Жамбыл ауданында тіршілігі төрт түлікпен тығыз байланысқан елді мекендер аз емес. Мыңғыртып мал өргізген жақсы, әрине. Алайда, сол малдан ара-тұра шығын болмай тұрмайтыны тағы белгілі. Сондайда кейбір тұрғындардың мал өлексесін ауыл сыртына сүйреп тастай салатын жаманы әдет бар. Мұны Ауылшаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Жамбыл аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Қуаныш Назарбеков растады.
Оның айтуынша, мұндай жағдай биыл ауылдық округтердегі мал қорымы қоршауының сыртында болған. Тіпті Сібір жарасы көмінділерінің айналасына апарып тастай салған оқиғалар да кездеседі.
«Биотермиялық шұңқыр» деп аталатын қорымдар мал өлекселерін залалсыздандырып жою үшін арнайы салынған. Малының өлгенін иесі ауыл ветеринарына хабарлауы тиіс. Өлексе қорымның сыртына емес, ішіне тасталады.
Ал Сібір жарасы көмінділерінің барлығы биік дуалмен қоршалған. Онда «Аса қауіпт!» деген арнайы ескертпе жазу бар. Бірақ, соған қарамастан мал өлекселерін қалай болса солай тастай салу фактілері анықталып отыр. Тексеріс барысында өлген малдың иелері анықталып, оларға заяң асында тиісті шара қолданылды», – деді Қуаныш Назарбеков.
Мал иесі малының ауырғаны немесе өлгені туралы ауылдық округтегі ветеренария мамандарына хабарлауға міндетті. Бұл талап «Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі №339 Заңының 25 бабында қарастырылған.
«Сондықтан аталған талаптар сақталмаған жағдайда, түлік иелері жауапкершілікке тартылады», – дейді Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Жамбыл аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Қуаныш Байжанұлы.
Серік Сатыбалдиев