Шүкір, қазақ даласы әлемдік деңгейге көтерілген асыл перзенттерге кенде емес. Жыл соңына қарай соған тағы бір көз жеткіздік. Ғажап дауыс иесі Ермек Серкебаев пен кино өнерінің жарық жұлдызы Абдолла Қарсақбаевтың ғасырлық мерейтойлары ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетін болды. Жан жадыратар осынау жаңалықты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Алаш жұртына сүйіншіледі.
«ЮНЕСКО Бас конференциясының 43-сессиясында Қазақстан тарапынан берілген бірнеше ұсыныс қолдау тапты. Әйгілі опера әншісі Ермек Серкебаев пен көрнекті кинорежиссер Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдық мерейтойлары 2026-2027 жылдары халықаралық ұйым аясында аталып өтетін атаулы күндер күнтізбесіне енгізілді. Бұл – ұлттық әрі әлемдік мәдениеттің дамуына зор үлес қосқан қазақстандық қайраткерлердің халықаралық деңгейде лайықты мойындалуының бір белгісі», – деп мәлімдеді Ерлан Тынымбайұлы. Ел мерейін үстем еткен бұл шешімге бәріміз қуана қол соқтық.
Мына бір тағылымды сәйкестікке қарап таңғаласың. 2024 жылы қазақ әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың, 2025 жылы даңқты дирижер, композитор әрі күйші Нұрғиса Тілендиевтің мерейтойлары ЮНЕСКО аясында ұйымдастырылды. Ал биыл Абдолла Қарсақбаевтың есімі осы мәртебелі тізімге еніп отыр. Үшеуі де Алматы облысының тумасы. Үш тұлғаның да шығармашылық жолы қазақты әлемге танытқан «Менің атым Қожа» кинофильмімен тоғысады. Сондықтан дүйім жұрт көз тіккен Абдолла мерейтойының беташары тағы да Алматы облысының еншісіне бұйырып отыр.
Енді оқырман назарын кинорежиссердің өнер жолына қарай бұрайық. Алатау баурайындағы аядай ғана ауылдан түлеп ұшып, атағы жер жарған Абдолла Қарсақбаевтың балалық шағы ашаршылықтың ауыр зардабы және сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Ол 1926 жылы Жамбыл ауданына қарасты Қаракестек ауылында өмір есігін ашты. Анасы Талшыбық он алты құрсақ көтеріп, Абдолла сол шаңырақтың кенже ұлы болды. Алматы қаласындағы №12 мектепте оқыды. Білім шаңырағын бітірер тұста анасының өмірден өтуі оған ауыр соққы болып тиді. Ағалары соғысқа аттанып, аурушаң әкесі де көп ұзамай дүние салады. Алайда қайғы мен қасіретке мойымай, оның өмірге, өнерге деген құштарлығы қияға қанат қақтырды.
Соғыс жылдары Мәскеу мен Ленинградтағы киностудиялар Алматыға көшірілгені тарихтан белгілі. Абдолла сол мекеменің қара жұмысын істеп жүріп, кино өнерінің қыры мен сырына қаныға түседі. Студия жанынан ашылған актерлар мектебіне қабылданып, сондағы тәлімгерлерден көп нәрсені көңілге түйеді. Бұл мектепті ойдағыдай тәмамдаған соң, «Қазақфильм» киностудиясына қызметке орналасады. Үлкен арман жолындағы ізденісі бір сәт толастаған емес. Соның нәтижесінде 1950 жылы Мәскеудегі бүкілодақтық кинематографистер институтының студенті атанды. Жоғары оқу орнында өнер қайраткерлерінен дәріс алып, табиғи талантын кәсіби шеберлігімен ұштады. Ол сол кезеңдегі кино институтын бітірген санаулы қазақтардың бірі еді.
1963 жылы экранға шыққан «Менің атым Қожа» фильмі Абдолланың абыройын асқақтатты. Бердібек Соқпақбаевтың шығармасы желісімен түсірілген бұл кинотуынды 1967 жылы Франциядағы Канн фестивалінің арнайы жүлдесін иеленді. Әлемнің 20-ға жуық тіліне аударылып, қазақ кинематографиясына соны серпіліс алып келді.
