Перейти к содержимому
Басты бет / Заң және тәртіп / Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес  – ортақ міндет

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес  – ортақ міндет

50 қаралым

Сыбайлас жемқорлық  – қоғамның дамуына кедергі келтіретін, азаматтардың заңға деген сеніміне нұқсан келтіретін өзекті мәселелердің бірі. Онымен күресу  – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әділдік пен адалдықты сақтау, заң талаптарын мүлтіксіз орындау  – құқықтық мемлекеттің басты қағидаттары.

Бүгінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оның туындауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою бағытында жүйелі жұмыстар жүргізудің маңызы зор. Бұл ретте мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету, азаматтардың өтініштерін заң аясында қарау, қызметтік әдеп нормаларын сақтау және халықпен тиімді байланыс орнату ерекше рөл атқарады.

Мемлекеттік қызметшілер үшін адалдық, жауапкершілік, әділдік және халыққа қызмет ету қағидаттары басты орында болуы тиіс. Әрбір қызметкер өзіне жүктелген міндеттерді сапалы әрі мінсіз орындап, жеке мүддесін қоғам мүддесінен жоғары қоймауы қажет. Қызметтік өкілеттікті жеке мақсатта пайдалануға жол бермеу  – сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың маңызды шарттарының бірі.

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жұмыстарының да маңызы ерекше. Заңды құрметтеу, парақорлыққа төзбеушілік таныту, құқықбұзушылық туралы тиісті органдарға хабарлау және күнделікті өмірде адалдық қағидаттарын ұстану әр азаматтың азаматтық ұстанымына айналуы керек.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара сенімнің орны бөлек. Халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдау, мемлекеттік қызметтерді қолжетімді әрі ашық көрсету, қабылданған шешімдердің заңдылығы мен негізділігін қамтамасыз ету азаматтардың сенімін нығайтады.

Қорыта айтқанда, сыбайлас жемқорлықпен күрес бір күндік науқан емес, үздіксіз жүргізілуге тиіс маңызды жұмыс. Әрбір азамат өз ісіне адал болып, заң талаптарын сақтап, әділетсіздікке бейжай қарамаса, қоғамдағы жемқорлықтың алдын алуға нақты үлес қоса алады. Адалдықты ту етіп, әділдікті басты құндылыққа айналдыру арқылы ғана біз болашақ ұрпаққа таза әрі жауапты қоғам қалдыра аламыз.

Адалдық  – адамдықтың белгісі, ал жемқорлыққа қарсы тұру – баршамыздың ортақ парызымыз.

Айдын СҰЛТАН,

Кеген ауылдық округі әкімінің аппараты құрылымдық бөлімшесінің басшысы

Кеген ауданы

↑