⛅
-15°C
Қонаев
Жұма, Қаңтар 16, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Көк туды ғарышқа көтерген

    06.01.2026
    in Барлық жаңалықтар, Руханият
    Көк туды ғарышқа көтерген
    0
    SHARES
    8
    VIEWS

          Аты әлемге әйгілі қазақ ғарышкері, Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы, авиация генерал-лейтенанты Талғат Мұсабаевтың туғанына биыл – 75 жыл. Қазақтың маңдайына біткен ел перзенті 1951 жылы 7 қаңтарда Жамбыл ауданының Қарғалы ауылында дүниеге келген. Талғат Бигелдиновтей ұшқыш болсын деп ата-анасы оның атын ырымдап Талғат қойған.

    Әкесі Амангелді Мұсабаев пен анасы Салиха Хамитқызы да майдангер болған. Әкесі спорт журналисі болып еңбек еткен. Анасы 1943 жылы Ижевск медицина институтын бітіріп, Сталинград майда-нына жіберіледі, санитарлық батальон құрамында Берлинге дейін барған. Соғыстан кейін Қарғалы ауылындағы ауруханада жұмыс істеп жүріп, қолында үш ұлы бар, әйелі қайтыс болып кеткен Амангелді Мұсабаевпен отбасын құрады. Осылайша 30 жастағы Салиха Хамитқызы әп-сәтте төрт ұлдың – Болат, Марат, Мұрат және кенжесі Талғаттың анасы атанып шыға келген. Ата-анасы туралы Талғат Мұсабаев: «Әкемнің тағдыры қиын болды. Оның әкесін, менің атам Орынтайды 1930 жылдары репрессиялаған. Ол басынан небір қиын күндерді өткізді. «Халық жауының ұлы» деген айдардың ауыртпалығын көтерді, жарынан айырылды, тіпті журналистік мансабында да көп әділетсіздікке төзуге тура келді. Бірақ әкем еш мойыған жоқ. Ол үш баласын бауырына басып, төртінші ұлына ана болған әйелді кездестіріп, үлкен бақытқа кенелді. Кейін Орынтай атамыз да ақталып шықты», – деген 2024 жылы «ҚазАқпарат» агенттігіне берген сұхбатында.
    Үш жасында өз атының не себепті Талғат қойылғанын білген ол ұшқыш болуды армандап, балалық шағынан авиацияға қызыққан. Адам баласы алғаш рет ғарышқа ұшқан 1961 жылдан бастап жеті қат көкке аңсары ауған. Мектепте оқыған жылдарында Талғат жеңіл атлетика, жүзу, футбол, бокс сияқты спорт түрлерімен айналысқан, бірақ ерекше ден қойғаны спорттық гимнас­тика болыпты. Алматыдағы Орталық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығып, 10-сыныпта КСРО спорт шеберлігіне кандидат бағдарламасы бойынша өнер көрсетеді. Сонымен қатар Алматыдағы жас техниктер стансасында әуе модельдерін құрастырып, авиациялық модельдеу бойынша спорттың бірінші разрядын алады.
    Оқушы Талғат Алматы қаласындағы №58 орта мектепті үздік бітірген соң 1968 жылы Рига азаматтық авиация инженерлері институтына түсіп, оны 1977 жылы «радиоэлектрондық жабдықтар» мамандығы бойынша аяқтайды. Одан соң Боралдай азаматтық авиация отрядында радио жабдықтар инженері болып жұмыс істейді, Алматыдағы «ДОСААФ» әуе клубында әуе спортымен айналысады. 1978 жылы ол алғашқы жеке әуе рейсін орындайды. 1982 жылы қазақ жастары арасынан тұңғыш болып, КСРО-ның жоғары пилотаждан спорт шебері атанады, ал 1983-1984 жылдары командалық есепте КСРО чемпионы болады. 1989 жылы Мәскеу маңындағы Авиация ұшқыш-сынақшылар орталығын, 1993 жылы сол кездегі Ақтөбедегі жоғары ұшқыштар учили­щесін, қазіргі Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери инс­титутында білім алады. Қазақ азаматтық авиация басқар­масында нұсқаушы, аға нұсқаушы болып еңбек еткен.
    Ғарышкер болуға шындап бел шешкен орда бұзар жастағы Талғат Амангелдіұлы 1986 жылы қазақстандық ғарышкерді ұшыру бағдарламасы аясында медициналық комиссиядан өте бастайды, бірақ ол жоба жалғасын таппайды. Сол жылы 30-оқу-жаттығу авиациялық отрядын аяқтап, азаматтық авиация ұшқышы куәлігін алады. 1987 жылдан Ан-2 ұшағының екінші ұшқышы, ал 1989 жылдан командирі болып қызмет ете береді. Сол аралықта қайтадан медициналық тексеруден өтіп, арнайы дайындыққа рұқсат алады. 1990 жылдың мамырында ғарышкерлер құрамына ұсынылады. Сол жылдың қазанында Ғарышкерлерді даярлау орталығына жіберіліп, жалпы ғарыш­­тық дайындыққа кіріскен. 1991 жы­лы наурызда «ғарышкер-сынақ­шы» кандидаты лауазымына бекітіледі.
    1991 жылы «Қазақ бағдарламасы» аясында ғарышқа ұшу үшін дайын­далады, бірақ қаржы үнемдеу мақсатында ұшу тоқтатылып, экипаж таратылады. Қыркүйекте жалпы дайындықты аяқтап, оған «ғарышкер-сынақшы» біліктілігі беріледі. Сол жылғы 1 қыркүйекте ғарыштық комиссия шешімімен ол ғарышкер-сынаушы қызметіне тағайын­далады. 1991–1993 жылдары «Мир» орбиталық кешені бағдарламасы бойынша ғарышкерлер тобында дайындықтан өтеді. 1994 жылғы ақпан-маусым айларында «Мир» орбиталық кешенінің 16-экспедициясы бағдарламасы бойынша негізгі экипаждың бортинженері ретінде, сондай-ақ Қазақстанның «Полёт» бағдарламасы бойынша ұшуға дайындалады.
    Талғат Мұсабаев жалпы үш рет ғарыш сапарын жасап, екі рет «Мир» орбиталық стансасында және бір рет Халықаралық ғарыш стансасында (ХҒС) болған. Оның бірінші ұшуы 1994 жылғы 1 шілдеден 4 қарашаға дейін созылады. Онда «Союз ТМ-19» кемесінің және «Мир» орбиталық кешенінің бортинженері ретінде ЭО-16 бағдарламасы бойынша алғашқы ғарышқа сапарын жасаған. Ұшу барысында екі рет ашық ғарышқа шықты. Ұшу ұзақтығы 125 тәулік 22 сағат 53 минут 36 секунд болды.
    Талғат Мұсабаев өзінің алғашқы ашық ғарышқа шығуы туралы естелігінде: «Мен ғарыштан Жердің сұлулығына таңғалдым. Ол жанның арбаушы көгілдір жарығын шашып тұрды. Қорқыныш сезімі орбиталық стансаның люгін ашқан сәтте таңданысқа ауысты: «О, менің Қазақстаным!» Таңғаларлығы, менің алғашқы ашық ғарышқа шығуым дәл «Мир» стансасы туған жерімнің үстінен ұшып өткен сәтке тұспа-тұс келді. Әрине, ғарышта бүкіл Жер – туғаным. Бірақ таныс таулардың, көлдердің бейнесін және шексіз қазақ даласын көргенде, мен оның белгі екенін түсіндім. Бұл – қазақ жерінің ұлына берілген батасы еді. Ашық ғарышқа шыққан алғашқы қазаққа берілген бата еді», – деген.
    Ал алғашқы ғарыш сапарынан оралған сәтін өзі былайша еске алып: «Біз Арқалықтан алыс емес жерге, қаладан солтүстік-шығысқа қарай 77 шақырым қашықтықта қондық. Иллюминатордан алғаш көрген бейне – күзгі даламен келе жатқан Президент болды. Капсула жанында бізді күтіп тұрған Нұрсұлтан Әбішұлының көзіндегі ағалық жылуы менің өмірімдегі ең керемет сәттердің бірі ретінде есте қалыпты. Жерге қону қиындық туғызды, себебі жел қатты болатын. Жерге алғаш рет өте қатты соғылдық, серпіліп барып, люкпен тағы соғылдық, серпілдік те, табанымен жерге дүңк етіп қондық. Рациямен бізге қауіпсіздік белдіктерін ағытуды тапсырды. Бірақ біз орындықтардан ешқайсымыз тұра алмадық. Гравитациядан әбден айығып қалыппыз. Бір тонна салмақты көтеру керек сияқты болды. Ентігіп, күшеніп, әйтеуір сыртқа өзіміз шықтық. Жерге қайтып оралғаныма қуанып, оның үстіне Президенттің өзі жеке күтіп алғанын көріп, бақыттан басым айналып, аяққа тік тұрыппын. Барлықтарының көзі шарасынан шығып кете жаздады. Себебі олай жасауға болмайды. Әдетте, ғарышкерлер Жерге қонғанда, капсуладан оларды қолдарынан сүйретіп шығарады да, көтеріп алып кетеді. Мен болсам, аяққа тік тұрып, Президентке ұшырылым сәтті аяқталғаны туралы мемлекеттік тілде баяндап бердім. Ол мені жылы құшақтап, алғысын жеткізді. Эйфория деп осыны айт. Кейін барлық ұшырылым барысында мен өз аяғыма тұрып, өзім баратын болдым. Бұл менің принципім болды. Себебі Президент мені жеке өзі күтіп алатын, ал Президентті тек тік тұрып қарсы алу керек», – деген 2016 жылы ғарыш тақырыбында Астанада өткен халықаралық семинарда Талғат Мұсабаев.
    Талғат Мұсабаев ғарышқа Қазақстан Туын алғаш рет алып шықты және орби­таға Құранды жеткізген жалғыз ­ғары­ш­кер болды. Ол сонымен қатар әр сапарында Байқоңырдан бір уыс топырақ ала кететін еді.
    Ғарышқа екінші сапарында Талғат Мұсабаев «Союз ТМ-27» кемесінің және «Мир» орбиталық кешенінің командирі қызметін атқарады. Ұшу 1998 жылғы 29 қаңтарда басталып, 25 тамызда аяқталады. Бұл сапар кезінде бортинженер Николай Бударин және ғарышкер-зерттеуші Юрий Батуринмен бірге «Бейбітшілік жалауы» халықаралық қоғамдық ғылыми-ағарту­шылық ғарыш жобасына қатысады. Сол сапарда бес рет ашық ғарышқа шыққан. Сол кезде, яғни 1998 жылғы 2 маусымда  АҚШ-та «Спейс шаттл» бағдарламасы бойынша MTKK «Дискавери» кемесінің ғарыш сапары да басталады. Ол Флорида штатындағы Кеннеди ғарыш орталығынан ұшады. Бұл – «Мир -Шаттл» бағдарламасы бойынша «Мир» орбиталық кешеніне жасалған соңғы сапар еді. 1998 жылғы 12 маусымда STS-91 экипажының астронавтары мен «Мир-ЭО-25» ғарышкерлері «Мир» станса­сының орталық модулінде кездесіп, соңғы «Мир» миссиясы кезінде естелік суретке түседі. Қос экипаж Жерден әкелінген «Бейбітшілік жалауларымен» алмасады.
    Бұл сапар оның ғарышқа ең ұзақ ұшуы болған. Сонда ол Ресей мен АҚШ арасындағы ынтымақтастық туралы келісім бойынша халықаралық экипаж командирі болып тағайындалады. Бұл жөнінде бір сұхбатында былай деген: «Бұл шынымен де ғарыштық одиссея болды. Біз «Мир» орбиталық кешенінде 25-негізгі экспедиция бағдарламасы, «НАСА-7» бағдарламасы және француз­дық «Пегас» бағдарламасы бойынша жұмыс істедік. Ғарыштағы 208 тәулік ішінде бірнеше ресейлік және америкалық кемені қабылдадық. Біз Ресей, АҚШ, Германия, Франция, Жапонияның елеулі ғылыми бағдарламаларын орындадық. Қазақстандық ғылыми тәжірибелер бағдарламасын толықтай жүзеге асырдық. Мен командир ретінде ондағы барлық адам үшін жауапты болдым. Осы экспедиция барысында бортинженер Николай Бударинмен бірге ұзақтығы 30 сағат 08 минут болатын ашық ғарышқа бес рет шықтық. Ол Гиннес рекордтар кітабына енгізілді», – деген Талғат Мұсабаев одан әрі: «Бұл сапар мен үшін көптеген жарқын сәттермен есімде қалды. Астананың таныстырылымына қатыстым. Бұл сәт әлі көз алдымда. Жер бейнесі көрінді: Астана, стадион мінбесі, айнала толы халық. Кадрда Нұрсұлтан Назарбаевтың қатты толқып тұрғандығы сезілді. Ол әрине түсінікті жағдай, мемлекеттің жаңа астанасының тұсаукесері. Өзімді бақытты жандардың бірімін деп санаймын. Әлемде ғарышта жүріп, өз мемлекетінің астанасының тұсаукесеріне, жердегі өз халқының мерекесіне қатысқан ғарышкер болмаған. Бірқатар елдің ғылым бағдарламаларын орындай отырып, ғарышта жұмыс істеу, сонымен бірге маңызды саяси миссияны орындау жағынан менің жолым болды. Қалай толқығанымды өзім де байқамадым, кейін естідім, көзімнен жас шыққаны көрініп тұрыпты. Өздеріңіз түсінесіздер ғой, мұндай сенімді арқалау оңай емес. Біз Николай Бударин екеуміз Президентті, барлық қазақстандықтарды құттықтадық. Ғарыштан астананы қалай көріп тұрғанымызды, оның келешекте дамуы туралы өз ойымызды айттық. Бұл тілегіміз қабыл болды. Жерге қонуымыз да ойдағыдай сәтті өтті», – деп сөзін түйіндейді.
    Құрамында Мұсабаев, Бударин, Батурин болған экипаж жерге 1998 жылы 25 тамызда оралды. Ғарыш стансасындағы экипаж бен Елорда арасындағы телекөпірде Талғат Мұсабаев пен Нұрлан Өнербаев Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін шырқағаны есімізде. Талғат Мұсабаев кейінгі сұхбаттарында бұл телесеансты тіпті америкалықтардың да көріп, тамсанғанын айтқан.
    Талғат Мұсабаевтың үшінші ғарыш сапары қысқа болып, шамамен 8 күнге созылады. Ол 2001 жылғы 28 сәуірде басталып, 6 мамырда аяқталды. Бұл жолы ол «Союз ТМ-32» кемесінің командирі болған. Сол сапарда Талғат Мұсабаев және оның экипажы ғарыш туризмінің дәуірін ашты. Экипаж құрамында алғашқы ғарыш турисі – америкалық миллионер Деннис Тито болған.
    Талғат Мұсабаев – ғарыш әлемінде жалпы ғұмырының 1 жылға жуық уақы­тын, яғни 342 күнін өткізген тұңғыш қазақ. Алғашқы сапарында 126 күн, екіншісінде 208 күн болған. Гиннестің үздік табыстар кітабына бір айдың ішінде 5 рет, барлығы 30 сағат 8 минут ашық ғарышқа шыққаны рекорд ретінде айшықталып жазылған. Талғат Мұсабаев ғарышқа алғаш самғаған кезде Қазақстан азаматы болғанымен, Ресей Федерациясының әскери қызметкері болып есептелген. Мұндай шешімді екі елдің сол кездегі Президенттері қабылдаған екен. Алайда ол 1998 жылы ғарышқа Ресей азаматы ретінде ұшуға мәжбүр болады. Өйткені Талғат Мұсабаев бұл жолғы сапарында экипаж командирі болуға міндетті еді. Себебі Ресейдегі «Ғарыш туралы» Заңға сәйкес экипаж командирі Ресей азаматы ғана бола алады делінген. Сөйтіп оның алдында таңдау тұрады. Баспасөзге берген сұхбатында ол Қазақстан азаматтығын Ресей азаматтығымен алмастырудың қиын болғанын айтқан.
    Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Қазақстан жолы» кіта­бында: «Ол ғарыштағы жұмы­сын жалғастыру үшін Ресей азаматы болуға тура келді. 1994 жылы Т.Мұсабаев борт­ин­женер ретінде ғарышта жарты­жылдық зерттеу жұмысын жасап қайтқаннан кейін, ол ресейлік ғарыш­кер Юрий Маленченкомен бірге Ресей және Қазақстанның ең жоғарғы марапатымен марапатталды. Екінші рет ғарышқа самғар алдында менімен ақылдасты. Ол экипаж командирі болуды қалады. Бірақ бұл үшін ол РФ «Ғарыш туралы» Заңына орай Ресей азаматтығын қабылдауы тиіс еді. Оның алғашқы ұшуы кезінде жасаған ғылыми эксперименттерін жалғастыру қажет болды. Аргументтер аз емес-тұғын. Алайда Талғатты азаматтығын ауыстырудың этикалық сәттері қинады. Мен оның сол күдіктерін жоюға тырыс­тым. «Сен қазақсың және қазақ болып қала бересің. Ал Қазақстанның ғарыштық бағдарламасын жүзеге асыру үшін бұл шартқа да мойынсұнуға тура келеді» дедім», – делінген.
    Талғат Мұсабаев ғарышқа жол тартқан соңғы екі сапарында да Ресей азаматы ретінде және Ресей ғарышкерлерінің құрамында ұшты. Ол Қазақстан азамат­тығын кейінгі жылдары қайта алған. Талғат Мұсабаев қазақтың 2-нші, ал әлемнің 309-ыншы ғарышкері.
    Танымал саясаткер, мемлекет қайрат­кері Серік Әбдірахмановтың жазбасында оның тағы бір қыры ашыла түседі.
    «1985 жылдың күзінде «Ленин­шіл жас» газетінде Талғат Мұсабаев туралы мақала жарық көрді. Сол жерден оның КСРО-ның жоғары пилотаж бойынша екі дүркін чемпионы екенін және аты аңызға айналған екі мәрте Кеңес одағының Батыры, ұшқыш Талғат Жақыпбекұлы Бигелдиновтің құрметіне есімі қойылғанын білдім. Сол кезде мен Қазақстан ЛКЖО ОК-нің бірінші хатшысы болып жұмыс істейтінмін және қазақтан ғарышкер болуға лайықты үміткер табуды армандаушы едім. Бұл идеяны маған кездесулер кезінде ғарышкер достарым талай айтқан. Мақаланы оқып шыққан соң көмекшілеріме Мұсабаевты табуды тапсырдым. Көп ұзамай Талғат менің кабинетіме келді. Ол маған әскери тәртіппен тік тұрып: «Сіздің бұйрығыңыз бойынша келдім», – деді. Айтпақшы, Талғат генерал-лейтенант шеніндегі тәжірибелі ғарышкер болған шағында да маған деген осы құрметін сақтады. Сол кезде-ақ оның сұңғақ бойлы, жігерлі тұлғасын көріп, көз алдымда болашақта Отан үшін ерлік жасап, халқын даңққа бөлейтін ғарышкер тұрғанына сенімді болдым», – дейді.