«Менің атым Қожаны» қанша көрсең де, көрерменді еш жалықтырмайды. Балалық шаққа саяхат жасағандай ерекше әсерге бөленесің. Тіпті ХХІ ғасыр ұрпақтары да Қожаны жатсынбай, оған сүйсіне қарады. Бүгінгі буын Абдолла мен Бердібек аталарының талантына тағзым ете отырып, бұл фильмді қазіргі заманғы технологиямен қайтадан экранға шығарды. Әрине, олардың ниеті дұрыс, бірақ Абдолла Қарсақбаев түсірген кино қайталанбас қолтаңбасымен ерекшеленеді. Жазушы мен режиссердің тандемінен туған фильмдер жылдар жылжыған сайын тат баспайтын рухани қазынаға айналып келеді.
Бұдан кейінгі «Қилы кезең», «Даладағы қуғын», «Алпамыс мектепке барады», «Балалық шаққа саяхат» және тағы басқа кинотуындылар да халықтың зор қошеметіне бөленді. Бүгінде есімдері елге белгілі өнер қайраткерлері – Нұржұман Ықтымбаев, Досхан Жолжақсынов, Болат Қалымбетовтердің жолын ашып, биіктерге самғатқан Абдолла Қарсақбаев болатын. Олар режиссермен бірге жұмыс істеген сол бір кезеңді күні бүгінге дейін сағынышпен еске алады. Қазақстанның Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұржұман Ықтымбаев «Ақ періштедей Абдолла ағам» атты эссесінде:
«Қазақ кино өнерінде ол кісі теңдесі жоқ асқар тау еді, күш-қуаты бойынан кетпеген жанартау десе де болғандай. Өйткені ол үнемі бұрқырап, қайнап жүретін. Балалармен жұмыс істеудегі шеберлігіне ешкім де жете алмайтын. Өзі сол балалармен ойнап жүріп, операторларға «байқатпай түсіре беріңдер» деп белгі беріп отыратын. Қазіргі әлгі жасырын түсірілімдер бар ғой, соның алғашқы соқпағын салған да осы Абдолла ағам сияқты. Ойнап жүрген балалардың тосын түсірілімдерінің шынайылығында сөз жоқ. Кейін монтажға салғанда, тіпті керемет шығатынын қайтерсің! Бізді, Болат Қалымбетов, Досхан Жолжақсынов, Әшір Шоқыбаев, Гүлнәр Досматова сияқты талай өнер жүйріктерін киноға әкелген Абдолла ағамыз бен Сара Жорабаева апамыз еді», – дейді актер.
Шынында да, Қарсақбаев фильмдеріндегі кейіпкерлердің шынайылығы көрермен жүрегін бірден баурап алады. Бұл – ең алдымен режиссердің талғамы биік кәсіби шеберлігі. Экрандағы әрбір образ өмірден алынғандай әсер қалдырып, көрерменге сенім ұялатады. Фильмге лайық актер таңдау – режиссер үшін ең жауапты жұмыс. Қарсақбаев бұл мәселеде ешқашан асығыстыққа жол бермеген. Қожа бейнесіне лайық баланы табу үшін ұзақ уақытын сарп еткені сондықтан. Ақыры жүздеген баланың ішінен Абдолла өз Қожасын кезіктіреді. Актер Нұрлан Сегізбаев «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан «Дебют немесе сен қайда жүрсің, Қожа?» атты Жанболат Аупбаев ағамыздың мақаласында осы рөлге қалай келгенін былайша сабақтаған:
«№30 мектептің төртінші сыныбында оқитынмын. Бұл білім ұясы Алматыдағы бұрынғы 8 март пен Комсомол көшелерінің қиылысында болатын. Оның ауласынан қарсы беттегі «Қазақфильм» анық көрініп тұрушы еді. Содан бір күні сол киностудиядан Мәлік Ибраев деген режиссердің көмекшісі келсін. Келсін де төртінші-бесінші сынып оқушыларын сыртылдатып суретке түсіріп кетсін. Бір айдан соң қайта айналып соғып, мені қолымнан жетектеген күйі режиссер Абдолла Қарсақбаев ағамызға алып барсын. Киностудиядағы көркемдік кеңес жиналысына қатысып отырған ол кісінің маған айтқаны: «Жер-жерден түсіріп әкелген 120-ға жуық фотоның ішінен көркемдік кеңесте сенің бейнең өтті. Кинода ойнайсың енді», – дейді ынтықтырып. Мұндай ұсынысқа қай бала қызықпасын? Мен Абдолла ағаға бірден келісімімді бердім», – деген. Сұлтанның рөлін сомдаған Мәлік Көкенов те, Жанарды ойнаған Гуля Қорабаева мен Жантасты бейнелеген Ерік Құрмашев те мектеп оқушылары бола тұра өздеріне жүктелген міндетті мінсіз орындап, қалың көрерменнің көңілін шалқытты.
