Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде мұндай спорттық бәсекелерді өткізу мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік бейімделуіне ықпал ететіні, инклюзивті құндылықтарды нығайтып, Алматы облысында мықты спорттық қауымдастық қалыптастыратыны атап өтілді.
Аталған турнир ақпан айында Қостанай қаласында өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысатын өңірдің құрама командасын жасақтауда маңызды кезең болды.
«Біздің өңірде бұл спорт түрінің даму деңгейіне келсек, өткен жылы Алматы облысының құрамасы тірек-қимыл аппараты зақымданған, көру қабілеті бұзылған және зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар арасында өткен VII республикалық спартакиадада парадзюдодан жалпыкомандалық 1-орынды иеленді. Ал Ақтөбе қаласында өткен Қазақстан кубогында парадзюдошыларымыз бірнеше жыл қатарынан үздік үштіктің қатарынан көрініп келеді. Сондай-ақ бізде Азия және Океания чемпиондары мен жүлдегерлері бар», – деді Алматы облысының парадзюдодан аға жаттықтырушысы Ерлан Үмбетәлиев.
Жарысқа облыстың бес өңірінен көру қабілеті бұзылған спортшылар – әлсіз көретін және толық көру қабілетінен айырылған ерлер мен әйелдер қатысты. Барлығы 18 жастан асқан 50-ден астам спортшы бақ сынады. Салмақ дәрежелері халықаралық парадзюдо стандарттарына сәйкес белгіленді.
«Парадзюдо – классикалық дзюдоға негізделген, бірақ өзіндік ерекшеліктері бар паралимпиадалық спорт түрі. Ең басты ерекшелігі – белдесу міндетті түрде кимононы ұстап тұрудан, яғни кумикатадан басталады. Қарсыластар арасындағы байланыс үзілген жағдайда төреші «матэ» командасын беріп, белдесуді тоқтатады, содан кейін спортшылар бастапқы қалыпқа қайта оралады. Белдесудің ұстап тұрудан басталуы көру қабілеті бұзылған спортшылар үшін тең жағдайды қамтамасыз етеді. Бұл спорт түрі тек физикалық күшті ғана емес, сонымен қатар үйлесімділікті, тактикалық ойлауды және ішкі төзімділікті дамытады», – деді жарыстың бас төрешісі, Токио қаласында өткен Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Теміржан Дәулет.
Жарыстың ең жасы үлкен қатысушысы – Шавдинов Сраждин. Парасамбо және парадзюдодан Азия және Океания чемпионы кезекті рет жоғары дайындық деңгейін, мінездің беріктігін және нағыз спорттық шеберлікті көрсетіп, 60 кг дейінгі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды. Бірнеше күннен кейін Ұйғыр ауданының өкілі 62 жасқа толады.
«Татамиге әр шығу – өзіңді жеңу. Әр жеңіс – ұзақ жаттығулар мен жаттықтырушының қолдауының нәтижесі. Көп жылдан бері мені барлық жауапты жарыстарға Алимжан Сулайманов дайындап келеді. Мен Алматы облысының намысын Қазақстан чемпионатында қорғап, жүлде үшін күресуге дайынмын», – деп атап өтті парадзюдодан спорт шебері Шавдинов Сраждин.
Шавдинов Сраждинмен қатар өз салмақ дәрежелерінде Қарасай ауданының өкілдері де чемпион атанды:
Жарылқасын Мирас, Ахметжанов Данияр, Құмарғали Дінмұхаммед, Әукенова Жанар, Актанова Гүлайым, Бекболатқызы Гүлмайра, Әбдіқалықова Алия, Берік Айнагүл, Малиходжаева Назира, Кожалим Самал.
Іле ауданының спортшылары Таипов Рустам мен Абдуллаев Нұрбол чемпиондық атақтарын қайта растады.
Талғар ауданының парадзюдошылары Садыкова Асула мен Омарбек Гүлназ 1-орынды иеленді.
Сондай-ақ алтын медальдарды Молдахмет Бахтияр (Ұйғыр ауданы) және Жаманбаев Бақытжан (Қонаев қаласы) жеңіп алды.




