Қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасымен дараланып, публицистикалық мақалалары мен деректі, прозалық туындыларымен танылған қарымды қаламгер Мейрамбек Төлепберген – қоғамдық-саяси мәселелерді ұлт мүддесі тұрғысында көтерген тұлға. Шерхан Мұртаза мектебінің талантты ізбасарларының бірі болған, өзіндік көзқарасы, өткірлігімен және биік адамгершілік қасиетімен жадымызда қалған әріптесіміздің журналистік жолы жылдармен бірге жаңғыра бермек.
Мен оны қашанда Мейрам деуші едім. Ең алғашқы таныстығымыз елімізде тұңғыш рет ашылғанымен, ғұмыры ұзақ болмай, ақыры жабылып тынған парламенттік басылым – «Халық кеңесінің» мықты деген қабырғалы бес журналисі «Егемен Қазақстан» газетіне ауысып келгеннен басталды. Олардың қатарында дарабоз қаламгер Мәкең – Мейрамбек Төлепберген, қаламының ұшымен найзағай ойнататын «ақ мылтық» журналист, танымал көсемсөзші Тәкең – Талғат Сүйінбай, нәзік жандар арасынан экономика, қаржы тақырыбын жетік меңгерген белгілі журналист Алма Мұхамеджанова, жібек мінезді, қарымды қаламгер Самат Мұса, құралайды көзге ілетін, талантты фотосуреткер, үлкен азамат Бәрсінбек Сәрсенов, жас тілші Жаңабек Тойбазар келіп, ұжымға қосылды. «Біз – журналист деген руданбыз» деп, «Егеменді» біраз жыл басқарған көрнекті ақын Нұрлан Оразалин ағамыз айтпақшы, мақалаларын оқып, алқалы жиын, жиналыс, іс-шараларда көріп жүргендіктен бір-бірімізді жатырқамай, олар лезде ұжымға сіңісіп кетті. Әсіресе Мейрам әріптестермен де, газетке қалам тербейтін авторлармен де емен-жарқын сөйлесіп, адамды бірден баурап алатын. Содан да шығар, ол бір тілдескен жанды елітіп әкететін. Сол аңқылдаған мінезімен басшымен де, қосшымен де, тіпті өзі жазған кейіпкерлерінің үлкенін аға, кішісін іні тұта қоян-қолтық араласып, арты сыйластыққа ұласып жататын. Осылайша алысты жақындатып, жақынды дос етті. Журналистикадан кетіп, басшылық қызметтер атқарып, депутат болғанында да айналасын жақсы адамдармен қоршады.
«Егеменде» Мәкең кәсіби журналист ретінде өзін бірден көрсетті. Жазуы шапшаң. Өмірде белсенді. Әңгімешіл. Өткір. Білімді. Басшылар да, бөлім меңгерушілері де Мәкеңнің ойымен санасатын. Сөйлегенде шешендігі қандай болса, жазуы да сондай. Ізденгіш. Қашанда өзін-өзі дамытып, тың тақырыптарға барып, жазылған мақалалары, көтерген тақырыптары газет беделінің артуына оң ықпал етті. Қасиетті қаламды ұстаған қырық жылда қаншама дүниелер жазылып, газет бетінде жарық көрді десеңізші?! Олардың бәріне тоқталмай, қоғамда үлкен резонанс тудырып, өшпестей із қалдырған біреуін ғана атап өтсек жеткілікті шығар деп ойлаймын. Ол – Отан соғысындағы ерлігі елу жылдан кейін ғана мойындалған Бақтыораз Бейсекбаевтың «Халық қаһарманы» атағын алуына тікелей септігін тигізіп, дәнекер болуы. Батырға қатысты шындықтың ашылуына сол кездегі Парламент Мәжілісінің депутаты Арғынбай Бекбосынов, сол жылдардағы Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Тайыр Мансұров, «Атамұра» корпорациясының президенті Мұхтар Құл-Мұхамедпен қатар Мейрамбек те өзінің азаматтық үлесін қосты. Батырдың туған жерін анықтап, оның туыстарын табу жөнінде «Атамұра» корпорациясы арнаулы экспедиция ұйымдастырды. Міне, сол экспедицияның құрамында болған «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Мейрамбек Төлепбергеннің сүйегі Ресейде жатқан батырдың туған жерінен бастап, жүріп өткен жолын архивтерде отырып, талмай ізденуінің арқасында шындықтың беті ашылды. Осы абыройлы да ыждаһатты істе Мейрамбектің журналистік зерттеуінің негізінде батырдың Балқаш ауданының Жиделі ауылында туып-өскені, жасаған ерлігі жайлы нақты деректермен «Егеменде» көлемді мақала жариялады. Ары қарай ізденгіштігінің, табандылығының арқасында батырдың өмірін жан-жақты зерттеп, «Бақтыораз Бейсекбаев» атты ғұмырнамалық кітап жазды. Осы еңбегін бағалаған аудан жұртшылығы «Балқаш ауданының Құрметті азаматы» атағын беріп, үлкен құрмет көрсетті.
