Бірде ашық күнде қолына шам алып, ел аралаған адамнан кездескендер: «Аспанда күн жарқырап тұр, шам жағып жүргеніңіз қалай?» – деп сұрапты. Сонда ол: «Мен мына көптің арасынан нағыз адамды іздеп жүрмін», – деп жауап берген көрінеді. Демек, арамыздан жақсы адамды, нағыз адамды ілуде бір болмаса, табу өте қиын. Иә, әңгіменің әлқиссасын осылай бастауымның негізі де адами қасиеттерімен ерекшеленгендер жайлы әңгімелеу арқылы осындай бір жақсы жанның жұрт біле бермейтін қасиеттерін ашу, досқа, жалпы оқырманға жеткізу.
Бұл кім екен деген сауалға жауапты елімізге белгілі қайраткер, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, салиқалы, әр сөзі өтімді тұлға Өмірзақ Озғанбаевтың генерал-лейтенат, жерлесіміз Әділ Шаяхметовтің 70 жасқа толған мерейінде өмір белестерін мұқият зерттеп, тебіреніспен айтқанымен нақтылайын.
– «Ер дәулеті – еңбек» демекші, елің үшін аянбай еңбек ету, халқыңа қызмет жасау – әр адамның басты мұраты, ұстанымы әрі перзенттік парызы. Сол жолда аяздың ызғарына, желдің дауылына, жаңбырдың селіне қарамастан еселі еңбегімен еленіп, ел құрметіне бөленіп, абырой арқалап жүрген майталман азаматтар арамызда жүр. Олар заманның сынағымен шыңдалып, шарболаттай қайралып, Отаны мен елінің тағдыры жолында барын сарп етеді. Сөйтіп туған жерінің өркендеуіне сүбелі үлес қосып, көк аспанның көгінде елдің Туын биікке көтере біледі, – дей келе, ғалым аға сөзін одан әрі нақтылықпен былай жалғайды:
– Мен өз басым осы орайда Әділ Шаяхметовты ерекше тұлғалық қадір-қасиетімен парасат биігіне қол жеткізіп, дүйім бір елдің қамқоршы ел ағасына айналған, кемеліне жеткен, береке-бірліктің қамын ойлаған атпал азаматтың бірі емес, бірегейі деп қабылдаймын. Шынтуайтына келгенде, Әдекеңнің зор жетістіктері мен толағай табысын, адамгершілік қасиетін ұлағаттар жалғыз мен емес. Оның еліне сіңірген қажырлы еңбегін мұқым ел біледі.
Әділ ақиқатты бүркемелемей ашық айтар, өршілдік танытып, алмас сөзімен кесіп түсер қырларымен ғана ерекшеленіп қоймай, адамгершілік, кісілік, ұйымдастырушылық қабілеттерімен де дараланып жүрген арқа тұтар тұлға. Одан қалды жаратылысынан мейірбан, бауырмал, ақкөңіл, жүріс-тұрысы да жігерлі, қайратты, табанды, көздеген мақсатына жетпей тынбайтын еңбекқорлық секілді екінің біріне жетіспей жататын асыл қасиеттері тағы бар.
Қазақи дәстүріміздің арқасында Әдекеңмен талай жерде дәмдес болып, оның дастарқанында қауышып жататын кездеріміз де аз емес.
Иә, Әдекең сынды қыран азамат, берен тұлға еліміздің өркендеуі жолында талай игі істердің ұйытқысы болып, түйткілді мәселелерді шешуге белсене араласты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары аяғынан тәй-тәй басқан жас мемлекетіміздің тұғырын биіктету, бұғанасын қатайту, мәртебесін көтеру, айбарын асқақтату жолында ол білек сыбана кірісіп, бар күш-жігері мен қайратын аянып қалған жоқ. Ірі мемлекеттік шаруалардың басында жүріп, алда тұрған мәселелердің оңтайлы шешілуіне атсалысты. Ел тыныштығы басты мәселе десек, сол сүттей ұйыған елдің ұйқысын қашырмай, тыныштығын күзету жолында Әділ Шаяхметұлы еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарып, қырағы күзетте тұрды.
«Ұлттық қауіпсіздік жоқ жерде мемлекет те жоқ» деген сөз бекерден-бекер айтылмаған. Қазір ауызға айтуға оңай болғанымен тәуелсіздіктің алғашқы таңдарында мемлекет қауіпсіздігін сақтау жеңілге соққан жоқ. Елдігімізді сақтап, бірлігімізді нығайтып, алыс-жақын мемлекеттермен байланыс орнату секілді қыруар шаруамен қатар, ұлттық қауіпсіздік мәселесі де жас мемлекеттің алдында тұрған басты белестердің бірі еді. Осы орайда, егемендігін енді алған елдің ұлттық қауіпсіздік мәселесін қамтамасыз етуде Әділ мырза ұзақ жыл бойы кәсіби тәжірибе мен интеллектуалдық және техникалық әлеуетті арттыруға қомақты өз үлестерін қосты. Сөйтіп, мемлекетті, ел азаматтарын, қоғамды кез келген сыртқы қауіптен және ішкі қатерлерден қорғауға кепілдік беретін ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің мүлдем жаңа жүйесін құрудың негізін қалауға мұрындық болды. Бұл оның Отан алдындағы ұшан-теңіз перзенттік парызының бір парасы дер едім.
Ол қазір Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің аумағындағы өтіп жатқан мәнді де жауапты жұмыстарға да үнемі қатысып келеді. Еліміздің барлық аймақтарында болып, жас әріптестерімен, қорғаныс саласындағы, шекаралардағы жасақтармен тынымсыз кездесіп, ақыл-кеңестерін айтып жүр.
Егер перзенттік парызды тереңдете айтар болсақ, оның аясы кеңейе түсері анық. Өйткені ет пен сүйектен жаратылған адам баласының перзенттік парызы тек Отан алдындағы борышпен шектеліп қалмайды. Мәселен, ата-ана алдындағы перзенттік парыз деген бар. Бұл жағынан да Әділ бауырымыз елге үлгі болатындай игілікті істер атқарып, шет қалып жатқан жоқ. Нағыз азаматқа тән мінезіне сай ол осынау нар көтере алмас парыз жүгін арқалап, адамдардың көңіл-күйіне ықпал етіп, ішкі жан-дүниесін оятып, ой-толғамын жетілдіріп, саналылыққа тәрбиелеп қана қоймай, ұлттық құндылықты дәріптеп келеді десек, артық айтқандық болмас. Мәселен, дүниеге он бала әкеліп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай мәпелеп өсірген ата-анасының есімдерін ұлықтау жолында игілікті істерді қолға алып, халыққа паш етумен келеді. «Анаға тағзым», «Анаға құрмет», «Әкені еске алу» сияқты имандылық шараларын Әдекең әрдайым мағыналы түрде өткізеді. Бұл да оның перзенттік адалдығының бір нышаны емес пе?
Әділ Шаяхметұлы қай өңірде жұмыс істесе де, қандай қызмет атқарса да, ел азаматтарымен тіл табысып, тонның ішкі бауындай араласып кетеді. Қарағанды облысының Ақадыр, Шет аудандарында жұмыс істеген кездерінде Марс Төлеуқұлов ағасымен танысып, бірге туған туыстай болып кетті. Биыл сол Марс ағасы 90 жасқа толғанда тойын өткізуде туған інісіндей қамқорлық жасап, зор белсенділік көрсетті. Облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне Марс Еренбекұлына арнайы өзі тебірене жазған мақаласын жариялады. Әдекеңнің басқа да әріптес ағаларын құрметтеп, мерейтойларының өтуіне атсалысқанын көріп келемін. 2017 жылы ол армия генералы С.Нұрмағанбетовтің қола бюстін жасатып, Мәскеудегі «Тағзым тауы» мұражайына апарып қойғызды. Бұл бастама теңдесі жоқ, көпшілікке, жастарға үлгі болып қалатын жай еді.
Генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов азаматтық істерімен танысқан сайын менің ойыма халқымыздың «Ақ сұңқар тапқанын төнірегіне шашып жейді, қара қарға тапқаның баурына басып жейді» дейтін пікірі оралады. Жоқтың сөзін сөйлеп, ұстаздарының, ардагерлердің, бабаларының мұраларын жинап, олар туралы мақалалар жазып, тойларын өткізіп, өзінің қаржылық қолдауымен 21 кітап шығарып, 7 деректі фильм түсірді. Өзі де 10 кітаптың авторы.
«Қарапайымдылық – жасыл алқап» деген екен данышпан Лев Толстой. Сол айтпақшы Әдекең қарапайымдылық жағынан да алдына жан салмайды. «Болдым, толдым, көйлегім көк» деп астамсынғанын көрген емеспін. Үнемі айналасымен тең дәрежеде емен-жарқын араласып жүреді. Зейнеткерлік демалысқа шықса да, бір кездері қызметтес болған әріптестерімен, ажарлы дос, базарлы жолдастарымен де сыйластық қатынасын үзген емес. Әділ Шаяхметұлының жинаған мол тәжірибесі сұраныссыз қалған жоқ. Орайы келгенде тілге тиек ете кетейін, Әділ Шаяхметұлының тағы бір сүйсінерлік қасиеті – өзі білім алған оқу ордасын, парталастарын, қолына қалам ұстатқан ұстаздарын да назардан тыс қалдырмайды. Мектептегі ұлағатты ұстазы Орынша Карабалина-Қазыбаеваға, ұлттық қауіпсіздік саласының ардагерлеріне көрсетіп жүрген зор құрметтерін, жасаған ерекше сый-сияпаттарын көріп жүрмін.
Бірде Ахмед Руфаи деген ғұлама шәкірттеріне: «Араларыңда кімде-кім менің бойымнан мін байқаса, оны маған білдірсін», – дейді. Шәкірттерінің бірі: «Ұстаз, сізде үлкен бір айып бар», – дейді жұлып алғандай. Сонда ғұлама: «Айта ғой, балам, қандай кемшілігім бар?» – дейді. Шәкірт жанарына жас алып тұрып: «Біз секілді адамдарды шәкірт етуіңіз», – деген екен. Сол айтқандай, тәлім берген ұстаздарын құрметтеуі Әділ Шаяхметұлының «Ұлық болсаң, кішік бол» деген адами қағидамен өмір сүріп жатқандығын аңғартса керек. Олай болса, өмірде жолың ақ болсын, абзал азамат дегім келеді, – деп ғалым, көпті көрген, арқалы аға ойын, пікірін түйіндейді. Әрине, мұндай құрметке лайық болған соң ғана көкейге көрікті сөз келеді, төгіледі.
Әділ ініміз үнемі ел ішінде және көпшілік шаралардың бел ортасында жүреді. Өткен жылы Медетбек батырдың туғанына 200 жыл толуына арналған «Ұлт-азаттық күрес және Медетбек батыр» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бас ғимаратында ұйымдастырылды. Шараға ғалымдар, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, мәдениет қызметкерлері және студенттер ерекше ынтамен қатысып, баһадүр батырдың тағылымды өмірінен мол мағлұмат алғаны бар. Ерлігі ел аузында жүрген Сұраншы, Саурық, Өтеген, Медетбек сияқты ерлер Қоқан хандығының езгісіне қарсы күресте аты шыққан батырлар еді. Конференцияда батыр жайлы тарихи дерек пен дәйек кеңінен сөз болды. Мерейтой аясында Медетбек батырға арналған мүшәйра жарияланып, оза шапқан ақындарға сый-сияпат тапсырылды және ел шебін қорғауда ерлік көрсеткен батырдың есімін мәңгі есте қалдыру шарасының бірі ретінде Жамбыл ауданындағы «Қарғалы» шекара заставасы Медетбек батырдың атымен аталса деген ұсыныс айтылды. Бірқатар ғалым, журналист, қаламгерлер «Медетбек батырдың 200 жылдығы» төсбелгісімен марапатталды. Ас берілді. Әділ інім жалпы тарихқа, әдебиетке, өнерге деген ниетінен шығар, үнемі осы ортаның төрінде жүреді. Бір қарағанда азаматтың дәл бүгінгі ел құрметіне бөленуі үшін қаншама ұйқысыз түн, қарбалас, жауапты, сын сағаттарды жүрегінен өткізді десеңізші?! Ол үшін Әділ інімнің өмірдерегіне үңілген жөн-ау.
Иә, елім, жерім дегенде жүрегі даладай кең, мінезі тік, бірақ, жүрегі нәзік азаматтың батыр тұлғасында ерекше сенім күші басым. Сондықтан шығар, өз дара жолын таңдап, одан күні бүгінге дейін арылмай жүргені.
Ақын Р.Ниязбектің:
Құм суырып тулаған тереңіне,
Балта ұрмадым өзгенің терегіне.
Отаным мен отбасым аман болса,
Одан өзге бақыттың керегі не?! – деген өлең жолдары Әділге арналғандай.
