Тоғызқұмалақтан жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында Қонаев қаласының спортшылары жеңімпаз атанды. Алматыдағы «Зенит» спорт орталығында жалауын көтерген додаға 21 елден 15-17 жас аралығындағы спортшылар қатысты.
Аталған жарыста 180-ге жуық қатысушы жеке және командалық сында өзара мықтыны анықтады. Бұл бәсекеге классика, рапид және блиц форматында ұйымдастырылды. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған жас спортшылар зияткерлік шеберліктерін сынады. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы кубок, медаль және дипломдармен марапатталды.
Ақыл-ой аламанында облысымыздың тоғызқұмалақ шеберлері де оза шапты. Айталық, Арсен Есентай мен Ақнұр Мақсатқызы алтыннан алқа тақса, Томирис Дәулетбек күміс жүлде иеленді. Сонымен қоса, Арсен Есентай блиц түрінен де күміске қол жеткізді. Олар – Қонаев қаласындағы шахмат және үстел ойындарынан мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері.
«Осыдан екі жыл бұрын төрткүл дүние бас қосқан әлем чемпионатында да біздің мектептің оқушылары үздік шыққан. Биыл да сол көрсеткішті қайталап отырмыз», – дейді Қонаев қалалық шахмат және үстел ойындарынан мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәлімгері Ернұр Әлиакбар.
Айта кетейік, әлем чемпионаты алғаш рет 2023 жылы Алматы қаласында ұйымдастырылды. Оған 17 мемлекеттен 136 спортшы қатысқан.
Ерзат АСЫЛ
