Облыстық әкімдікте аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиевтің төрағалығымен мемлекеттік органдардың нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған ведомствоаралық штабтың отырысы өтті. I тоқсанға арналған алғашқы отырыста жасөспірімдер арасында нашақорлықтың, маскүнемдiк пен темекi шегудiң алдын алу жөнiнде жүргiзiлiп жатқан жұмыс сараланды.
Алғашқы болып облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақмарал Әтенбекова есеп берді.
– Жасөспірімдер арасында нашақорлықтың, маскүнемдіктің және темекі шегудің алдын алу бағытындағы кешенді әрі жүйелі жұмыс барлық білім беру мекемелерінде жүзеге асырылуда. Тәрбие жұмысы жоспарларына енгізілген іс-шараларды ұйымдастыру кезінде жасөспірімдердің жас және психологиялық ерекшеліктері, әлеуметтік ортасы, мінез-құлықтық тәуекел факторлары ескерілді. Білім беру мекемелерінде ақпараттық-түсіндіру сабақтары, интерактивті дәрістер, тренингтер, бейнематериалдарды көру және талқылау, пікір алмасу кездесулері өткізілді. Сабақтарда нақты өмірлік жағдайларға негізделген мысалдар, кейс-әдістер, рөлдік ойын элементтері қолданылып, жасөспірімдердің белсенді қатысуына жағдай жасалды. Мінез-құлқында ауытқуы бар, зиянды әдеттерге бейім немесе әлеуметтік тұрғыда осал санаттағы оқушыларға ерекше көңіл бөлінді. Ата-аналармен тығыз байланыс орнатылып, отбасындағы тәрбиенің рөлі мен жауапкершілігі түсіндірілді. Тәуекел тобына жататын 4 860 оқушымен жеке профилактикалық жұмыс жүргізіліп, педагог-психологтар тарапынан 9 300 жеке кеңес берілді, – деді Ақмарал Бақытқызы.
Келесі кезекте облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Ардақ Қайсаров сөз алып, 2025 жылы 784 антинаркотикалық бағыттағы профилактикалық іс-шара өткізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері оқушылар арасында нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алу бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізген. «PARYZ ЕРІКТІЛЕРІ» жастар қоғамдық бірлестігін тарту арқылы 154 іс-шара өткізіліп, наркосайттарды жарнамалайтын 950-ден астам жазба жойылған. Оқу процесі кезеңінде студенттік жатақханаларда кинологиялық қызметпен бірлескен рейдтік іс-шаралар жүргізілген. Сонымен қатар ювеналдық полиция қызметімен бірлесе отырып, кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың, нашақорлықтың, есірткі қылмысының алдын алу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша ата-аналармен кездесулер өткізілген.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері тарапынан былтыр 223 құқықбұзушылық анықталып, 122-сінің жолы кесілген. Оның ішінде есірткі заттарын сату бойынша 71 дерек анықталған. Заңсыз айналымнан 10 тонна 756 кг 586 гр есірткі құралы тәркіленген. Есірткі құралдарын заңсыз өткізу дерегі бойынша 4 кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталған. Синтетикалық есірткі құралдарын дайындаумен айналысқан 2 зертхана жойылған.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев нашақорлық пен есірткі қылмысы қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі болғандықтан, оны ауыздықтау тек құқық қорғау органдарының ғана міндеті емес, баршаға ортақ іс екенін айтты.
– Соңғы кездері жасөспірімдер мен жастар арасында синтетикалық есірткінің таралу деңгейі артуда. Есірткі қылмысы жасарып келеді, жаңа психобелсенді заттар интернет арқылы оңай қолжетімді болуда. Осы орайда облыстық білім басқармасына нашақорлық, маскүнемдік және темекі шегудің алдын алу бойынша жүйелі профилактикалық жұмыстарды күшейтуді, психологтар мен әлеуметтік педагогтердің қатысуымен тәуекел тобына жататын жасөспірімдермен жеке жұмыс жүргізуді қамтамасыз етуді, барлық білім беру ұйымдарында құқықтық-түсіндіру кездесулерін тұрақты негізде өткізуді тапсырамын, – деген Марат Елеусізұлы полиция департаментіне есірткі заттарын сатып алғандардың қаншасы жасөспірім екенін анықтауда білім беру мекемелерімен бірлесе жұмыс жүргізіп, басқа да тұтынушылардың санаттары бойынша зерделеуді күшейтуді міндеттеді.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ





