Қан орталығына келген донорлардың ең алдымен денсаулығы толық тексеруден өткізілді. Олардың қант мөлшері, гемоглобин көрсеткіші мен түрлі ауру белгілерінің бар-жоғын зертханалық жолмен анықтап, содан кейін ғана донор болуға мүмкіндік берілді.
Бұл ретте донор болғысы келетіндерге қойылатын талаптар да. Мәселен, донор болатын азаматтардың салмағы 55 келіден кем болмауы және 21-60 жас аралығындағы болуы тиіс. Қан тапсырардан бір күні бұрын майлы, қуырылған, ащы, сүрленген тағамдар жеуге, сүт өнімдерін тұтынуға болмайды. Сондай-ақ, процедураға дейін екі-үш тәулік бұрын ішімдік ішпегені, аспирин, анальгин, құрамында анальгетиктер бар басқа да препараттарды қабылдамағаны және бір сағат бұрын темекі шекпегені жөн.
Аурухананың транфузиолог дәрігері Әділхан Бақбергенұлы:
– «Донор бол!» акциясы бес жылдан кейін жалғасып отыр. Өйткені елімізде ковид індеті, карантин болды. Соның салдарынан донорлық акция тоқтап қалған еді. Міне, бүгін қайта жалғасты. Жалпы Іле ауданы бойынша донорларды алмастыру, ауруханамызда жатқан науқастарға қан құю, қан топтарын анықтау менің қызметіме кіреді, – деді.
«Донор бол да өмір сыйла» қағидасын негізге алған жандар ілегі көп болды. Бір адамнан шамамен 15-20 минуттың ішінде 350-500 грамм қан алынды. Мамандар алдағы уақытта да «Донор бол!» акциясын жиі өткізуді жоспарлап отыр.
Алынған қан гемопатиялық, гинекологиялық оталарда, жол апаттарынан ұшырағандарға құйылады екен. Бүгінгі таңда қан сақтау камерасында қор жеткілікті көрінеді.
Донор болу бақыты бәріне бірдей бұйыра бермейді. Мысалы: сары ауруымен ауырғандар, қандағы гемоглобин мөлшері төмен адамдар донор бола алмайды. Мұнан бөлек, ота жасатқандарға, тісін емдетіп жұлдыртқандарға, дәрі-дәрмек тұтынғандарға, екпе салдырғандарға донор болуға шектеу қойылған.
Мамандардың айтуы бойынша, қан тапсырудың пайдасы мол. Белгілі мөлшердегі қан өткізілгеннен кейін қан жасушалары жаңарады. Ол атеросклероз, қан қысымы, жүрек қан тамыры, инсульт ауруларының алдын алады.
Бағдат Шойбасов
Іле ауданы