Әйел заты табиғатынан табанды, еңбекқор болып келеді. Кейде олардың өжеттігін көріп, таңырқайсың. Осындай өжет қыздардың бірі – жерлесіміз Сәния Сұлтанғали. Ол өткен жылы Бахрейннің Манама қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында еркін күрестен күміс медаль иегері атанды.
Еңбекшіқазақ ауданы Қазақстан ауылында дүниеге келген Сәния Сұлтанғали бала жастан еркін күрес алаңында шыңдалып келеді. Оның жеке бапкері, Қазақстан Республикасының спорт шебері Дәулет Нұрғожаның айтуынша, Сәния былтыр Испания мен Түркияда өткен халықаралық жарыстарда топ жарған. Ал жасөспірімдер арасында төрт жылда бір өтетін, Азия елдерінің кіл мықтылары бақ сынайтын құрлықтық додада екінші орын алған. Дәулет Бауыржанұлы жас шәкіртін еліміздің қыздардан жасақталған жасөспірімдер құрамасындағы көшбасшыларының бірі деп санайды. Өйткені спортшының қазіргі әлеуеті жоғары деңгейде.
«Сәния Сұлтанғалидың күрес стилі физикалық күш пен тактикалық дайындықтың үйлесімінен тұрады, бұл оған жоғары деңгейде күресуге мүмкіндік береді. Бозкілемде қарсыласының іс-әрекетін алдын ала біле отырып, өзі жасайтын әдіс-тәсілді қарастырып, барынша тәуекелге жол бермеуге тырысады. Меніңше, Сәния болашақта әлем және Олимпиада ойындарында жүлде алады», – дейді Дәулет Нұрғожа.
Қазір Сәния Алматы қаласындағы №6 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінде тәлім алып жүр. Жасөспірім балуан жаңа ұрпақ спортшыларының жарқын өкілі ретінде ел намысын қорғап келеді. Табандылық, дарындылық пен жеңіске деген құштарлық оған қиын жолда көмектесері сөзсіз. Алда көптеген сынақ күтіп тұр, бірақ ол өз әлеуетін дәлелдеу үшін оларды еңсеру жолында еңбек етуде.
Өз тілшіміз




