«Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейді ата-бабаларымыз. Желтоқсан көтерілісі, ұлт-азаттық қозғалыстар және басқа да қазақ халқының рухын оятқан ауқымды оқиғалар жайлы айтылған сайын Ақтабан шұбырынды – қазақ халқының тарихындағы ащы қасірет, Отан басына күн туған аса қайғылы кезең көз алдыма келеді. Одан кейін қазақтың басына түскен қолдан жасалған ашаршылық, 1932-нің зұлматы еске түседі. Голощекиннің қазақтың қолындағы төрт түлікті соңғы тұяғына дейін тартып алып, аштықпен қырғаны – шынымен кешірілмейтін қасіреттің бірі! Осы тұста «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деген өлең жолдары ойға оралады. Мұндай ұлт басына төнген нәубет ешқашан ұмытылмасы анық. Бұл қасіретті кейінгі ұрпақ білуі керек.
Қазақ халқын қалай аштықтан құтқарып қаламыз деп жандарын шүберекке түйіп, бастарын өлімге тіккен ХХ ғасыр басындағы «Алаш» партиясының алыптары осы жолда жандарын қиып, атылды. Тәуелсіздік алғанға дейін құрбан болған Алаш көсемдері Ахмет Байтұрсынов, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфулин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, тағы басқалары «халық жауы» деп аталып келді. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін олар Алаш көсемдері ретінде танылды. 30-жылдары орталық комитеттің саяси бюросында бірде-бір жоғары білімді адам болған жоқ. Мысалы, Сталин – орта білімді семинарист, Калинин – жұмысшы, Ворошилов – ұста, Орджоникидзе – фельдшер, Молотов политехникалық институттың екінші курсын да бітірмеген шала сауатты адам еді. Киров – сызбашы, ең төменгі кәсіптік училищесінің түлегі. Ал Микоян – семинарист, Каганович етікші болды.
Ал енді біз Алашорда көсімдеріне келсек, барлығы жоғары білімді, сол кезде шетелдерде білім алған. Әлихан Бөкейханов 1890-1894 жылдары Санкт-Петербург орман шаруашылығы институтын, Халел Досмұхамедов 1903-1909 жылдары Санкт-Петербургтағы императорлық әскери медицина академиясын, Мұстафа Шоқай 1910-1917 жылдары Санкт-Петербург университетінің заң факультетін, Садық Аманжолов 1902-1907 жылдары Қазан императорлық университетінің заң факультетін, Мұхамеджан Тынышбаев 1900-1906 жылдары Санкт-Петербургтағы Император Александр І-дің теміржол институтын, Әлімхан Ермеков 1921 жылы Томск технологиялық университетін бітірген. Мұңайтпасов, Бейтілеуов, Қазыбеков сияқты және басқа да Алаш ардақтылары 20-жылдары Германияда оқыған. Қазақ хан-сұлтандары мен билерінің, батырлары мен ержүрек ақын-жырауларының жүлгесі отарлық езгі күшейген ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезінде де үзілген жоқ. Қазақтың жаны тығырыққа тірелгенімен, рухы өшкен жоқ. Кеңес кезінде де ұлт рухы әр жерден бір атойлап, көрініп отырды. Соның бірі 1963 жылы Мəскеуде қазақ студенттерінің тұңғыш ұлттық-демократиялық бейресми ұйымы – «Жас тұлпардың» құрылуы! Басты ұйымдастырушысы – Мұрат Əуезов. Көмекшілері А.Қадыржанов, Б.Тайжанов болды. Мақсаты – бұқараның ұлттық санасын ояту, жоғарғы органдарға ұлт қатынастарына қатысты нақты ұсыныс айту.
«Жас тұлпар» ұйымы алғашқыда 800 студентті біріктірді, кейін Алматы, Ақмола, Шымкент, Ленинград, Киев, Одесса, Павлодар, Ригада жасақталып, жұмысын жалғастырды. Қарағандыда «Жас қазақ», Семейде «Тайшұбар» деп аталды. Еділ бойындағы автономиялық құрылым таратылғаннан кейін жүздеген мың неміс Қазақстанға қоныс аударған болатын. 1979 жылғы көктемде
КОКП ОК Қазақстан аумағында неміс автономиялық облысын құру туралы шешім қабылдады. Бұл қазақ халқының мүддесін аяққа басудың көрінісі еді. Қазақстан компартиясы ОК-ның екінші хатшысы А.Коркин басшылық ететін арнайы комитет құрылды. Болашақ неміс автономиясының əкімшілік орталығы Ақмола облысындағы Ерейментау қаласы деп белгіленді. Автономия құрамына Павлодар, Қарағанды, Көкшетау облыстарының бірнеше ауданы енгізілмек болды. 1979 жылғы 16-19 маусымда Целиноград жастарының наразылығы болып өтті. Олар «Қазақстан бөлінбейді», «Неміс автономиясына жол жоқ!» деген транспаранттарын көтерді. «Біз Кремльдің мұндай шешімін айыптаймыз!» деген ұраны айтылды.
Облыс басшылығы автономия құрылмайтындығын мəлімдегеннен кейін ғана наразылық білдірушілер тарады. Толқулар легі көптеген елдімекенде өтті. Партия ұйымдары, мемлекеттік қауіпсіздік қызметкерлері бұл шерулер туралы хабардың таралмауын қадағалады.
1978 жылы Қарағанды кооператив институтының кафедра меңгерушісі, «Жас тұлпар» ұйымының белді мүшесі, ұйымдастырушылардың бірі Марат Смағұлұлы Шегенов болған еді. Марат Смағұлұлы бірде мені шақырып: «Бақтығали, мен Мәскеуге сапармен барамын. Мен келгенше «Жас қазақ» газетінің жоспарын, түпнұсқасын дайында. Бастапқыда қабырға газетіндей шығарылсын, кейіннен баспадан шығарылатындай болады», – деді. Мен газет шығаруға «Жас қазақ» газетінің белді мүшесі Айдын Уахитовты және Марғұлан Нұғмановты алып, газетті дайындай бастадық. Газет өте сәтті шықты. Марат ағамыз сапардан келіп, бірнеше өзгертулерден кейін, «Жас қазақ» газетінің бірінші саны шықты. Енді газетті орналыстыру жағы қалды. Марат ағамыз ол кезде кооператив институтының партком хатшысы еді. Ол кісі маған сол кездегі экономика факультетінің деканы С.Күрлеубаевқа және институттағы кәсіподақ төрағасы Г.Достемесоваға барып, жолығу керегін айтты. Мен Г.Достемесоваға жолыққанда, ол кісі қатты ойланып қалды. Ал факультет деканы С.Күрлеубаев маған сұқтана қарап, көзілдірігін түсіріп: «Айжігітов, сен қазақша газет шығарып, институттан шығайын деп жүрсің бе?» – деп сұрады. Мен: «Жоқ», – дедім. Мен Марат Смағұлұлына барып, болған жағдайды айттым. Сәл ойланып қалды да: «Мен ректорға жолығайын», – деді. Ол кезде институт ректоры Павел Филиппович еді. Екі күннен кейін мені Марат ағамыз шақырып: «Бақтығали, газетің дайын ба, бүгін сені ректор қабылдайды. Саспа, мен де боламын», – деді.