    Серік Әбдірахмановтың айтуын­ша, Дінмұхамед Қонаев Талғат Мұсабаев­тың кандидатурасын бірден қолдап, Мәскеудегі Ғарышкерлерді даярлау орталығына хат жолдапты. Орталықтың жауабы жедел әрі оң болса да, Талғат Мұсабаевты бірден бекітпепті. Қолдан кедергілер жасалып, кезінде ол сынаған шенділер оның жолына тосқауыл болуға да тырысқан. Жалпы, Мұсабаевтың тік мінезді адам болғаны белгілі. Сонымен қатар ол өз ұлтын шексіз сүйетін халқының адал перзенті еді. Бұл турасында Талғат өмірден озғанда спорт журналистикасының ардагері, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіп Жүнісбайұлы егіле былайша толғанған еді: «Ол елін, ұлтын құлай сүйетін.  Космос кеңістігінде болғандағы әңгімесін айта отырып, былай деген: «Біз жер шарын шамамен 1  сағат 30 минутта бір айналып шығамыз.  Сонда деймін, Еуропаның кейбір елін 1-2 минутта өте шықсақ, Қазақстанның үстімен 7 минутқа таяу ұшамыз».  Осы сөздердің өзінде туған жерге деген қаншалықты махаббат, қаншалықты мақтаныш жатыр?!
    Талғат мейірімді еді. «Менің бұл жетістіктерімді әкем көре алмай кетті» деп жылап алатын.  «Талғатжан, күйзелме, сенің ерліктерің әкеңе космос арқылы жетеді!» – деп жұбататынмын.  Достыққа адал еді.
    …Ұлы қазақ дүниеден өтті!  Кеңес одағының да, Қазақстанның да ең жоғары атақтарын алғанымен, Талғат өз ерлік, еңбектеріне лайық ел бағасын алған жоқ!  Оның космостағы бір ғана күні бүкіл халық болып тік тұрып, қол соғуға лайық еді. Ал, оның ашық космостағы бір ғана секунды тұтас ұлттың атын космос кеңістігіне алтын әріптермен жазған еді».
    Талғат Мұсабаев ғарышкерлік мансабын аяқтаған соң Қазақстанның авиация және ғарыш саласында жоғары лауазымдарда қызмет етті. Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы ретінде «Қазғарыштың» дамуына, жастарды оқыту мен жаңа технологияларды енгізуге зор үлес қосты. Ғарыш саласында ғылыми еңбектер жазған техника ғылымдарының докторы ретінде жоғары оқу орындарында дәріс берді. Үш мәрте ғарышты бағындырған, ашық космосқа шығып, айтулы ерлігімен еліміздің атын әлемге танытқан батыр тұлға отандық аэроғарыш саласын дамытуға бар күш-жігерін жұмсап, еселі еңбек етті. Сенат депутаты және қоғам қайраткері ретінде де көптеген игі іске бастамашы болды. Кәсіби біліктілігімен, айнала­сына сыйлы азаматтық қалпымен халықтың құрметіне бөленген Талғат Амангелдіұлының ерлігі мен еңбегі ұрпаққа үлгі. Өткен жылы тамыз айында өмірден өткен ғарышкердің артында отбасы қалды. Өмірлік жары Виктория Лацис – тіс дәрігері, ұлы Данияр – әскери маман, ал қызы Кәмилә – психолог. Соңында ұрпағы, халқы барда батырдың есімі мәңгі асқақтай берері сөзсіз.

    Серік Сатыбалдиев

    Ұсынымдар

    ІЛЕ АУДАНЫНДА 180 БАЛАҒА МЕКТЕП СӨМКЕСІ ТАБЫС ЕТІЛДІ

    ІЛЕ АУДАНЫНДА 180 БАЛАҒА МЕКТЕП СӨМКЕСІ ТАБЫС ЕТІЛДІ

    4 months ago
    “Үркер-2023” ұлттық сыйлығының жеңімпаздары марапатталды

    “Үркер-2023” ұлттық сыйлығының жеңімпаздары марапатталды

    2 years ago
    Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Қонаев қаласына арнаған құттықтауы

    Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Қонаев қаласына арнаған құттықтауы

    3 years ago
    Суреттер сыр шертеді

    Суреттер сыр шертеді

    7 months ago
    Өндіріс – ел экономикасының қозғаушы күші

    Өндіріс – ел экономикасының қозғаушы күші

    3 years ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>