Әкімдіктің мәжіліс залында облыстық мәслихаттың кезекті XLІV сессиясы өтті. Отырысқа облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев, басқарма басшылары, депутаттар, онлайн режимде қала, аудан басшылары мен мәслихат төрағалары қатысты.
Сессияның күн тәртібінде қаралған алғашқы мәселе – ауызсумен қамту қызметін құнына байланысты субсидиялау. Бұл ретте баяндама жасаған облыстық энергетика және сумен жабдықтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Өмірханов биыл жаңартылған Су кодексі негізінде тұрғындар тұтынатын ауызсу құнының бір бөлігін субсидиялау тетігі көзделгенін жеткізді. «Кодекс талаптарын іске асыру мақсатында ҚР Премьер-Министрінің 2025 жылғы 2 маусымдағы №87 өкімімен субсидиялау тетігін жүзеге асыру үшін қажетті құқықтық актілердің тізбесі бекітілді. Аталған тізбеде мәслихатпен бекітілуге жататын субсидияланатын сумен қамту жүйелерінен берілетін ауызсудың 1 текше метрі үшін төлем мөлшерін айқындайтын нақты тармақ қамтылған. Қазір Су кодексінің талаптарын орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Индустрия және құрылыс министрлігі нормативтік-құқықтық актілерді қабылдады. Әдістеме негізінде облыстық энергетика және сумен жабдықтау басқармасы кешенді әлеуметтік-экономикалық талдау жүргізді. Оның нәтижесі бойынша субсидияланатын ауызсудың 1 текше метрі үшін төлем мөлшерін 107 теңге деңгейінде белгілеу ұсынылды. Бекітілген критерийлерге сәйкес, жобалық тізбеге Алматы облысының 5 елдімекені енгізілді. Бұл елдімекендердің ауызсу төлеміне мемлекеттік қолдау көрсетілетін болады. Жалпы ауызсудың құнын субсидиялау тетігі халықтың тарифтік жүктемесін төмендетуге бағытталған», – деді Су кодексі негізінде орын алып жатқан өзгерісті түсіндірген Нұрлан Өмірханұлы.
Келесі кезекте «Алматы облысының 2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу жайы қаралды. Бұл турасында есеп берген экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Асылан Ораз биылға арналған облыстық бюджеттің параметрлерін нақтылауға бірінші республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер көлемінің өзгеруі, екінші бюджеттің кіріс бөлігін артығымен орындау негіз болғанын айтты. Оның сөзінше, жыл соңына игерілмеу қаупі бар және үнемделген қаржыны қайтаруға байланысты басқармалардың өтінімдеріне талдау жасалған. Талдаудың нәтижесінде 18,1 млрд теңгеге басқармалар мен аудан, қала әкімдіктерінен өтінім түскен. Сонымен қатар игерілмеу қаупі бар қаражатты толық игеру мақсатында маңызды салаларға 23,6 млрд теңге көлемінде қаржы қайта бағытталған.
Сессияда 2026-2028 жылдарға арналған облыс бюджеті де бекітілді. Алдағы үш жылдағы шығыстардың жалпы көлемі – 2,7 триллион теңге. Оның ішінде 2026 жылға 841,7 млрд теңге бөлінбек. Бюджеттің 55 %-дан астамы әлеуметтік салаға жұмсалмақ. Білім беру саласындағы 15 нысанның күрделі жөндеуін аяқтауға 10,9 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қоса «Келешек мектептері» жобасын қолдауға да 23,7 млрд теңге бағытталған. Медициналық қызметтердің сапасын арттыру, дәрі-дәрмек, вакцина, кәсіби даярлық, арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарын қамтамасыз етуге де қаражат бөлінбек. Сонымен бірге Мәдениет үйлерін, спорт ғимараттарын, инженерлік желілерді, өзге де инфрақұрылымдарды жаңартуға қаржы қарастырылған.
Сессияда облыстың 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспарына да баса назар аударылды. Бұл ретте экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Асылан Ораз баяндама жасап, орта мерзімді кезеңге арналған аймақтың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуының негізгі бағыттарын атап өтті. «Алдағы бес жылдағы басты экономикалық міндет – жалпы өңірлік өнімнің тұрақты өсуін қамтамасыз ету. Экономика құрылымын әртараптандыру, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету мен инфрақұрылым салаларын дамыту арқылы жалпы өңірлік өнімнің жыл сайынғы өсімі 4,5–5,2% деңгейінде белгіленген. Сонымен қатар инвестициялар аймақ дамуының негізгі факторы ретінде қарастырылып, жоспар бойынша 2026 жылы 1,6 трлн теңге, 2030 жылы 3,4 трлн теңге инвестиция тарту міндеті қойылған. Қазіргі уақытта жалпы құны 6,3 трлн теңгені құрайтын 216 жобадан тұратын өңірлік инвестициялық портфель қалыптастырылған. Аталған жобалардың кезең-кезеңімен іске асырылуы жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік береді», – деді даму жоспарын таныстырған Асылан Саматұлы.
Сессияда сондай-ақ «Қонаев қаласындағы кәріздік суларды тазарту құрылыстарын жобалау, салу және пайдалану» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы» қаулы мен өзге де бірқатар мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясындағы жобаларға өзгеріс енгізу туралы шешім қабылданды. Бұған қатысты ақпарат алдын ала қаралғандықтан, депутаттар бірауыздан қолдады.
Сессияны қорытындылаған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қабылданған шешімдердің аймақтың әлеуеті мен болашақ даму стратегиясы үшін маңызды екенін атап өтті. 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспарында облыс экономикасының стратегиялық салаларына басымдық берілгенін айтты.
«Бұл – өте ауқымды жоспар. Оның аясында инвестиция тарту, индустриалдық аймақтарды дамыту, инфрақұрылым, әлеуметтік салаларда бірқатар жоба іске аспақ. Алдағы бесжылдыққа қойылған міндет зор және онда аймақтың ұзақ мерзімді даму жолы қарастырылған. Әр сала бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін барлық басқарма мен жергілікті атқарушы органдарға жоғары жауапкершілік жүктеледі», – деген аймақ басшысы сессияда маңызды шешімдер қабылдаған депутаттарға алғысын жеткізді.
Ерзат АСЫЛ