Мен ректорға кірген кезде ішінде Марат Смағұлұлы, Г.Достемесова, С.Күрлеубаев және партком хатшысының орынбасары Л.Телғарина отырды. Менің студент екеніме қарамай, ол кісі орнынан тұрып (бойы 2 метр, алып денелі адам еді): «Ассалаумағалейкум», – деп қолын созғанда, менің кішкентай қолым көрінбей қалды. «Отыра ғой», – деп сәл жымиып, өзі орнына барып жайғасты. Жайғасып отырғаннан кейін, таза қазақша менің жағдайымды, ата-анамды, отбасымда қанша адам бар екенін, оқу үлгерімім туралы сұрады. Мен ол кісіге әкемнің қайтыс болғанын, шешемді және 7 ағайынды екендігімізді айттым. Ол кісі: «Қазақша газет керек! Өйткені біздің бухгалтерлік факультетінде 90 пайыз қазақтың ұл-қыздары оқиды. Ауылын сағынған студенттер осы газетке мақалаларын, өлеңдерін жариялап тұрады. Әке-шешесіне, бауырларына деген сағыныштарын басады», – деді. Бір кездегі Марат ағамның сөзін қайталағандай болды. Сәл үнсіздіктен кейін ректор: «Өзің ұйымдастырдың ба, жоқ әлде біреулер көмектесті ме?» – деп сұрады. Мен: «Жоқ, біз, студенттер, «Жас қазақ» газеті болу керегін шештік», – дедім. Ректор Котляров: «Мен қарсы емеспін», – деп Марат Смағұлұлына қарады. Ол кісі де: «Мен де қарсы емеспін, мен Бақтығалиға «Жас қазақ» газетінен басқа, қазақ театрын ашып, айтыс ұйымдастыру керек екенін айтып жатырмын. Жаздың күні құрылыс отрядтарымен аудандарға барған кезде, қазақша концерт ұйымдастырып, салт-дәстүрімізді насихаттау керек екенін айттым», – деді. Котляров құптады. Содан кейін газетті орналастыру жағы сөз болды. С.Күрлеубаев газетті 5-қабатқа орналастыру керек деп ұсыныс айтты. Сонда партком хатшысының орынбасары Л.Телғарина жұлып алғандай таза қазақ тілінде: «Мен қазақтың келінімін, ол кішкене газет болғанымен, «Жас қазақ»! Сондықтан да ол газет 2-қабаттағы партком бұрышына ілінуі керек», – деді. Осы оқиғадан кейін белгісіз себептермен П.Котляров жұмыстан кетті. 1979 жылдың жазында кенеттен Марат Смағұлұлы қайтыс болды, орнына Л.Телғарина партком хатшысы болып тағайындалды.
1979 жылы сәуір айының аяғында Марат ағам өзінің Қарағанды вокзалының жанындағы «Гормошка» аталып кеткен үйде тұратынын айтты. Осы үйдің бірінші қабатында дәмхана барын айтып, менің сағат 17:00 шамасында сол жерге келуімді сұрады. Мен айтылған уақытта дәмханаға келдім, келгенімде төр жақта отырған Марат ағамды көрдім. Мен ағамның бет-әлпетінен қобалжып, бір нәрсеге ренжіп отырғанын байқадым. Сәл үнсіздіктен кейін Марат аға: «Бақтығали, сен білесің бе, білмейсің бе, Целиноград облысының немістері көтеріліп жатыр. Олар өздерінің автономиялық облыс болып бөлініп, жеке республика болуын талап етуде. Сонымен қатар Қарағанды облысынан Осакаровка, Молодёжный аудандарын, Павлодар облысынан тағы бірнеше ауданы сұрап жатқан көрінеді. Қазіргі кезде зиялы қауымдарынан және өкімет мүшелерінен құрылған комиссия жұмыс жасап жатыр. Біз де әрекетсіз қалмауымыз керек. Мен Мәскеу қаласына ұшып барам. Одан кейін он күндей «Минеральные воды» курортында демаламын. Ал сен «Жас қазақ» ұйымының төрағасы ретінде КарГУ, мед пен политехникалық институт студенттерімен, керек болса, бейбітшілік шеруін ұйымдастырасың. «Неміс автономиялық республикасына қарсымыз!», «Қазақ жерінде ондай автономиялық республикалар болмауы керек!» деген плакаттар дайындайсыңдар! Жазғы еңбек семестрі басталады, сен Молодёжный ауданының Мирный кеңшарына «Атамекен» құрылыс отрядын басқарып барасың!» – деді. Бұл парткомда қаралып, шешілді.
