Перейти к содержимому
Главная страница » Ел алдындағы есеп

Ел алдындағы есеп

Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов Іргелі ауылдық округі тұрғындары алдында есеп берді. Ауылдық Мәдениет үйінде өткен жиынға жұртшылық көп жиналды. Күткендегідей, көптеген сұрақ қойылды. Осыған байланысты кездесу сәл ұзаққа созылды. Деген­мен, Жасұлан Тоққожаұлы барлық сұраққа жауап беріп, қажет бол­ған жағдайда округ әкімі Арман Камалбекке, прокуратура, полиция өкілдеріне және тиісті мекеме қызметкерлеріне нақты тапсыр­малар жүктеді.

Оның баяндамасында атап өтіл­ген­дей, округ – халық тығыз қоныс­танған аймақтардың бірі. Бұған мына дерек дәлел – Іргелі, Кемертоған, Көксай елдімекендері мен алты бау-бақша серіктестіктерінде барлығы 44 178 адам тұрады.
2025 жылы округ бойынша бюд­жетке 1878,5 млн теңге салық (100,5%) түсті. Биыл салық түсімдерін 2200,5 млн теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда.
Салық базасын кеңейтуге және округтің әлеуметтік-экономикалық дамуына бес өндірістік кәсіпорын елеулі үлес қосуда. Олар 470 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Атап айтқанда, «Алтын жұлдыз» тігін фабрикасы, «Медин» фарма­цевтикалық компаниясы, «Tengri milk» компаниясының ешкі және сиыр сүтін өңдеу зауыты, «Көксай кірпіш зауыты» ЖШС және жарма өнімдерін қаптап, сатумен айналысатын «Айдони» ЖШС. Көксай ауылында алюминий өндіретін зауыт салып жатқан «KAZRUSMETALL» компаниясының жобасына да үлкен үміт артылуда. Оның бірінші кезеңі 2025 жылы іске қосылды, ал екінші кезеңін биылғы жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар округте 7734 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді, оларда 12 787 адам еңбек етеді. Бизнесті қолдау шаралары аясында тоғыз азамат мемлекеттік грант алды. Олар кондитерлік өнімдер пісіру, тігін цехын дамыту, жиһаз өндіру, ерекше қажеттіліктері бар балалар мен оқушыларға арналған киім тігу, мұздатылған жартылай фабрикаттар, стендтер, дұрыс тамақтану өнімдерін шығару және клининг қызметін дамыту бағыттарын қамтиды.
«Ауыл аманаты» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы бойынша округте жалпы сомасы 80,3 млн теңгені құрайтын тоғыз жобаға қолдау көрсетілді.
Пайдаланылмай жатқан жерлерді анық­тау жұмыстары жүргізілуде. Олардың жалпы көлемі – 844 гектар, оның ішінде 61 гектары қайта игерілуде. Қалған жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, айналымға енгізу қажет.
Білім беру саласында жеті мектеп бар (төртеуі – мемлекеттік, үшеуі – жеке­­меншік), ал денсаулық сақтау сала­­сында үш дәрігерлік амбулатория және бір фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс істейді. Барлығы 111 медицина қызметкері халыққа қызмет көрсетеді.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «NOVA INVEST» ЖШС-мен бірлесіп, 2025 жылы Көктоған және Ақсеңгір ауылдарында, ал 2026 жылы Көкөзек пен Кемертоғанда отбасылық денсаулық орталықтары ашылды.
2025 жылы аудан бойынша бес балалар және спорт алаңы мен бір шағын футбол алаңы пайдалануға берілді. Оның бірі Іргелі ауылындағы Тұмар көшесінде орналасқан. Биыл Кемертоған ауылындағы Наурыз көшесінде Street Workout алаңы салынбақ. Құрылыс мамыр айында басталады.
Кемертоған ауылында су жүйесін салу мен жаңғыртудың бірінші кезеңі басталды. 2026 жылы бұл мақсатқа 1,4 млрд теңге бөлінді. Жобаның жалпы құны – 4,8 млрд теңге. 2025 жылы округтің үш елдімекенінде 27 көше (24,4 км) жөнделді. Маусым айында Іргелі ауылындағы төрт көшеде жол жөндеу жұмыстары басталады.
Кездесу барысында мектептердегі орын тапшылығы, Мәдениет үйіндегі бөлмелердің жетіспеуі, балалар алаң­дарын, жол, жарық, қоғамдық нысандар салу мәселелері көтерілді. Сонымен қатар тұрғындар заңсыз құрылыс, жол сапасы, электр энер­гиясының жиі өшуі, газ қысы­мы­ның төмендігі, қауіпсіздік және көлік қозғалысы мәселелерін де айтты.
Аудан әкімі барлық мәселені заң аясында, жүйелі түрде шешу қажет екенін атап өтті. Тиісті сала басшылары мен округ әкіміне нақты тапсырмалар берілді.

Қуат Қайранбаев

Қарасай ауданы