Мейрамбек «Егеменге» тілші болып келгенімен, аз уақытта өзін көрсетіп, шолушы, бөлім меңгерушісі қызметіне көтерілді, Алматы бөлімшесіне жетекшілік жасады. Ол кезде «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясы Астанаға еліміздегі БАҚ арасынан алғашқылардың бірі болып көшіп барған-ды. Ал Алматы бөлімшесі қаланың орталығынан шеткері орналасқан балабақшаның бос тұрған ғимаратына қоныс тепті. Бастығымыз – Мәкең. Бөлімшеде тілшілеріміз, компьютер терімшілеріміз бар, он шақты адамбыз. Алты бөлменің біреуін асхана етіп, әдемілеп жасақтап қойдық. Ғимарат автобус жүретін орталық көшеден, дәмханалардан алыстау болғандықтан бәріміз үйден тамақ әзірлеп әкеліп, ортаға салып түстенетінбіз. Кейде кезекшілік жасаймыз. Қашанда сары самаурынымыз қайнап тұратын. Құдды өз үйімізде жүргендей асханаға біріміз кіріп, біріміз шығып жатамыз. Жұмыс жүріп жататын. Әсіресе түскі аста бәріміздің басымыз қосылып, аттың басын жіберіп, әңгіме-дүкен құрамыз. Сөздің түбін түсіретін әріптестердің әрқайсысының бір атарлық әзіл-қалжыңымен керемет отырыстар өтті. Туған күндерімізді ұмыт қалдырмаймыз. Марқұм Әзекеңнің (Әзиз Алдаберген) әзілдері бір қаралық еді. Алматыда басшылар қатысқан алқалы жиын, съез, форум, конференциялар өткен күні нөмірге мақала дайындайтын кезде «бестің шайын» ішіп алып, жазуға отыратын едік. Содан да шығар, жұмысқа тойға баратындай келетінбіз. Қолымыз бос кезде редакцияға келген автор, қонақтарымызға міндетті түрде дастарқаннан дәм татқызып, арқа-жарқа әңгіме-дүкен құрып отыратын сәттерді қазір сағынамыз. Астанадағы бас кеңседен Алматыға жол түсіп, амандасуға кіріп-шығатын әріптестеріміз қашанда біздің бөлімшенің береке-бірлігін, ұжымның татулығы мен сыйластығын көріп қызығып кететін.