Біз келген Мирный кеңшарында бір ғана қазақ отбасы болды. Біздің ойымызға келген бірінші сұрақ «Мына жерде қалайша қазақ концертін қоямыз?» болды. Концерттің жоспарын өзгертуге тура келді. Біз ауылдың тұрғындарын қызықтыратын нөмірлерді кіргізуіміз керек еді. Көп ойланып, «Лебединое озеро» балет көрінісін қоюды ұйғардық. Біздің отряд жігіттерден ғана құралғандықтан жігіттерге билеуге тура келді. Әрине, олар қарсыласты. Менің әрқайсысымен сөйлескеннен кейін олар билеуге келісті. Осыдан кейін киім мәселесін шештік. Мен Қарағанды қаласына барып, С.Сейфуллин атындағы облыстық драма театрының директоры, халық әртісі Қ.Сатаевқа жолықтым. Ол кісі сөзге келмей, он адамның киімін берді. Жігіттер сахнаға шыққан кезде залда отырған көрерменнің барлығы ішін ұстап, күлкіге қарық болды. Менің комиссарым Сәуле маған қарап: «Қараңызшы, залда ешкім жоқ сияқты. Залдағылар күлкіден құлап жатыр», – деді.
Осы концерттен кейін біз келесі нөмірлерімізді тек қазақ тілінде жүргіздік. Қазақтың ән-күйі, салт-дәстүрі насихатталды. Роза Бағланова орындайтын «Ах, Самара, городогын», Биғайша Тұрлинаның гитарамен айтқан сазды әуендерін, Мейрам Бәукеновтің домбырамен айтқан халық әндерін сүйіп тыңдайтын болды. Кейіннен Біржан сал мен Сараның айтысын ұйымдастырған кезде жергілікті тұрғындардың өздері де атсалысты. Сол кезде «Жас қазақ» ұйымының мүшелері болған және билеген студенттерді тізбелей кетсем, олар Орынбасар Атимов, Сайран Дәрібаев, Болат Адресов, Фарид Жұмабеков, Сапар Ғайнуллин, Айдын Уахитовтер еді.
Біз Марат ағамыз армандаған қазақ театрын ашып, кейіннен халықтық атағын алдық. Театрдың ашылуына және халық театры атағын алуға үлес қосқан халық әртісі Қ.Сатаев пен оның зайыбы, халық әртісі Қ.Аблаева болды. Құрылыс отрядтарында жүріп, қазақша концерттер қойып, әр концертті Айдын Уахитов «Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген» өлеңімен бастайтын еді. Осылайша біз Қарағанды облысының орыстанып кеткен аудан, кеңшарларында қазақша концерттер қойып, салт-дәстүрімізді насихаттадық. Қазақ газетінің редакторы өзім болғанымен редколлегия мүшелері де көп еді. Оның ішінде М.Нұғманов, А.Уахитов, Ф.Жұмабеков, О.Атимовтің есімін ерекше айта аламыз. Ал «Жас қазақ» ұйымының төрағалығында болғанымда да аталған жігіттерден бөлек, С.Дәрібаев, Б.Адресов, Ф.Жұмабеков, С.Ғайнуллин, Т.Медеров, М.Нұғманов, Ә.Ибрагимов сияқты көптеген азаматтың газетке, ұйымға сіңірген еңбегі зор. Аталған азаматтар, «Жас қазақ» ұйымының мүшелері тәуелсіз мемлекет болуға, кішкентай болса да үлестерін қосты. «Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген» деп концертімізді бастайтын Айдын, театрдың белсенді әртісі Орынбасар, театрдың суретшісі Фарид, Талас, Сапар және құрметті ұстазымыз, «Жас тұлпар» ұйымының белді мүшесі, Қарағанды облысында «Жас қазақ» ұйымының ұйымдастырушысы, жастардың ана тілін, дінін, салт-дәстүрін ұмытпай, құрметтеуіне, сақталуына үлкен үлес қосқан Марат Смағұлұлы ағамыз бүгінде ортамызда жоқ. Марқұмдар мәңгі есімізде сақталады, ұмытылмайды!
Бақтығали АЙЖІГІТОВ,
жазушы




