білген жоқпыз”, – деп Әбіл ата бір тоқтады.
Осы кезде суретшінің қызы Гүлдәрия Қастееваның баспасөзде жарияланған әкесі жайлы естелігі ойға оралды. Оның мазмұны жоғарыда айтылған әңгімені толықтыра түседі.
Жаркент өңіріндегі Шежін ауылында туған Әбілхан Қастеев кішкентай кезінен жұртты қабілетімен тәнті еткен. Байлардың малын баға жүріп, уақытын босқа өткізбеуге ұмтылған. Балшықтан түрлі мүсіндерді бейнелеген. Ағаштан түйін түйген. Оған зергерлігі қосылып, әдемі етіп сырға-сақиналарды жасаған.
Кейін отбасы аудан орталығы Жаркент қаласына көшеді. Сол жерде Саламатова деген фотограф өнерлі жастың дарынына тәнті болып, тегін адам еместігін сезеді. Сөйтеді де, талантты баланың жолын ашу мүмкіндіктерін қарастырады. Әбілханның жасаған дүниелерін өзіне білдірмей суретке түсіріп алып, республика астанасы Қызылорда қаласына, ондағы құзырлы орындарға жолдайды. Олар жақсы жаңалықты қуана құптап, дереу Әбілханды іздеп табады. Талантты жасты суретшілік өнерге баулып, мектепке оқыту керектігін ойластырады.
– Әкеміз ауылда жүрсе де арабша, латынша қара танудан кенде қалмапты. Алайда, мектепте оқудың жөні бөлек қой. Сондықтан, сыныптастарынан жасы үлкен болғанына қарамастан білім алуға құлшына кіріседі.
Мектеп директоры оны орыс суретшісі Николай Хлудовқа таныстырады. Хлудов арнайы сынақтан өткізіп, өзінің студиясына қабылдайды. Ауылдан шыққан қарапайым қазақ баласының осыншама талантты болып жаралғанына таңғалыпты”, – дейді Күлдәрия Қастеева. Ойымды Бейбіт ағамыз бөлді.
– Осы жерде мынаған мән бергенің дұрыс. Әкем оқыған №12 мектеп интернаты қазақтың небір мықтыларына алтын ұя болды. Мәселен, әкемнің режиссер Асқар Тоқпановпен, актер Қамал Қармысовпен бірге оқығанын көп адам біле бермейді. Оған Әбілхан Қастеев қосылғанда бәрі бірігіп бір үлкен тарихқа айналады.
Сол кісілердің тізелерінде отырдым, маңдайымнан сипаған алақандарының табын сездім. Бұл мен үшін аз олжа емес. Сонымен қатар, атақты жандардың Нарынқолға барып таулы аймаққа сүйінгендері, ондағы қарапайым жұртпен араласып сыр шерткендері қандай ғажап! Жоғары жаққа телефон соқтырмай-ақ, шені мен шекпендерін шешіп тастап әкемнің достары ретінде шаңырақтың төріне шығушы еді. Соның бір парасын тағы да үлкен кісінің өзінен тыңдайық”, – деді Бейбіт аға.
Әбіл Дәлденбай атамыз бейнежазбадағы сөзін ары қарай жалғастырды:
– Ұлы Отан соғысынан аман-есен оралған сақа солдат ретінде Алматы мен Алатауға сәлем бердім. Туған жердің дәмі тартты деген осы! Қалада Әбілхан досым бар. Ол бұл күнде кешегі бала Әбілхан емес. Еңбегі еленген, есімі елге белгілі азаматтардың қатарында.
КСРО мемлекетінің басшысы И.В.Сталиннің бұйрығы бойынша бүкілодақтағы бірқатар өнер мен әдебиет өкілдері тылда қалды. Солардың арасында Әбілхан Қастеев та бар еді. Ондай белгілі жандардың мекен-жайын табу қиынға соқпайды. Үстінен әскер формасы түспеген досын суретші мейірлене қарсы алды. Қызыл қырғынның ішінен сау шыққаныма қуанды. Соғыс – қайғы мен қасірет! Онда аяушылық жоқ. Партада бірге отырған талай жолдасымыз жеңіс жолында шейіт кетті, жат өлкенің топырағын жастанды. Біз осының бәрін сөз еттік. Шер тарқаттық.
Жұбайы Сақыш нағыз өнер адамына жар болатындай көшелі жан екен. Суретші толғаныстарын қас-қабағымен сезіп отыр. Әбілханның жолдастары ол үшін туыстан артық секілді. Шаңырақ берекесін арттыратын кеңпейіл жан. Суретшінің бақыты мені қатты қуандырды.
Шеберханасындағы шығармашылық жұмыстарымен таныстырды. Небір күрделі тақырыптарды игеріпті. Енді табиғатты жырлап, көрікті жерлердің кескін-келбетін кенепке түсіруді мақсат етіп жүр екен. Сол туралы сөз етті. Осыған келгенде айналасын таулар көмкерген Нарынқол жайында суретші досыма тебірене толғадым. Елі мен жерін сағынып келе жатқан менің сөзім өте әсерлі шыққан болуы керек, ол Нарынқолға атбасын бұратынын жасырмады”, – деді Әбіл ата.
Әңгіме арасында айта кетейік, Әбіл Дәлденбаев соғысқа дейін де, соғыстан кейін де мұғалім болып ағарту саласында жемісті еңбек етті. Физика мен математиканы меңгерген үздік маман. 1949 жылы аудан орталығында орта мектепті бітірген ақиық ақын Мұқағали Мақатаев осы кісінің қолынан аттестат алыпты. Көптеген шәкірттері атқа қонды, үлкен қызметтердің тізгінін ұстады. Сыныптастары мен курстастары мықты азаматтар атанды.
– Ол кездің мұғалімдері де, адамдары да бөлек қой. Ой-саналары тұнық, талғам-парасаттары биік. Анам Мәрия Айтіленова орыс тілі мен әдебиетінің маманы еді. Қостанайдың қызы. Адал еңбегінің арқасында Ленин орденімен марапатталды. Мен ол кісілердің жетістіктерге желпініп отырғанын көрмеппін. Есесіне, перзенттері алдындағы парызын биік қоятын. Бірінің артынан бірі ерген оншақты ұл-қызын білікті азаматтар етіп өсірді. Жоғары білім алуын қамтамасыз етті. Анам қарапайым қалпымен айналасына өнеге көрсететін. Ағайын-туысқа өте жұғымды болды. Ол кісілердің тұлабойы тұнған тәлім еді”, – деді Бейбіт Әбілұлы.
Енді Әбілхан Қастеевтің Шалкөде жайлауын аралап, оны майлы бояумен кенепке қалай кескіндегеніне келейік. Ол туралы Әбіл ата былай деді:
– Суретші уәдесінде тұрды. 50-жылдың соңына қарай Нарынқолға келді. Бұл күн біздің әулетіміз үшін кішігірім мерекеге айналды десем артық болмайтын шығар. Әсіресе, Қастеевті көргеніне Күлия әкпем ерекше қуанды. Дарынды қонаққа туған жердің қойнауларын түгел көрсетуге тырыстық. Алдымен Нарынқолдың батысындағы Байынқол аңғарына бардық.
Тастан-тасқа секірген тау өзенінің дауысы жартастарды жаңғыртады. Өзеннің биік сағасында алтын кені бар. Әбілхан оның тыныс-тіршілігімен танысты. Жанға жайлы Шоған сайына әкелдік. Мен Шоған абыздың ұрпағымын. Бабаларамыздың қандай өңірді мекендегенін көріп суретші таң-тамаша болды.
Қарындаш пен қылқаламда тыным жоқ. Әсерін қойын дәптеріне түртіп алатын ақындар секілді жазып жатады. Қарындашпен сызылған неше алуан нұсқалары дайындалады. Ақ қағазға сыймағанын ойға тоқып, жадына сақтайды. Бүлдіргеннің нәзік сабақтарына дейін ұмытпайды. Адамдардың көңіл күйін бояулармен көрсетеді.
Бірнеше күннен кейін өзімнің үш аяқты мотоцикліммен Шалкөдеге жол тарттық. Біраз ел жаңалықтан құлақтанып үлгеріпті. Басшылар мен қосшылардың тосып тұрғанын көрдік. Жайлаудың аумағы кең. Қақ төрінде қасқайып Айғайтас тұр. Суретшіге «Шоқан асқан» асуы туралы да айтып бердік. Қой бағып жүрген қарапайым еңбеккерлердің арасында ел мен жердің шежіресіне қанық небір сұңғыла адамдар бар. Олармен сұхбаттасқанда Әбілхан мүлдем арқаланып кетті.
Алғашқы сәттен бастап-ақ шығармашылық жұмысына белсене кірісті. Бір істі дұрыстап тиянақтамай жаны жай таппайды екен. Үнемі ой үстінде жүреді. Айналамен үнсіз тілдеседі. Өмірдің біз ұқпаған құпияларына үңіледі. Осы оқиғалар барысында көркем шығармалардың дүниеге оңай келмейтінін білдік. Ақ қағазға да, кенепке де суреттер салынып жатты”, – деп Әбіл ата Әбілхан досын сағынғандай кідіріс жасап үндемей қалды.
Біз суретші туралы басқа деректерді де еске түсірдік. Әбілхан Қастеев өмірінде таңдай қақтыратын ерекше оқиғалар аз емес. Соның бірі – Амангелді Имановтың портретін жасауы еді. Батырдың фотосуреті болмаған. Бейнені дұрыс сомдау үшін жұрттың әңгімелерін негізге алған. Ұзақ ізденуге тура келген. Нобайлап кескіндеуге болмайды. Неге? Өйткені, Амангелдінің көзін көрген сарбаздары мен замандастары ол кезде тірі. Олардың талап-талғамын толық қанағаттандыру керек.
Суретші Торғай өңірін аралап, 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісі болған жерлердің бәріне барады. Батырлардың биік рухын сезінуге күш салады. Әрбір әңгіменің әсерін бөлек-бөлек ойға түйіп, кескіндеп отырады.
