Кеген ауданы Жылысай ауылында «Еңбек ардагері» және «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегері, ауылдың дамуына үлес қосқан айтулы азамат Мәңке Арғынұлын еске алуға арналған волейболдан ардагерлер арасында турнир өтті.
Майлы Орманов атындағы орта мектептің спорт залында ұйымдастырылған додаға 8 команда қатысты. Жарыстың ашылу салтанатына «AMANAT» партиясы Кеген аудандық филиалының төрағасы Олжас Тақабаев, аудандық дене шынықтыру және спортты дамыту орталығының директоры Гайдар Мұқанқожаев, Жылысай ауылының әкімі Руслан Мәсенов, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Болат Таубалдиев қатысып, арда азаматтың өнегелі өмір жолын және қоғамдық жұмыстарда атқарған еңбектерін еске алып, осы іс-шараға мұрындық болған ұрпақтарына алғыс білдірді. Қатысушыларға сәттілік тілеп, жеңіске жетуіне сенім білдірді.
Күн ұзаққа созылған жарыс нәтижесінде бірінші орынды «Алғабас» командасы иеленсе, екінші орынға «Шырғанақ» командасы табан тіреді. Ал үшінші орын «Тасашы» командасына бұйырды. «Көлбастау» командасы да жақсы нәтижелерімен көзге түсті. Сондай-ақ үздік ойыншылар арнайы номинация бойынша сыйлықтар тапсырылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер аудандық дене шынықтыру және спортты дамыту орталығының дипломы, медальдары мен кубоктары және ұйымдастырушылардың бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Осылайша, Мәңке Арғынұлын еске алу турнирі арқылы ардагер спортшылар өз шеберліктерін шыңдап, ынтымақ пен достықты ту етті.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы




