Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Алматы облысында білім мекемесінің жанына  200 көшет отырғызылды

Алматы облысында білім мекемесінің жанына  200 көшет отырғызылды

71 қаралым

    Қарасай ауданына қарасты Елтай ауылында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында және Республика күніне орай көгалдандыру бойынша ауқымды экологиялық акция өтті. Іс-шара «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған мектеп аумағында ұйымдастырылды. Акцияға «KT&G Kazakhstan» ЖШС басшылығы демеушілік жасады.

    Сол күні мемлекеттік органдардың, бизнес өкілдерінің, жастардың және ауылдық округтің белсенді тұрғындарының бірлескен күш-жігерінің арқасында жеміс ағаштарының 200 көшеті отырғызылды. Оның ішінде алма, алмұрт, шие және өрік ағаштарының әрқайсысынан 50 түптен егілді. Осылайша, бизнес өкілдері мектеп ұжымына да, барша ауыл тұрғындарына да үлкен сый жасады.

    Экологиялық акцияның салтанатты бөлімін аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбек ашты. Ол бұл іс-шараның және жалпы «Таза Қазақстан» бағдарламасының айрықша маңыздылығына тоқталып, ауылдық округтің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «KT&G Kazakhstan» компаниясының басшылығына алғыс білдірді.

    Сондай-ақ компанияның бас директоры әрі зауыт басқарушысы Юн Дэ Бин мырза сөз сөйледі. Ол «KT&G Kazakhstan» компаниясы өзі орналасқан аумақ алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті  мойнына алғанын және осы өңірдің өркендеуіне әрдайым қолдан келгенше үлес қосуға дайын екенін атап өтті.

    Бұдан бөлек, ол компанияның экологиялық қызметіне қысқаша шолу жасады. Оңтүстік Кореяның KT&G корпорациясы мен оның еншілес кәсіпорны — «KT&G Kazakhstan» ЖШС экологиялық жауапкершілік қағидаттарын өз қызметіне белсенді түрде енгізіп отырғаны айтылды. Әсіресе компанияның Семей өңіріндегі жойқын орман өрттерінің зардаптарын жоюға бағытталған Green-Globe Project бастамасына қатысуына ерекше назар аударылды. 2025–2027 жылдар аралығында компания тарапынан көрсетілетін қаржылық және сараптамалық қолдаудың арқасында зардап шеккен орманның 100 гектардан астам аумағын қалпына келтіруге мүмкіндік жасалған.

    Сонымен қатар 2026 жылғы мамырда «KT&G Kazakhstan» ұжымы Қарасай ауданының әкімдігімен бірлесіп, сол Елтай ауылдық округіне қарасты Көкөзек ауылында орналасқан компанияның жаңа зауыты айналасындағы санитарлық-қорғау аймағын абаттандыру және көгалдандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Сол акция барысында шырша, қарағай, емен, үйеңкі, жөке және шетен секілді қылқанжапырақты және жапырақты ағаштардың 153 көшеті отырғызылды. Ал биылғы қазан айында Республика күніне орай компания аудан әкімдігімен бірлесіп тағы бір экологиялық акция өткізді. Бұл жолы жеміс ағаштарының көшеттерін отырғызуға басымдық берілді.

    Іс-шараға облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасының өкілі Алина Түсіпбаева да қатысты. Ол мұндай экологиялық бастамалардың маңыздылығын атап өтіп, облыс басшылығының осындай игі істерді әрдайым қолдайтынын жеткізді.

Акция алдын ала ойластырылып, жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Көктемге қарай мектеп аумағы қазан айында отырғызылған жас ағаштардың арқасында жайқалып, көркейе түседі. Осылайша, мемлекеттік органдардың, бизнес өкілдерінің және жергілікті қоғамдастықтың бірлескен еңбегі «Таза Қазақстан» акциясына нақты әрі айтарлықтай үлес қосты.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы

↑