Ақыры өзі ұзақ күткен бейнені қалыптастырады. Батырдың ішкі қуаты мен сыртқы пішіні бірін-бірі толықтырды. Жүректің тазалығы, намыстың биіктігі, қаҺармандық сес ойдағыдай үйлеседі. Суретшінің көңіліндегі нық сенім жақсы нәтижесін береді. Дайын болған шығарманы арнайы құрылған комиссияға ұсынған кезде, олар орындарынан тұрып Амангелдімен сәлемдескенін өздері аңғармай қалған. Батырдың тұлғасы ғажап портретке айналып, туған еліне қайта оралады. Бұл сурет қазақ өнеріндегі үлкен құбылысқа баланады.
Шығармашылыққа шынайлық пен тереңдік керек екенін сезген қылқалам шебері жайлауды бейнелегенде де осы қағиданы берік ұстаныпты. Одан әркім өз жайлауын көретіндей етіп, табиғат сұлулығын өз қалыбынан айнытпай кескіндеген.
– Бейбіт аға, жайлау көріністері бірнеше нұсқамен жасалған екен. Түпнұсқалар сіздерде болды ма?” – дедім.
– Суретші өз қолымен кескіндеген бірқатар нұсқаларды Нарынқолда қалдырыпты. Күні кешеге дейін үлкен үйімізде тұратын”, – деді композитор.
– Өзіңіз Әбілхан Қастеевтің шаңырағында болдыңыз ба?
– Болдым. Алматыдағы музыка мектебінде оқып жүргенде әкем талай рет ертіп апарды. Қазіргі Республика сарайының артында тұратын. Сол кездегі Республика Министрлер кеңесінің төрағасы Дінмұхаммед Қонаев үлкен үй жасап беріпті. Шеберханасы жанында. Біз барғанда бет пердесін ашып, жасалып жатқан үлкен полотноны көрсетті. Шығарма «Түрксіб» деп аталады екен. Аяқтауға жақындапты. Көзімді алмай оған қызыға қарадым. Талантты дүние адамдардың бәріне ортақ. Жасты да, кәріні де тебірендіреді.
Әбілхан Қастеевтің біраз балалары әке жолын қуды. Сурет өнерімен айналысты. Нұртас деген кіші ұлы Нарынқолға жиі келетін. Аудандағы көрнекі насихатқа көмектесті. Түйіндеп айтқанда, біз мұнда, олар анда болғанымен, екі отбасы емен-жарқын араласты, – деді Бейбіт Дәлденбай.
Талантты суретшінің есімін елі ардақтады. Мәселен, Алматыда ҚР Мемлекеттік Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайы бар. Ол 1976 жылы Т.Г. Шевченко атындағы қазақ мемлекеттік көркемсурет галереясының (іргесі 1935 жылы қаланған) және республикалық қолданбалы өнер музейінің (1970 жылы жасақталған) қоры негізінде бой көтерді. 1984 жылы қаңтарда музейге Қазақ КСР Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің есімі берілді.
ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша Әбілхан Қастеевтың 100 жылдық мерейтойы елімізде және шетелдерде кең көлемде аталып өтті. 2004 жылы 15 қаңтарда Әбілхан Қастеевтің мерейтойлық көрмесі салтанатты түрде ашылды. Көрме суретшінің шығармаларын толық қамтыды. Атап айтқанда, 400-ден аса акварельдік және кескіндеме туындылары, фотоқұжаттар, суретшінің жеке заттары, кинохроника музейдің үлкен төрт залына қойылды.
Бүгінгі таңда Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейі еліміздегі бейнелеу өнері саласындағы жетекші ғылыми зерттеу және мәдени-ағарту ісіндегі ірі көркемсурет музейі санатында. Музейде Қазақстанның бейнелеу өнері, Қазақстанның қолданбалы өнері, шетел классикалық өнері, жаңа дәуірдегі шетел өнерінің туындылары бар. Қорлар, қайта қалыпқа келтіру бөлімі, көрме және экспозиция, насихаттау және экскурсиялық қызмет көрсету, ақпарат және баспа ісі сынды міндеттерді осындағы 9 ғылыми орталық ойдағыдай атқарады.
Музейдің қоры мазмұнды. Ондағы 23000-ға жуық кескіндеме, графика, сәулет және Қазақстанның, Ресейдің, Еуропаның, Американың, Шығыс елдері халықтарының қолданбалы өнерінің баға жетпес жәдігерлері музейдің қымбат байлығы болып табылады.
Суретшінің 110 жылдығында да жаңа шаралар қолға алынды. Алматыдағы өзі тұрған үйі мұражайға айналды. Онда Қастеевтің өміріне қатысты естеліктер, бұйымдар мен заттар жинақталған. Оның қатары жыл өткен сайын толыға түсуде. Әбіл Дәлденбаевтың еншісінде қалған суреттер табылып осы мұражайға табысталса нұр үстіне нұр болар еді. Қалай десек те, Әбілхан Қастеев шығармаларының Нарынқолға да қатысы бар екенін жас ұрпақ біліп жүрсе деген оймен осы мақаланы жаздық.
Болат Мәжит