Бір үйдің баласындай тату-тәтті жүргеніміз, әрине, Мәкеңдей жайлы жетекшінің қызметкерлеріне түсіністікпен қарағанының арқасы еді. Адам болған соң отбасыңда түрлі жағдай орын алады. Жағдайымызды айтсақ, Астанадағы басшыларға білдірмей, шаруамызды шешуге кеңдік жасайтын. Ондағы ұстанатын қағидасы – тоқсандық жоспар мен қосымша тапсырмаларды уақытында орындап отырсаң болғаны. Кейін Мейрамбек басқа жұмысқа ауысып кетсе де, бізбен үнемі хабарласып тұрды. Облыстық әкімдікте, Парламентте жүргенде де қолынан қасиетті қаламын тастамай, өндіртіп жазды. Кейін зейнетке шыққан соң да жазуын тоқтатпады. Оны білетінім, әр басылымда жарияланған мақалаларын маған жіберіп отыратын. Ұлттық арнада «Сарасөздің» жүргізушісі болғанда: «Мейрам, сен өз қабілет-қарымыңды, талантыңды ашатын мамандығыңды енді таптың», – дейтінмін. Мәкеңді қай салаға салсаң да ағып тұрған шешен еді ғой. Қазір ойлап қарасам, уақытының тым аз қалғанын Алла Тағала білдірді ме екен, біраз шаруа тындырып кетті. Әсіресе, Шерағаң жайлы облыстық газеттен бастап, республикалық барлық басылымға эссе, мақалаларын жариялады. Оның да өз жөні бар. «Егеменде» жүргенде, әсіресе, туыстығы жағынан балдыз болып келетін Шерағаң оны жанынан тастамайтын. Ол кезде Шерағаң «Егеменде» құрметті тілші. Сонда «Са-қа», «Са-қа» деп гүжілдеген қатқыл даусымен Мейрамды шақырып алып, баратын жеріне ілестіре кететін. Осы естелікті жазар алдында Мейрамбектің Шерағаңа туыстығы жөнінде қызы Алма Шерханқызынан сұрап білген едім. Жазушының қызы емес пе, өте әсерлі, әрі қызықты біраз естелік айтып берді.
«Менің анам Мәрияның әкесі Ағыбай ата мен Мейрамбектің әкесі Мылтықбай ата бірге туған. Ол кісілердің әкелері Төлепберген тегін менің анам мен Мейрамбек қана алған. Анам өз әкесін Жәке, ал Мылтықбай атаны әкем деп өтті. Ағыбай атам ең қиын-қыстау уақытта ферма меңгерушісі болған. «Бәлшевек» болғанмын деп айтатын. Ал ауыл адамдары, туған-туыстары Ағыбай атамның Төлепберген әулетін, жерлестерін аштықтан сақтап қалған деп отыратын. Ал Мылтықбай атаның бір қасиеті балаларына, елге ат қойғыш екен. Кішкене кезінде топ-томпақ, айтқанын екі етпей орындайтын өжет баласы Мейрамбекті – Сақа, басқа перзенттері Ақбардыны – Көш бала, Пәрімбекті – Бұзау, менің анама Науқыз деп ат қойған. Мейрамбектің үлкен ағасы Көш баланы әкем Құлақ шеке дейтін. Өйткені төбелескенде тек құлақ шекеден ғана ұратын көрінеді. Ең үлкен ағасы Әбдір ағатайымыз жас кезінде өте сымбатты, көркем кісі болды.
Каникул басталғанда әкем: «Ал, жазғы демалыстарыңда қайда барғыларың келеді?» – дегенде, екеуміз де: «Ауылға», – деп шу ете қалатынбыз. Өйткені Батылжанға ауылда не істеймін десе, барлығына рұқсат. Бірде: «Ата, неге Батылжанға өзіңіз де ұрыспайсыз, өзгелерге де ұрысқызбайсыз?» – дегенім бар. «Ой, Алматай, ол менің көшірмем ғой. Қарашы, аумайды. Батылжан мен ғой. Тек бойы Шерханға тартып кеткен», – деп аттың жақсысын соған мінгізетін, бірдеңелерді құлатып, сындырып жатса да үндемейтін.
Сақа ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түсуге келгенде біздің үйде жатты. Есімде, газетте жарияланған мақалалары көп екен. Батылжан да сол жылы осы факультетке құжаттарын тапсырды. Туған әпкесі Пәтия да жиі келіп-кетіп жүретін. Мейрамбек оқуға түскен соң жатақханаға жатқанымен, апта құрғатпай келіп тұратын. Анам да бауыры Сақасыз өмір сүре алмайтын. Сағынатын да тұратын. Анам қайтыс болғанға дейін жиі келіп жүрді.