Тағы бір арқалы азаматтың пікірін оқырман назарына ұсынайын. Запастағы подполковник, техника ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, ҚР ҰҚК академиясының профессоры Жарқын Алтынов:
– Генерал-лейтенант Әділ Шаяхметұлы ауданымыздың Саурық батыр ауылында дүниеге келген. Әкесі Ғайнанов Шаяхмет соғыс және еңбек ардагері, шешесі Ғайнанова Сонымбүбі Құданалықызы ел анасы атанып, он баланы өмірге әкелген батыр ана. Әділ 1973 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын орта мектепті бітіріп, В.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының тау-кен факультетіне оқуға түсіп, оны 1978 жылы бітіріп, еңбек жолын Жезқазған қаласында республикалық мамандандырылган «Қазақжарылыспром» тресінің Жезқазған облыстық арнайы басқармасының тау-кен шебері болып бастаған. Жас маман жаңадан құрылған облыстың, Жезқазған және басқа қалаларының құрылыстарына қатысып, «Қарағанды-Жезқазған», «Атасу-Қаражал», «Жарық-Ақтоғай» тас жолдарын, «Жайрем-Қаражал» су құбырын, облыстық ретрансляторлардың мекемелерін, мұнараларын салуға атсалысады, еңбектің ащы дәмін жырақта жүріп татады.
Әділ Шаяхметов 1981 жылы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне қызметке ауысып, Минск қаласында орналасқан Кеңес одағының Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жоғары курсына оқуға түсіп, оны ойдағыдай бітіреді. Аға лейтенант Әділ Шаяхметов 1982 жылы Қазақ кеңестік социалистік республикасы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Жезқазған облысы бойынша басқармасына қызметке тұрып, кейін Қаражал қалалық бөлімшесіне жедел уәкіл қызметіне тағайындалып, Жайрем қалашығына жұмысқа жіберілді. Сол кездерде Жайрем кен-байыту комбинаты үлкен қарқынмен дамып жатқан өндіріс орны екен. 1988–1994 жылдары сол облыстағы Ағадыр аудандық бөлімшесі бастығының орынбасары, бөлімше бастығы қызметтерін атқарды. Өңірде орналасқан Қайрақты, Көктенкөл, Ақшатау тау-кен комбинаттары еліміздің экономикасы үшін ерекше орындары бар өндіріс мекемелері еді. Партия, атқарушы органдардың, мемлекеттік мекемелерінің, аталған тау-кен комбинаттары мен құқық қорғау салалаларының басшыларымен Әділ Шаяхметов қызмет бабы бойынша іскерлік қарым-қатынастар орнатып, қауіпсіздікті қаматамасыз ету бағыттарын дұрыс ағымда ұстайды.
Қызметтегі жетістіктері үшін майор Әділ Шаяхметұлына 1990 жылы КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы, армия генералы В.Крючковтың бұйрығымен алғыс жарияланды. Кеңестік кезеңде мұндай марапат өте сирек берілетіндіктен, оның дәрежесі өте жоғары болды.
Еліміздің тәуелсіздігі айқындалған кезеңде Әділ Шаяхметов ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) әскери қарсы барлау басқармасына жауапты жұмысқа ауысып, Қазақстан-Қытай шеқарасында үлкен абыроймен жауапты әскери қызметтер атқарады. 1996 жылы ол ҚР ҰҚК орталық аппаратының әскери қарсы барлау басқармасы бастығының кадр жөніндегі орынбасары болып тағайындалды, кейіннен басқарманың бастығы болды. Одан соң оперативті-техникалық департамент бастығының бірінші орынбасары болып қызмет істеді. Қауіпсіздік саласында басшылық қызметтерде өзін жан-жақты көрсеткен полковник Ә.Шаяхметов 1999 жылы ҚР Қорғаныс министрлігіне (ҚР ҚМ) жұмысқа ауысып, Президент келісімімен ҚР ҚМ Кадр және жоғары әскери білім департаментінің бастығы лауазымына тағайындалды. ҚР ҚМ әскери кеңесінің алқа мүшесі болып сайланды. Кейіннен ҚР ҚМ Бас әскери инспекциясының генерал-инспекторы болды. Сол кезеңде Ә.Шаяхметов ҚР Қарулы Күштерінің қайта құрылуы мен жаңа тұрғыда қалыптасуына ерекше үлес қосты. ҚР Қорғаныс министрінің алғысымен, грамотасымен марапатталды. 2000–2001 жылдары ол екі рет ҚР Президент әкімшілігіне генерал-майор әскери атағын беруге ұсынылды.
2002 жылы Әділ Шаяхметов ҚР ҰҚК Павлодар облысы бойынша департаментінің бастығы болып тағайындалды, оған 2004 жылы ҚР Президентінің қаулысымен генерал-майор әскери атағы берілді, қауіпсіздік органдарының құрметті қызметкері төсбелгісі тапсырылды. 2006–2007 жылдары генерал-майор ҚР ҰҚК Алматы облысы департаментінің бастығы қызметін абыроймен атқарды. Аталған облыстардағы департаменттерді Әділ басқарған кездерде өңірлерде қауіпсіздік саласында заңға қайшы келетін іс-әрекеттерге жол берілмеді. Оның басшылық қызметтерде істеген еңбектері ҚР ҰҚК төрағасының, облыс әкімдерінің, мәслихат хатшыларының алғыстарымен, құрмет грамоталарымен аталып өтті.
2007 жылы ҚР Президентінің шешімімен Әділ Шаяхметұлы ҚР ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды, қызметіне байланысты ол Республикалық терроризмге қарсы күрес орталығының басшысы болып бекітілді. Министрліктермен, ведомство, облыс басшыларымен бірлесіп, терроризмге, экстремизмге қарсы іс-шараларды, осыған байланысты еліміздің көптеген өңірінде оқу-жаттығуларын ұйымдастырды. ҚР ҰҚК Барлау қызметінің жұмысына жетекшілік жасап, жаңа заң жобасының қабылдануына ықпал етіп, жауапты болды, осы саладағы ТМД, басқа да шет елдерде өткен жиындарға қатысып отырды. Әділ Шаяхметов қызмет бабына байланысты және «Арыстан» арнайы қызметіне кәсіби тұрғыдан жетекшілік жасап, олардың жұмыстарын орынды бақылауда ұстап, дұрыс бағыт беріп отырды.
ҚР Президентінің Жарлығымен генерал-майор Әділ Шаяхметұлына 2009 жылы генерал-лейтенант әскери атағы беріледі. Бұл да еңбектің биік шыңы.
Генерал-лейтенант ҚР Президентінің Жарлығымен сол жылы ҚР ҰҚК төрағасы қызметіне тағайындалады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне ол қатты көңіл бөліп, алыс-жақын шетелдік қауіпсіздік ведомстволарының басшыларымен қалыптасқан қарым-қатынастарды әрі қарай нығайтты. Қай қызметте болсын Әділ ерекше талапшыл, іскерлігімен көзге түсті. Кейін Ә.Шаяхметов ҚР ҰҚК академиясын басқарды, ҚР ҰҚК төрағасының аға кеңесшісі болды. «Динамо» спорт қоғамының президиум мүшесі болып сайланды. Академиядан ол басқарған жылдары тәртіп пен талап жаңа қырынан танылды.
Әділ Шаяхметұлының ұйымдастыруымен 2011 жылы мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-майор Әубәкір Арыстанбековтің 100 жылдық мерейтойына байланысты қоян-қолтық жекпе-жектен тұңғыш республикалық турнир өткізілді. Бұл турнир қазіргі кезде жыл сайын тұрақты өткізіліп, халықаралық дәрежеге көтерілді.
Мемлекет және қоғам қайраткері өзі оқыған, жүрген жеріндегі бастамалардың ұйытқысы. Әділ Шаяхметовтің қолдауымен 2012 жылы Алматыда өзі оқыған Абай атындағы қазақ орта мектебінің ауласында Абайдың еңселі ескерткіші қойылды. Тағы да 2004 жылы оның ұйғаруымен және тікелей жетекшілігімен ҚР ҰҚК Павлодар облысы департаментінің, 2007 жылы Жезқазған қалалық басқармасының ұлттық қауіпсіздік саласының аймақтық мұражайлары ашылды.
«Туған жерге туыңды тік» деген тәмсілді жүрегіне жазған жерлесіміз – баһадүр батыр бабаларының тарихын, елге сіңірген қайраткерлігін насихаттауда да алдына жан салмайтын азамат. Оған дәлел Жоңғар шапқыншылығы кезеңінде, Абылай ханның заманында даңқты батыр, әрі би болған Құдайберді бабасының басына Оңтүстік Қазақстан облысында құлпытас қойғызып, тарихи кітап жазғызды. 2013 жылы бабасының 300 жылдық мерейтойына байланысты конференция өткізуді ұйымдастырған еді.
Қоқан хандығының шабуылына қарсы күресте ерлік көрсеткен бабасы Медетбек батырдың Таутүргенде кесенесінің, Жамбыл ауданында ескерткішінің салынуына да өзі ұйытқы болды. Ол Түрген өзенінің бойынан ауыл тұрғындары және жолаушылар өтетін көпір салғызып берді. Бір қарағанда ол мына өмірдегі азамат атқаратын үш міндеттің үдесінен шықты деуге болады.
Генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов алты орденмен, оның ішінде І және ІІ дәрежелі Даңқ, 7 мерекелік медальмен марапатталған. Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің «Алтын орденімен», Ресейдің Ю.Андропов атындағы орденімен, басқа да жетпістен астам медальмен (олардың ішінде көптеген мерейтойлық және басқа да шетелдік, халықаралық ұйым медальдары бар) марапатталған. Ол – отыздан аса төсбелгінің иегері. Еліміздің қауіпсіздік саласына қосқан зор үлестері үшін Әділ Шаяхметов ҚР Президентінің үш Алғыс хатымен, Құрмет грамотасымен, ҚР Парламенті Сенат төрағасының грамотасымен марапатталған. Әділ Шаяхметов – ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «ҚР Құрметті спорт қызметкері», ҚР ҰҚК «Ұлттық қауіпсіздік комитетінің үздігі» төсбелгілерінің иегері.
Мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Шаяхметов саяси ғылымдардың кандидаты, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ және Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ Құрметті профессоры, ҚР Сәулет академиясының Құрметті академигі, Ресейдің Петров ғылым және өнер академиясының толық мүшесі. Ел құрметіне бөленген Әділ Шаяхметов Алматы облысының, Павлодар қаласының, Қарағанды облысы Қаражал қаласы мен Шет ауданының, Алматы облысы Жамбыл, Панфилов және Ұйғыр аудандарының Құрметті азаматы. 2021 жылы ол Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы атанды. Қырғыз Республикасы Шу облысы, Кемін ауданының Құрметті азаматы.
Ардақты азамат отбасының жанашыр әкесі, өсіп жатқан немерелердің сүйікті атасы. Айсұлу жеңгеміз екеуі әулетіндегі бауырларына, олардың балаларын оқытып, зор көмек көрсетіп, барлық жағдайын жасады. Көбіне үй-жайлы болуға, оқуға түсіріп, қалыптасуына көмектесіп келеді. Жерлестеріне, әріптестеріне қамқоршы болып, жалпы көпшіліктің, халықтың ризашылығына бөленіп жүрген азамат, – деп азаматтың өткен өмір белестеріне барынша шолу жасады.
Әңгіменің әлқиссасында Әділ інімнің мектеп қабырғасында алған білімі мен әдебиетке деген бейімі кейін қолына қалам алып, кітап, мақала жазуға әкелгенін көреміз. Жазғаныңды түзеп, өткір ой айтатыны бар.
Ол көп жыл бойы шығармашылықпен айналысып, өзінің оқудағы, қызметтегі, жалпы жұмыс істеген облыстардағы ұстаздары, ел ағалары, мемлекет және қоғам қайраткерлері туралы республикалық «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», басқа да облыстық газеттерде тұлғалы азаматтардың мерейтойларына орай арнайы жазған 40-тан астам мақаласын жинақтап, кітап бастырып, қалың оқырманға жөнелтті.
Сөз соңында «Генерал болуды армандамайтын сарбаз жоқ» демекші, сөз айтатын ағаның, атаның, парасатты азаматтың арманына жетіп, биігіне шыққанын көреміз. Бір қарағанда, оның арманы байлық та, мансап та емес. Тек халқымызда елінің, жерінің қадірін білген Әділдей азаматтар барда рухымыз биіктемесе, аласармайды. Өйткені, өмір заңы өсу мен өркендеуден тұрады, жақсы адамдарды көргенде жаның жадырайтыны сондықтан. Қолына шам алмай-ақ іздеген нағыз адамның қасыңда болғаны, жүргені қандай ғанибет!
Күмісжан БАЙЖАН,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Жамбыл ауданы




