⛅
2°C
Қонаев
Жексенбі, Желтоқсан 14, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Тәлімі мол тарлан ақын

    13.12.2025
    in Барлық жаңалықтар, Руханият
    Тәлімі мол тарлан ақын
    0
    SHARES
    6
    VIEWS

         Мен де «Ібітановтың шекпенінен шықтым» дегенді мақтанышпен айтқым келеді. Тау мінезді тарлан ақын аудандық газетте тұсауымды кесіп, ақ батасын берді. Ол енді өзінше бір әңгіме. Кейін ағамен әріптес болдым. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, Еркін Ібітановпен бірге қызмет істеген кезімде ол кісінің жұртқа жұмбақ көрінетін қыры мен сырына қаныға түстім.

    Ерекең Нарынқол аудандық «Советті шекара» (қазіргі «Хантәңірі») газеті редак­торының орынбасары еді. Мен ауыл шаруашылығы бөліміндемін. Аптасына үш рет шығатын газеттің «көмекейін» толтыру Ерекең үшін түк емес. Өзіне тиесілі материалдың бәрін, журналистік тілмен айтқанда, диктовкамен (ауызша айтып беру) жазатын. Қолында мате­риалға қатысты фактілері ғана бар. Соның өзінде қалам сілтегеннен арман көсілетін. Ақын аға кідіріссіз сөйлеп кетеді. Мәшінкеші тәтеміз, марқұм Секер Мұқасалиеваның саусақтары музыкалық аспапта ойнағандай түймелер үстінде сатырлатып жүріп береді. Ерекеңнің сөйлеу екпіні мен дауыс ырғағы бір-бірімен үндестік тауып жататын. Осындай әдіспен мақала жазатын газет редакторы Дәулет Желдікбаев, бөлім меңгерушілер – Әбітай Әденов, Рысбек Сүгірбеков болатын. Кейін осылай жұмыс істеуді біз де ақырындап үйрене бастадық. Алдыңғы буын ағалардың өнегесінен інілері мол тәлім алды.
    Өлең өлкесінде өзіндік өрнегі­мен, даралық болмысымен, ешкімге ұқса­май­тын ерекшелігімен бой көрсеткен Ерекеңді сол кезде Сәбит Мұқанов, Тайыр Жароков, Ғали Орманов, Әлжаппар Әбішев, Дихан Әбілев, Жұмағали Саин, Қажым Жұмалиев, Есмағамбет Ысмайылов, Сырбай Мәуленов, Хамит Ерғалиев, Қалижан Бекхожин,Сафуан Шаймерденов, Қуандық Шаңғытбаев, Ғафу Қайырбеков, бір сөзбен айтқанда, күл­лі қаламгерлер қауымы мойындады. Ал Еркін ақын атақ-даңқы жер жарып жатса да, сары алтындай сабырынан танбады. Жөні жоқ осқырынып, көкірек керуді білмейтін. Адамдардың шен-шекпеніне қарамайды. Бауырмал еді. Таланты мен өлеңіне малданбайтын.
    Орны бөлек Еркін ағамыздың қайран қалдыратын қасиеттері жетерлік. Газет жанрларын жетік білетін. Бас мақаладан бастап, шағын хабарларға дейін майын тамызып тұрып жазатын. Бұрыннан ол кісімен бірге істес болып келе жатқан газет қызметкерлерінің айтысына қара­ғанда, Ерекеңнің атақты өлеңдері мен кесек туындыларының басым көпшілігі газет редакторлары Әлнұр Мейірбеков, Дәулет Желдікбаевтың ықпалымен туса керек. «Еркін, алдымызда айтулы күн жақындап келеді. Сол тақырыпта қалам тартуың қажет. Алдын ала қамдана бер. Замана ағымынан шет қалмайық. Жоспарға кіргізіп қоямыз», – деп реті келгенде қолқа салып, әлсін-әлі қамшылап отыратын көрінеді. Уақыт таяғанда Ерекең: «Уәде – Құдайдың үйі» деген емес пе?! Міне, мен тапсырманы бұлжытпай орындадым», – деп жазып келген соны дүниесін қолдарына ұстатады. Ерекеңнің екі сөйлеуді жек көретінін жақсы білетін Әлекең де, Дәукең де сол кезде балаша мәз болып, ақынды ардақ тұтқан.
    Бірде оңашада ой құшағында отыр­ған Ерекеңмен кеңінен отырып әңгіме-дүкен құрудың сәті түсті. Ағамыз кеудесіне кептеліп жүрген сырларын бүкпесіз ақтарғаны әлі жадымнан кетпейді. Сонда:
    – Ераға, елдің айтып жүрген жоғары­дағы әңгімесі рас па? Ол кісілер ауыздықпен алысқан асау ақынды қалай жуасытқан? Сол жағын өз аузыңыздан естіген дұрысырақ сияқты. Бұған сіз қалай жауап берер едіңіз? – деп төтесінен қойып қалдым. Ерекең есіне бірдеңе түскендей, елжірей жымиып алды да:
    – Несі бар, мен ақиқаттан алшақ кете алмаймын. Әлекең мен Дәукеңнің табан астында тауып айтатын әділ шешіміне әркез құрметпен қараймын. Олар менің тасымның өрге домалауын қалады. Кейде осындай тапсырмалардың әдемі әсері болатынын ол кісілер жақсы біледі. Сондықтан да айт­қан ұсыныстары мен өтініштері құптауға тұрарлық. Жан-тәніммен жауапкершілік сезінемін. Жалған айтуды жаным сүймейді. Тапсырма орындалмай қалса, ертеңгі күні олар­дың беттеріне қалай қараймын? Ар мен ұяттан ада боламын ғой. Өзің де оқыған шығарсың. Айтулы күндерге байланысты қалам сілтеген өлеңдерім мен толғауларымның өзі жүректен-жүрекке жетіп жатқаны шынайы қуанышқа бөлейді. Оқырманнан жиі-жиі жылы лебіз естіп жатамын. Әлекең мен Дәукеңе алғыстан басқа айтарым жоқ. Олар мені сергек те серпінді қалпында, шабыты шау тартпай жүрсінші дейді екен ғой.
    Сол ағаларыңның арқасында Мақатаев туралы «Хантәңірі, қайдасың?» атты өлең-роман, қара сөзбен жазылған «Мен білетін Мұқағали» атты эссем, сондай-ақ «Жортуыл Жолаушиев» деген бүркеншік атпен жарияланған сериялы фельетондарым мен «Тыныштық толғауы», «Жер туралы жыр», «Түс көрдім», «Батыр жайлы баллада», «Арылу», «Жақсы күндер келеді», «Қарасаз», «Қасіретті де қасиетті ғасырым», «Тау қыранын жоқтайды», «Құмда туған құдірет», «Мұқағали көшесі», «Сырласайық, бәйбіше…» атты көптеген туындым дүниеге келді. Бұл жаңағы қойған сұрағыңа берер жауабым болмақ, – деп жайбарақат қалпымен жадыраңқы жауап қайырып, тебірене терең ойға берілді.
    Менің де көз алдымнан Еркін ақынның шығармашылығы жайлы жазылған, газет-журналдарда жария­ланған ой саларлық мақалалар мен рецензиялар бірінен соң бірі тізбектеліп өтіп жатты. Олардан басқа «Қазақ әдебиеті тарихында», 10-сыныптың «Қазақ әдебиеті» оқулығында жүруі­нің өзі ақындық атының шырқау шыңда тұрғанын көрсетпей ме?! Сол сияқты қазақ әдебиетінің классигі Әбіш Кекілбаевтың «Ханша-дария хикаясы» повесіне ақын өлеңі эпиграф етіп алынып, ажарын ашып, айдай жарқырады. Осының өзі-ақ Ібітановтың інжу-маржан жырдың иесі екенін тайға басқан таңбадай дәлелдейді.
    Ерекеңнің әдебиет айдынында артынан ерген ізбасарларына ақ пейілімен, ақжолтай тілеуімен сәт-сапар тілегені ойға орала береді. Жас толқынның сұранысына орай аудандық газет тарапынан Мұқағали Мақатаев атындағы әдебиет бірлестігін құрып, оған өзі тікелей жетекшілік жасап, қаншама жастардың қауырсын қанатын қатайтты. Олардың көбі қазір ақынның ақ батасының арқасында өлең көшінің бел ортасында жүр. Еркін Ібітановты тәлімгері әрі сапқа қосқан сардары санайды. Солай болып қала береді де.
    «Халық айтса, қалт айтпайды» деген рас. Жұрт оның туындыларын сүйіп оқиды және асыл тіркестеріне үңіліп, зейін қойып зерделейді. Сол оқырмандарының талайымен бетпе-бет, жүзбе-жүз сырластық та. Сонда олар Еркін шығармашылығында жамау-жасқаулы жаман дүниелер болмайтынын айтады. Бәрі де жақсы бағалайды. Оның сыры неде? Оған берер жауабымыз да дайын. Мәселен, Ерекең жүз ақын жырлап кеткен бір тақырыпты өзіндік жаңалығымен жан бітіріп, жаңғыртып, басқаша өрнектейді. Ол жаттандылық пен таптаурындықтан, еліктеу мен солықтаудан ат-тонын ала қашады. Әр өлеңінің ойлылыққа, сезімталдыққа, тапқырлыққа, ешкім айтып көрмеген тосындыққа, ұтымды ұйқастарға құрылуын қалайды. Құрылымы осындай детальдарды жинақтаған өлең төрт аяғынан тік тұрған, қамшы салдырмас, тайпалуды білмейтін жорғадай болмай ма?! Менің ойымша, Еркін ақынның ұстанымы – өлеңдегі ұтқырлық пен ұқыптылығы. Бұл ұстанымдар оны поэзиядағы азаматтық бағдарынан адастырмады. Оның өлең көкжиегінен жарқырап көрінуі де сондықтан.
    Бұл жерде мына бір жайды айтудың реті келіп тұрған сияқты. Ерекеңді тірі кезінде алаңдап іздеп тұратын жан досы, халықтың қастер тұтатын ақыны, аяулы Тұманбай Молдағалиев қаламгердің соңғы «Елшенбүйрек» кітабына «Қадірлі Еркін, ақын досым менің» деп алғысөз жазыпты. Соны мен өз қалпында алдарыңызға ұсынуды жөн санадым. Өйткені 2000 таралыммен шыққан кітап барша жұрттың қолына тие бермейді ғой. Онда Тұманбай ақын былай дейді:
    «Жылдардың тез өткенін қарашы. Біз жасайтын жылдар азайды. Бейқам­дық беріп жатыр сазайды. Анда-санда сені, сенің тағдырыңды есіме аламын. Анадан ақын болып туған бала едің. Бүкіл қазағыңа жақын бола алдың ба, жоқ па? Бәрі өзіңе белгілі. Өзің ойлағандай, сенің ақындығыңның күш-қуаты менің ақындығымның күш-қуатынан ар­тық болмаса, кем емес. Егер екпіндеп қиялыма ерік берсем, тең де шығармыз деп ойлаймын. Өлеңде мен жеткен атақ-дәрежеге сен жете алмадың. Жеткізбеген жаныңа, қаныңа біткен жалқаулық баяғы. Жол жүре берсең өнеді. Өнер де өршеленген сайын ашылады. Өлеңге тек он жылын мықтап берген Мұқағали ағамыз қай қияға шықты. Оны сен білесің, мен білем. Егер менің жырдағы бағым жанса, атым озса – тек ерінбей еткен еңбегімнің арқасы. Бар болғаны отыз жеті-ақ жыл өмір сүрген Пушкин өз соңына қанша мұра қалдырып кетті. «Мен аз жазсам да, саз жаздым» деуіңе де әбден болады. Егер көп жазсаң, жағаң қисайып қалмас еді ғой. Алтынкүлің де сенің ернің күбірлеп, қолың жыбырлап, өмірің қағаз үстінде көбірек өтсе, оған қуанбаса, ренжімес еді ғой, әрине. Менің осы саған айтып отырған өкпе-назым әділетсіз көңілден де шығуы мүмкін. «Маған жаратушының бергені осы-ақ» деуге де сенің хақың бар.
    Мен сенің бар жазғаныңды ұнатам. Көзім шалғанын оқымай қойған емеспін. Өлең де алдымен өлең болуы керек. Оның бойынан от жарқылдап, оның ойынан нұр төгіліп жатуы керек. Өлең адамның рухани азығы ғана бола алса – өлең. Әйтпесе, көрінген үлкен ақындардан оқығандарын қайтадан басқа сөзбен ұйқастырып, жазып жүрген өлеңшілерді оқығым да келмейді. Мен барлық ақынмын дегендердің жазғандарынан от іздеген адаммын. От тапсам жылындым, таба алмасам суындым. Өлеңге құмарлардың өлеңдері де қазір жиі-жиі шығатын болды. Менен сәт-сапар тілеп келетін жырқұмарлар қаншама. Екеумізден жасы үлкен ағалар да қартайғанда жорға шығып жүр. Мен оларға құрмет сөзін де айтпай, құрғақ құтылып кетіп жүрмін. Кейбіреуінің көңілін жықпай қолдау сөз жазғанымды оқи қалсаң, баяғы ақ көңіл құрдасыңды кешіріп қой, сен. Жұрттың бәріне мен бақыт тілейтінімді өзің бала кезден білесің ғой.
    Жазушылар одағына хатшы болып кіріскен сағатымды сені Жазушылар одағына мүшелікке алу мәселесімен бастадым. Қара нанды қақ бөліп жеген студент досым, дүниеге бір жылы келген құрдасым, ең құрығанда сенің қалтаңа КСРО Жазушылар одағының мүшесі деген бір қызыл кітапшаны өз қолымнан салғым келді. Және саған тікелей бастық екенімді мойындатқым келді. Бәрі болды. Одаққа мүше болдың. Жазушылар одағының бар жиынына қатысып жүрдің. Әрине, ол жиындардың да алғашқы сағатында отырып, қалған сағаттарында қайда жүретініңді өзің білмесең, мен қайдан білейін?
    Айтпақшы, Мұқағали ағамыз туралы жазған үлкен поэмаң «Хантәңірім, қайдасыңмен» шын жүректен құттықтаймын. Сол поэмаң арқылы сен асыл Мұқаңа аса биік ескерткіш орнаттың. Ақындығың да қатты өскен екен. Жарайсың! Жалпы Қадыр екеумізден көп үйренгеніңді көріп, қуанып қалдым. Кезінде сол поэмаң жайлы асқақтатып жазамын деп ем, өлеңнен қолым босамады. Жылдар өтер, сен жазған өлеңдердің маңдайы ашылып, біз алған сыйлықтарды да алар. Алмаса да, тағдырыңа өкпелеме. Алтынкүлдей жарды Аллам саған жазды маңдайыңа. Тұмаш пен Ерлан, Ербол, Нұрбол сияқты ұлдар мен Айнұр сияқты қызды мұрагер етті саған. Бүкіл Нарынқол, Кеген елінің ең ерке ақыны болып өмір сүріп келесің. Соған да риза бол және Қадыр мен Тұманбайдай үлкен ақындармен сырлас, мұңдас, құрдассың. Мұхит, Мұқағалиға інісің, Алтынкүлдің күнісің, Айтақындарға ірісің. Одан артық кім болайын деп ең сен? Мықты болсаң, Жамбыл атамның жасына жет. Содан кейін қайда кетсең, сонда кет. Жүрек гүлдерің – жырларың үлкен ақындар жазған жырлармен бірге өмір сүретін шығар, егер мен өлеңнен бірдеңе түсінсем. Өйткені сен де үлкен ақынсың, Еркін».
    Дәуірмен бетпе-бет келіп, сол уақыттың әрқилы кезеңдеріне ақындық жүрекпен үн қосып отырудан, халықтың атынан сөйлеуден Ерекең ешқашан қағыс қалып көрген емес. Дүбірлі дүниеде не болып жат­қанын жүрек сүзгісінен өткізіп, оны өлең өрнегімен жеткізді. Оған дәлел – «Төрт таған» деп аталатын лирика­лық поэмасы. Оның біріншісі – Азия, екіншісі – Америка, үшіншісі – Африка, төртіншісі – Еуропа. Ақынның осы поэмасын ой елегінен өткізген адам өткен ғасырдың алпысыншы жылдарындағы осы төрт тағанда халықтың басынан кешкен оқыс оқиғалар мен тағдыр тауқыметін алдыңызға ақтарыла жайып салады. Сонда ақындық зор дауыспен агрессияшыл әрекеттерді тоқтатуға, тос­қауыл қоюға азаматтық арымен араша сұрайды. Жұп-жұмыр осы поэмасында Ерекең арынды ақындығымен және сарабдал саясаткерлігімен еріксіз баурап алады. Оның «Шыңырау – шындық» атты толғаныстардан тұратын поэмасы да адамды немқұрайды қалдырмайды. Ақиқаттың ауылын іздеген адамға шырайлы шындық тұнбаларының қалқыған қаймағы мен әрін және нәрін санаңызға шындық шеңберінен шығып кетпей құйып отырады.
    Табиғатынан тарланбоз ақын атанған Еркін Ібітанов Абайды, Қасымды, Мұқағалиды поэзия дүлдүлдері деп пір тұтып келген. Оған оқырманы да куә. Ақын өміріндегі соңғы шығармалары­ның бірі – Қасым Аманжолов туралы жазылған «Дауылпаз ғасыр – дауылпаз жыр» атты дастаны. Дауылпаз жырдың сұңғыла сұңқары болған дауылпаз ақынның алдына қойған арманы асқақ еді ғой. Еркін ақын соны жеті бөлімнен тұратын поэмасында қайсар Қасым­ның тұрпатты тұлғасын сомдауда көз алдыңызға көлденең тартады.
    Дастанның «Науқас» бөлімін де ет жүрегің елжіремей оқымау мүмкін емес. Қасымның қалай ауырғаны жөнінде кезінде классик жазушы Бердібек Соқпақбаев өз шығармасына арқау еткен. Бұл жағынан Ерекең де құлашын кеңінен сермеп, шыбын жаныңызды шырқыратып жібереді.
    Аспантаулар аясында алшаң басып жүретін, тау мінезді тарлан ақын, елі мен жерінің еркесі болған Еркін Ібітановқа деген халықтың махаббаты мен сүйіспеншілігі бөлек. Тұманбай ақын айтқандай, Қадыр ақын қастер тұтқандай, «Еркін елінің үлкен ақыны» екені әлдеқашан мойындалған. 90 жасқа толып отырған аймаңдай ақынның көгілдір аспан мен Хантәңірін жалғастырып тұрған сеңгір биіктен менмұндалап көрініп тұруының өзі оның мәртебесінің мерейлі екенін көрсетеді. Ол туралы айтылар әңгімелер тізбегіне де нүкте қойылмайды. Оның өмірі өлмейтін өлеңдерінің өлшеміне айналды. Ақпа-төкпе адуынды ақынның марқасқалар тобында маңдайы жарқырап келе жатқанының өзі жыр жампозының орындалған арманы емес пе?! Мен Еркін ақынның шәкірті ретінде сөзімнің соңын асыл ағаға арнаған өлеңіммен тиянақтағым келеді.
    Жаралғанын білеміз жырдан жаның,
    Өлеңінде қазақтың тұлғаң барын.
    Ел-жұртың әлі күнге жоқтап жатыр,
    Кеудеңде кереметтей тұнған дарын.
    Жанарыңда жүретін шуақ тұнып,
    Өн бойыңа өлеңнен қуат кіріп.
    Жазғаныңды жарқылдап оқушы едің,
    Ауыл болды өзіңе тұрақтылық.
    Жұрт алдында бәлсініп сыздамадың,
    Сездің бе екен артыңда із қаларын?!
    Хантәңірге қастерлеп алып шықтың,
    Қазақтың Мұқағали – мұзбалағын.
    Аспантауда жүруші ең алшаң басып,
    Болғанменен өзіңнен ортаң қашық.
    Ақындығың олардан асып жатты,
    …Таңдайларға татитын «сорпаң» тасып.
    Биіктерден қол бұлғап ой-шынарың,
    Қазағыңның кіргізді-ау бойшыл әрін.
    Атакәсіп болғанын өзің айттың,
    Отты өлеңмен өмірін қойшылардың.
    Жан едің ғой жеріңді сағынар нақ,
    Одан басқа жоқ еді табылар бақ.
    Байынқол мен Қарасу сырласыңдай,
    Қайтушы едің қармақ сап, балық аулап.
    Өкінішті-ау, тым ерте көз ілгенің,
    Жыр жолында табанды, төзімді едің.
    Жазарларың түспеді-ау ақ қағазға,
    Сағыныш боп қалды енді әзілдерің.
    Көз алдыға елестер қалпың бәрі,
    Шабытыңның теңіздей шарқ ұрғаны.
    Озық орның бөлек қой елің үшін,
    Қастерлеп жүр шәкірттер артыңдағы.
    Жер мен көк те, қайтейік, күрсінуде,
    Хантәңір мен Аспантау сілкінуде.
    Жапырақтан жап-жасыл жас парлады,
    Ағыс басқа өзендер бүлкілінде.
    Қорытатын жыр етіп миың бәрін,
    Қара жерді пана етті құйын жаның.
    Елің үшін Еркін боп қалдың, аға,
    Тәубе дейміз осылай бұйырғанын!
    Қанат ТӘКЕБАЕВ,
    Алматы облысының
    Құрметті азаматы,
    Қазақ журналистикасының қайраткері

    Ұсынымдар

    Жаңа рекорд: Алматы облысының мемлекеттік бюджетке түсімдері 1 трлн теңгеден асты

    Жаңа рекорд: Алматы облысының мемлекеттік бюджетке түсімдері 1 трлн теңгеден асты

    2 weeks ago
    Жолдардың қысқы күтіміне 127 техника дайындалды

    Жолдардың қысқы күтіміне 127 техника дайындалды

    1 year ago
    Алматы облысында ұстаздарға қолдау жоғары

    Алматы облысында ұстаздарға қолдау жоғары

    1 year ago
    Ескерткіштер маңайы тазаланды

    Ескерткіштер маңайы тазаланды

    2 years ago
    Атқарылған жұмыстар талқыланды

    Атқарылған жұмыстар талқыланды

    1 year ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>