Абдолла Қарсақбаев – халқына адал қызмет еткен бірегей тұлға. Ол кино өнерін құрал ете отырып, қазақ халқының тағдырында із қалдырған ауыр кезеңдерді терең астармен бейнелеп, ұлттық рухты оята білді. Оның туындыларынан халықтың жан күйзелісі ғана емес, азаттыққа деген ішкі аңсар айқын сезіледі.
Бұл тұжырымды белгілі актер Досхан Жолжақсыновтың естелігі де дәлелдей түседі. Режиссердің Мағжан Жұмабаев өлеңдерін жатқа айтып, тыйым салынған рухани мұраны жүрегінде сақтағанын атап өтеді. Оның жандүниесін рухани еркіндікке, азаттыққа деген сағыныш мазалағанын айтады. Сондықтан да Абдолла Қарсақбаевтың шығармашылығы тек кино тарихының бір бөлігі ғана емес, ұлттық болмыстың көркем шежіресі болды.
Абдолла фильмдерінде «банды» болған кейіпкерлерге бүгінгі күннің биігінен зер салсақ, олардың әрқайсысы асқақтап тұрады. Бұл бейнелер – сол дәуірдің бұрмаланған шындығын әшкерелеген рухы биік образдар. Мәселен, «Даладағы қуғын» фильміндегі Құдірені алайық. Ол – елін, жерін қорғауды өмірінің мәніне айналдырған нағыз қаһарман. Кеңес өкіметінің өкіліне тіке қарап: «Мен еркін даланың батырымын» деуі – сол кезеңдегі тарихи ақиқаттың айнасы іспетті. Ал Құдіренің қайсар мінезінен именіп, қызыл әскердің жылап жіберетін көрінісі режиссердің отаршыл саясатқа қарсы ашық қарсылығын білдіріп тұр емес пе?!
Осындай мазмұнды, астарлы эпизодтар «Қилы кезең» фильмінде де молынан ұшырасады. Қызыл комиссар Тоқтар Бәйтенов пен «банды» атанған Жүністің арасындағы диалог көрерменді ереше әсерге бөлейді. Жүністің: «Менің халқым шырылдаған бозторғай сияқты. Құмайдың құлқынына түсіп кетпесе, ол да шарықтап кең дүниеде ұшар еді ғой», – деген сөзі сол кезеңдегі қазақ халқының басына түскен ауыр халді бейнелейді.
Фильмде ел отаршыл езгіден қашып, үдере көшкен сәтте «Елім-ай» деген зарлы әуеннің естілуі де символдық мәнге ие. Ал киноның соңында қазақ жігіттері көшбасшысын құтқарғаннан кейін, арғы бетке өтерде комиссарды босатып жібереді. Сол арқылы режиссер қызыл өкіметтің Тоқтарды да, қазақты да аямайтынын астарлап жеткізуге тырысқан. Айта берсек, мұндай астарлы ақиқат Абдолла Қарсақбаев фильмдерінде аз емес.
Қызыл империя Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған Алаш арыстарының үнін өшіргенімен, олардың ұлт болашағы жолындағы арман-мұратын тұншықтыра алмады. Алаш идеясы ары қарай жалғасты. Қарсақбаевтың киносы, Нұрғиса мен Шәмшінің ән-күйлері, Төлеген мен Мұқағалилардың отты жырлары сөніп бара жатқан ұлттық сананы қайта оятып, 1986 жылғы желтоқсанда жанартау болып атылды. Көп ұзамай халқымыз қасиетті тәуелсіздікке қол жеткізді. Ұлттық тарихымыз қайта түгенделіп жатыр.
P.S. Азаттықты аңсап өткен Абдолла Қарсақбаевтың арманы орындалды. Оның ел руханиятына сіңірген ерен еңбегі халқымыздың рухани қазынасына айналып, бүгінде халықаралық деңгейде лайықты бағасын алып жатыр. Сонымен қатар биыл жыр алыбы Жамбыл бабамыздың 180 және ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығы да жоғары деңгейде аталып өтетіні анық. Тұлғаларымыз тұғырдан түспей, тойымыз тарқамасын, ағайын!
Болат МӘЖИТ