Бірде ата-анам Әбіл көкенің қызы Шәрбануды маған серік болсын деп ауылдан алдыртып, қазақ мектебіне оқуға берді. Шәрбануды ата-анасын сағынып жүрген шығар деп, ауылға жиі жібереді. Келген соң анам әңгіме сұрамай ма? «Ал, Шәрбән, әңгіме айт. Ауылда не жаңалық бар?» – десе, үндемейді ғой. Сосын өзі сұрақты жаудыртатын. «Шәрбан, ауылда қауындар пісті ме?» «Пісті». «Қарбыздар пісті ме?» «Пісті». «Апа жүгіріп жүр ме?» «Иә, жүгіріп жүр». Әкем де Шәрбану сияқты үйге келгенде жарытып әңгіме айтпайды. Сосын: «Ой, ана Сақа келмей қойды ғой, ауылдың әңгімесін еститін», – деп қолын бір сілтеп орнынан тұрып кететін. Білгендей содан Сақасы келетін. Ол да: «Мен әпкемнің күтіп отыратынын білемін», – дейтін. Содан ауылдың жаңалықтарын, басқа да әңгімелерді айтқанына анам мәз болатын. «Ой, Сақа келіп, мені қуантып кетті ғой», – дейтін. Кейде марқұм Мұса (Рахманбердиев) мен Сақа екеуі келіп, анамды әңгімеге қарық қылатын. Бірде әкемнің алғашқы сайланған Парламентте «Қазақстан» атауының орнына «Қазақ Республикасы» деп ауыстыру жөнінде ұсыныс жасағанын, тек қазақ тілі мемлекеттік тіл болуы керектігі туралы бір орыспен тайталасқанын Мұса анама айтып келген. Анам болса: «Шерхан осының бірін бізге айтпайды ғой», – дейтін кейіп.
Әкем Сақаның жазғандарын жақсы көріп оқитын. Мейрамбек кенеттен қайтыс болып, жары Света жеңгеміз жүрек ұстамасымен жансақтау бөлімінде жатқанда марқұмды «Ошақтылардың зиратына жерлейміз» деген сөзді естіп: «Мейрамбек Мәрия әпкесін жақсы көруші еді, жанында болмаса да Кеңсайда жатсыншы. Кейінгі кезде қатты сағынып жүрді», – деп айтқанын естіп, көңілім қатты босады. Мейрамбек әкем қайтыс болғанда да, Батылжан қайтқанда да аяғынан тік тұрып қызмет жасады. Енді, міне, бір жылдың жүзі болды, өзі де жақсы көрген жандарының жанына барып жайғасты. Иманы жолдас болсын!»
Мәкеңмен бірге қызметтес болған «егемендіктер» суық хабарды естігенде, бір-бірімізбен хабарласып, көңіл айтып, қатты қапаландық. Мейраммен етене жақын жүріп, бір шаңырақта қызмет істеген күндерді, әзіл-қалжыңға толы қызықты өткізген сәттерімізді еске алдық. Әсіресе, «Егеменнің» бүгінде ең жасы үлкен ардагері, көрнекті қаламгер Мамадияр Жақып ағамызға Мейрамның дүниеден озғаны қатты батты. Сонда ағаның: «Мейрамбек екеумізді тағдыр өмірдің қиын-қыстау сәтінде басымызды қосқаны бар. Сол сәтте мен оны үлкен азамат ретінде таныдым. Ол кезде «Жетісу» газетінің бас редакторымын. Мейрамбек – осы газетте тілші. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты журналистер де қатты жазаланды. Сонда Желтоқсан қаһармандарын соттаған кезде олардың жазаға мойынсұнбай қасқайып тұрған суреттерін жариялағаны үшін үш газеттің басшысы қызметінен алынып, партиядан шығарылды. Ішінде мен де бармын. Оған себепші өзім де болған шығармын. Бар кінәні өз мойныма алдым. Сол шешіміме қарсы болған Мейрамбек еді. Тағдырым қыл үстінде тұрған тұста оның: «Сіздер басқа журналистерді қудалауға салмаңыздар. Бәріне мен кінәлімін. Ендеше, мені қалай жазалауды жөн деп табасыздар, сондай жаза беріңіздер», – дегені әлі құлағымда тұр», – деп жазғаны әлі жадымда. Басқалар емес, Мейрамбек осылай жазған. «Мамадияр аға, бәрін өз мойныңызға алмасаңызшы!» деп шарқ ұрғаны бар. Ауыр сынақты көтеріп, менің жазамды жеңілдеткісі келді. Осы азаматтығын қайтіп ұмытарсың?!
