Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Газетке жазылған әңгіме ой қозғайды …

Газетке жазылған әңгіме ой қозғайды …

43 қаралым

       «Алатау арайы» газетінің 27 тамызда шыққан санында «Туған жерін түлеткен» деген тақырыпта Советбек Дүйсенбаев інімнің мақаласын оқыдым. Жайдақбұлақ ауылының тұрғыны, бүгінде жасы тоқсаннан асқан еңбек ардагері Бірімқұл Жусанбекұлы туралы газетке жазғаны өте орынды.

Облыс әкімінің шешімімен Нарынқол ауданында көп жыл ірі шаруашылықтарды басқарып, жетістікке жеткен білікті басшы Кәкен Есмолдаев 1976 жылы Тоғызбұлақ кеңшарының  төрағасы болып сайланды. Сол жылдары кеңшарда 40 мыңнан аса қой, 1,5 мыңнан аса сиыр, 300-ден аса жылқы, 200-ден аса мініс аттары болды. Әкем Көшербай  кеңшарда қой бағып, атақты шопан атанды. Қарқара жайлауында жылда болатын малшылар слётіне қатысып, жылда бағалы сыйлық пен орден, медаль, мадақтама қағаздар алатын. Кеңшар мен ферма бастығының келісімімен әкем Көшербайды Жайдақбұлақ фермасына жылқы бағуға жіберді. Бас жылқышы болып, мал басын көбейтіп, әр жыл сайын бие сауғызып, қымыз өткізуден көптеген жетістікке жетіп, марапат алды.

Қырғыз елімен шекаралас Жасыбай көлі жайлауына жылда бірінші болып көшіп барады. Шешем Қаншайым жылда екі ай бие байлап, зауытқа қымыз өткізетін. Әке-шешем зейнетке шыққанша осында жұмыс істеді. Кеген ауданын 9 жыл басқарған бірінші хатшы Ү. Нұрғазиевпен бірге Ұзынбұлақ асыл тұқымды қой совхозының директоры Еңбек Ері І. Жұмағұловты Қырғыз республикасымен шегаралас Жасыбай көліндегі бие байлап отырған көк жайлауға қонаққа шақырып, тай сойып, екі күн Жасыбай көлдерін атпен аралатып қонақ жасап, жаңа жасалған жол мен жайлауды әкем аралатып көрсетті. Қазір сол жер Жасыбай көлі жайлауындағы «Көшербайдың тай сойып, аудан әкімін шақырған қонысы» деп аталады. Тоғызбұлақ аулындағы клубта колхоз бастығы бастаған мамандар зейнет жасына келген әкем Көшербайға ат мінгізіп, үстіне шекпен жауып, құрмет-қошаметпен дербес зейнетке шығарды.                                                                     

   «Жасыбай көліне дейін жол салғызсаң мұрнымды кесіп берейін»  – деген  Көшербай әкемнің әзіл-қалжың айтқан сөзі, колхоз төрағасы К. Есмолдаевқа,  қиындыққа қарамай жол салған Бірімқұл, Досан ағаларымызға да себепкер болды деп ойлаймын… Жасыбай көлінің сары күйік бетеге шөбін жеген малдар, бір-екі күн тұз жемесе, тұзсырап қорадан шықпайды, малға тұз жеткізу қиын болатын. Екіашадан тұзды өгізбен, атпен артып, бір күн жол жүріп малшылар қатты қиналатын. Қыстаудан көктеуге, жайлауға көшу малшылар үшін өте қиынның-қиыны болды. Машина орта жайлау Екіашаға дейін апарады, одан ары қарай өгізбен, атпен арнайы адамдар бір күн жол жүріп, көшіп баратын қойшылар үшін де өте қиын болды. Екіаша жайлауынан малшылар керекті заттарын, жүктерін ат, өгізге артып, әрең өтетін қия жерлері көп еді. Колхозға еңбегі сіңген малшылармен ақылдаса келіп, колхоз бастығының басшылығымен жайлауға жол салған  Жусанбеков Бірімқұл мен Заманбеков Досан ағаларымыз  – «Е –100, ДТ –75» тракторларымен жол салып, малшылардың алғысын алған азаматтар.  Бірімқұл ағамыз  1964 жылы алғашқылардың бірі болып,  Жайдақбұлақ ауылына көшіп барып,  ауыл тұрғындарына үй салу құрылыстарына және мектеп салуға белсене араласты. Кішкене Жайдақбұлақ ауылына еңбегі сіңген, жасы үлкен ақсақал Бірімқұл аға мен Шақан жеңгеміз екеуі бала-шаға, немерелердің ортасында бақытқа бөленген жандар. Жайдақбұлақ аулының абыз ақсақалы жастарға, тұрғындарға ақылшы ата-апа  болып, ауылдағы ел-жұрты сыйлайды. «Туған жерін түлеткен» колхозға еңбек сіңірген 91 жасқа келген Бірімқұл ағамыз бен Шақан  жеңгемізге Алла тағала денсаулық, күш қуат беріп, немере-шөберелердің қызығын көріп, ауыл жастарына ақылшы, тілекші болсын!                                                           

 Әсет АЛЖАНБАЙ

Ащыбұлақ ауылы

Еңбекшіқазақ ауданы

↑