Қонаевта спорт саласы бойынша жыл қорытындысы шығарылып, жоғары жетістікке жеткен спортшылар мен бапкерлерді шаһар басшысы Асхат Бердіханов марапаттады.
– Облыс орталығы болғаннан бері қалада спорт саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Тұрғындардың спортпен айналысуына жағдай жасалып, заманауи спорттық инфрақұрылым дамуда. Шағынаудандарға жаттығу жасауға арналған спорттық құрылғылар орнатылды. Сонымен бірге ойын алаңдары мен шағын футбол алаңдары салынуда. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Жыл басынан бері қала спортшылары республикалық және облыстық жарыстарда 111 алтын, 113 күміс және 193 қола медаль жеңіп алды. Бұл жетістік – сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің жемісі ғана емес, жаттықтырушылар мен отбасы мүшелері қолдауының нәтижесі, – деген шаһар басшысы спортшылар мен жаттықтырушыларға жаңа жетістіктер мен жарқын болашақ тіледі.
Асхат Ермекұлы панкратионнан әлем біріншілігінің қола жүлдегері және Nomad Азия чемпионатының жеңімпазы Әмина Болысбекке, мектеп командалары арасындағы шахматтан әлем чемпионатында Алматы құрамасының сапында 2-орынды еншілеген Иманғали Ақылбайға, пара армрестлингтен әлем чемпионатында жеңімпаз атанған, қол-күрестен әлем чемпионатында 2-орынға ие болған Мөлдір Серқанға, жастар арасында ММА-дан әлем чемпионы Әділжан Талғатовқа, пара армрестлингтен әлем чемпионатында бірнеше мәрте жүлдегер болған Жеңісбай Бердібаев пен Гүлмира Закуноваға, пауэрлифтингтен әлем чемпионы Айдар Тезековке, жүзуден әлем чемпионы Әмина Шынәділге, Nomad ММА-дан Азия құрлығының күміс жүлдегері Даниял Ахметовке Алғыс хат пен 70 мың теңгелік сертификат табыс етті. Сонымен қатар спортшыларды жетістікке жетелеген жаттықтырушылар да марапатталды.
Салтанатты шара соңында Қонаев қалалық Қасым Қайсенов атындағы №4 орта мектептің 4-сынып оқушысы Даниял Ахметовтің анасы Қарлығаш Ахметовамен бірауыз тілдескен едік.
– Даниял спорттың ережесіз жекпе-жек түрімен үш жасынан шұғылдана бастады. Содан бері түрлі деңгейдегі байрақты бәсекелерге қатысып жүр. Облыс чемпионы атанып, ел біріншілігінде қола жүлдеге қол жеткізді. Азия чемпионатында күміс медаль иеленіп, облыс намысын қорғап, көптеген жарыста топ жарып, жүлделі орындарды еншіледі. Он жастағы баламның осындай Азия құрлығында ел намысын қорғап, облыс көлемінде қаланың абыройын асқақтатуы оның білікті бапкері Дилшат Ибраимовтың қажырлы еңбегінің арқасы екені даусыз. Жаттықтырушысының баптауымен алдағы уақытта да биік белестерді бағындыратынына кәміл сенімдімін, – дейді жас спортшының анасы.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
Қонаев қаласы