Кейін тағы да «Егеменде» бірге қызмет істеуге тура келді. Аңқылдаған ақ көңілін танытты. «Тұлға» айдарымен «Мамадияр мектебі деген – осы» тақырыбында мақала жариялады. Әсіресе Шерағаң екеуміздің арамыздағы байланысқа дәнекер болды. Оны да қалай ұмытарсың?!» – деп қатты күйзелгені бар.
Тау халқында «Сенің кім екеніңді білейін, өліп көрші» деген тәмсіл бар. Мәкеңнің кімдермен араласып, құраласқанын қайтыс болғанда жаназасына келген халықтың қарасынан көрдік. Алыс-жақыннан, өзінің туған елінен, жерінен «қопарылып» көшіп келген жерлестері, қызметтестері, қоғам қайраткерлері, қазақтың қабырғалы қаламгерлері, курстастары, ақыреттік достары, ағайын-туғандарының қабырғалары қайысып, қош айтысқандарына куә болдық. Одан құрметіңді бағалай білетін жандардың ортасында өмір сүрудің өзі бір бақыт екенін бағамдадық.
«Азамат ердің бір көркі – асыл жары» деген. Ол жағынан келгенде Мәкеңнің жолы болды. Қырық жылға жуық отасқан Светасымен екеуі балалары аяқтанғанша барға да, жоққа да қанағат етті. Жазушы да, журналист те бәйге аты секілді бапты қалайды. Мәкеңнің үйдегі жағдайын, бабын Света жасады. Азаматының абыройына абырой қосуға тырысты. Ол шығармашылық адамы үшін үлкен қолдау.
Мейрам да жақсы жар, жақсы әке, жақсы ата бола білді. Әдепті де ибалы, ата-анасының сызып қойған сызығынан аттамаған қыздары – Әйгерім мен Айғаным әкелерін жақсы көріп, бетіне жел болып тимеді. Мейрамның аяғын жерге тигізбей, баратын іс-шараларға, жиын-тойларға апарғанын талай көрдік. Әсіресе немересі Аланды жанындай жақсы көрді. Аланы ержетіп, қатты қайырым жұмысқа жарағаннан-ақ жанынан бір елі қалдырмай алып жүретін. Ол да атасын жақсы көргені ғой, қашанда құрақ ұшып тұрды. Әйгеріммен сөйлескенімде: «Атасымен бірге жүріп, айтқан ақыл-кеңесін, әңгімесін көп тыңдағаннан ба, балам қазір үлкендер сияқты ойлайды, солай сөйлейді», – деп күлгені бар. Бұл – ата мен немере арасындағы керемет түсіністік, асқан сүйіспеншіліктің көрінісі. Оны тек сезінген, басынан өткерген адам ғана біледі.
Мейрам – өз жолын, тағдырын, бақытын өз қолымен жасаған адам. Адамды бағалаудың ең басты өлшемі өзі өмір сүрген қоғамға пайдалы қызмет етуінде болса керек. Осы реттен келгенде сіңірген еңбегімен өлшесек, ол тұлғалық дәрежеге жетіп, өткірлігімен, ұлтжандылығымен, күрескерлігімен, қайраткерлігімен өзін дәлелдеп кетті. Ендеше, ондай азаматтың есімі өшпейді, ұмытылмайды, қазағымен бірге жасайды!
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі




