Перейти к содержимому
Главная страница » Адам зейіні неге тұрақсыз?

Адам зейіні неге тұрақсыз?

     Бүгінгі таңда әлеуметтік желі маркетологтары «hook» деген сөзді жиі қолданады. Бұл – 2-3 секунд ішінде адамның назарын аудару тәсілі. Яғни бейнеүзіндінің алдына елең еткізер бейне, оқиғаларды қойып, қызықтырып алады да, одан кейін ғана негізгі айтар ойын баяндайды. Себебі қазір адамның зейінін бір нәрсеге аудару – қиынның-қиыны. Тіпті бұрынғыдай фильмдер мен сериалдарды көру де қалып барады немесе оны екі есе жылдамдықпен тамашалайды. Оның орнына TikTok, Instagram сияқты әлеуметтік желілердегі 10-15 секундтық бейнеүзіндіні қызықтауға құмар.

Ғалымдардың зерттеуі бойынша мұндай қысқа бейнелерді көру уақыты ай сайын әрбір пайдаланушы үшін 22 сағаттан асқан. Соңғы онжылдықта пайда болған әлеуметтік медианың жаңа түрі екеніне қарамастан, бұл мобильді ойындарды да басып озып, ойын-сауық индустриясында адамдардың ең көп уақыт өткізетін кеңістігіне айналған. Зерттеушілер мұның себебін былай түсіндіреді: адам миы әрқашан жаңа ақпарат алуға құмар және телефонға үңілген сайын тосынсый күтіп тұрғандай, керемет эмоциялық әсер іздеп, оның сапасын бағамдамастан, ішіне еніп кетеді. Бұл сәтте адамда дофамин гормоны бөлініп, уақытша қуаныш сезімін сыйлайды. Бірнеше сағаттың қалай өтіп кеткенін сезбей да қалады. Бірақ одан кейін шаршау, өзін-өзі кінәлау, күйзеліс сезімдері пайда болады. Адамның зейінін тұрақсыз етіп, мінез-құлық ауытқуына және физиологиялық дерттерге шалдық­тыруы мүмкін.
Бұл – Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемді жайлаған мәселе. «Speaking of Psychology» подкастында Калифорния университетінің профессоры, PhD Глория Марктен алынған сұхбатында осы жайт қаузалады. «Бәріміз зейіннің не екенін білеміз деп ойлаймыз. Бірақ бұл ұғым әлдеқайда күрделі. Зейінді зерттей бастағанда мен мынадай нәрсені байқадым: кейде адам бір іске қатты беріліп, көп ой еңбегін жұмсайды. Мысалы, мен мақала оқысам, ол маған қиын болуы мүмкін. Ал кейде керісінше – мүлде қиын емес істер бар, бірақ біз оған жан-тәнімізбен беріліп кетеміз. Мәселен, қарапайым онлайн ойындар ойнауға немесе бау-бақша күтуге бар назарымызды аударғанымызбен, аса күрделі ой еңбегі талап етілмейді. Осыны ескере отырып, біз адамдар цифрлық құрылғыларды пайдаланғанда зейіннің әртүрлі қыры қалай көрі­нетінін зерттеуді мақсат еттік», – дейді профессор. Ол үшін күні бойы қатысушыларға дәл қазір істеп отырған жұмысына қаншалықты беріле кіріскені және оның өзі үшін қаншалықты қиын болғаны жайлы сұрақ қойылып, кідірмей жауап беруі талап етілген. Нәтижесінде күрделі тапсырманы бар зейінін салып орындайтын белгілі бір сағаттар бар екені анықталған. Мұндай сәттер көбіне таңғы және түстен кейінгі екі-үштер шамасы екені белгілі болып, оған шоғырланған зейін деген атау берілген. Ал кейде адам ойына салмақ салмайтын іске беріліп кетуі мүмкін. Оны механикалық немесе жаттанды әрекет деп атайды. Сөз басында атап өткен қысқа бейнеүзіндіге құмарлық, онлайн ойын, әлеуметтік желіге әуестік осы екінші топқа жатады. Мұның соңы ойсыздыққа әкеп тірейді. Қазіргі таңда адамзат терең ойдың түбіне еніп, оның қойнауындағы сырды жарыққа шығарудың орнына, жалт-жұлт еткен жылтыраққа бас ұрып, құр босқа уақыт өлтіруге әдеттеніп барады. Қолы қалт ете қалса, әлеуметтік желіні қалай парақтап кеткенін өзі де байқамай қалады.
2004 жылғы жүргізілген зерттеу нәтижесінде жұмыс уақытында адамның экранға зейін қою уақыты 2,5 минут болса, уақыт өте келе 75 секунд, соңғы бес-алты жылда 47 секундқа төмендеген. Ғалымдар мұның өте қауіпті жағдай екенін айтады. Себебі зейін неғұрлым жиі ауысса, адамдардың күйзеліске түсуі соғұрлым жоғары болады, қателіктер саны көбейіп, жұмыс өнімділігі баяулайды. Бұл, әсіресе балалар үшін қауіпті. Қазір екі мен төрт жас аралығындағы бүлдіршіндердің өзі күніне орта есеппен 2,5 сағат телефонға үңілумен уақытын өткізеді. Ал бес пен сегіз жас аралығында бұл көрсеткіш шамамен 3 сағатқа жетеді. Олар назарын алаңдататын жайттарға бейім келеді және қайтадан зейінін жинақтауға көп уақыт жұмсайды. Кішкентай балалардың миындағы өзін-өзі бақылау, шешім қабылдау, сондай-ақ ненің маңызды екенін бағамдап, артық ақпаратты сүзгіден өткізу сияқты реттеуші қызметі толық жетілмеген. Психикасы қалыптаспай тұрып, цифрлық әлемге кіргізу, секунд сайын ауысатын бейнеүзінділерге шектеу қоймау үлкен қиындықтарға әкелуі мүмкін.
«One Stop service – Бір қадам» орталығындағы практик-психолог Жеңісгүл Хабаева адамдағы ойлану, эмоцияға берілу, ақпаратты қабылдау сияқты психикалық процестердің бәрі зейін арқылы іске асатынын және ол маңызды ақпаратты қабылдап, маңызсызын ысырып отыратынын айтады. «Қазіргі кезде ақпарат тым көп, адам санасы оны өңдеп үлгере алмайды. Тәжірибемде осы мәселемен 18 жасар бала келді. Сөздік қоры өте аз болғандықтан сезімін, өз ойын түсіндіріп бере алмады. Сондықтан алдымен психиатрдың қабылдауына жібердік. Гаджетті шектен тыс көп қолданғандықтан, ақпаратты игере алмай, психикалық дертке шалдыққаны анықталды. Ата-анасымен сөйлескенімізде күні-түні жұмыста болғандықтан, баласына көңіл бөлуге уақыт жетпегенін айтты. Бұл – үлкен қателік. Ата-ана өз перзентін осындай алаңдатушы дүниелерден, тәуелділіктен сақтауы керек. Егер өз күші жетпесе, психолог-мамандардың көмегіне жүгінген дұрыс. Кішкентай кезінен бақылауда ұстап, санамақ жаттатып, ертегі оқытып, сурет салуға дағдыландыру – назарын бір іске бұрып, шыдамды болуға үйретеді. Одан бөлек қазір оқушылар тапсырма орындағанда ақпаратты дайын күйінде алады да, өз бетімен ізденіп, ақылын қозғағысы келмейді. Сондықтан барынша ойға қозғау салатын істерге баулу керек», – дейді ол.
Бүгінгі таңда мектеп мұғалімдері оқушылардың тапсырманы мән беріп орындай алмайтынын, тіпті бір орында тыныш отыруы қиын екенін айтады. Бір сәтке телефонын алып қойсаң, соған елеңдеп, қолы жеткенше әбден мазасы кетеді.
«Жыл өткен сайын балалардың назарын ұстап тұру күрделі мәселеге айналып барады. Көпшілігінің тапсыр­маға ден қойып, ойлануға 2-3 минутқа ғана шыдамы жетеді. Айналасындағы кез келген дыбыс пен қимылға елеңдеп, назарын тез жоғалтады. Әр нәрсенің басын бір шалып, бірақ ешқайсысын толық аяқтамайды. Өзіндік жұмыс бергенде «Не істеу керек еді?» деген сұрақты қайта-қайта қойып, оны орындаудан бұрын сауалдың өзін ой елегінен өткізе алмай қиналады. Өз сыныбыммен кітап оқып, талдайтын жобам бар. Осы арқылы бұл мәселені шешуге болады деп ойлаймын. Одан бөлек оқушылардың назарын ұстап тұру үшін жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін қолданып, комикс арқылы, түрлі әдіс-тәсілдермен сабаққа қызықтыруға тырысамыз. Оның өзінде бір әдісті екінші рет қолдансаң, оқушылар жалыға бастайды», – дейді Іле ауданы Екпінді ауылындағы №2 орта мектептің мұғалімі Ұлдана Қартабаева.
Бұл сөздің жаны бар. Бүгінде балаларға 5-10 жыл бұрын ғана жарыққа шыққан мультфильмдердің өзі қызық емес. Себебі ондағы бейненің ұзақтығы, кейіпкерлердің ақырын, байыппен сөйлеуі оларға ішпыстырарлық дүние сияқты көрінеді. Сөз басында атап өткен подкастта Глория Марк теледидар мен кино кадрларының өзгергеніне де тоқталып өткен. «Бұрын кадрлар әлдеқайда ұзақ еді. Қазір орташа есеппен бір кадр шамамен 4 секундқа ғана созылады. Ал MTV клиптерінде одан да қысқа – небәрі екі секундтай. Жарнамалар да бұрын ұзақ болатын, ал қазір 6 секундтық бейнелерді жиі көреміз. Бұл «Тауық бұрын пайда болды ма, әлде жұмыртқа ма?» деген сұрақ сияқты. Яғни теледидар мен кино біздің зейінімізді қысқартты ма, әлде керісінше, зейініміз қысқарғандықтан олар соған бейімделді ме? Нақты айту қиын», – дейді ол. Қалай болғанда да цифрлық әлемнің қарқынды дамуы мен адам санасының өзгеруінде байланыс бар екені айқын. Ал балаларды күрделі, қызықсыз болса да маңызды істі шыдамдылықпен үйренуге дағдыландырып, тіпті соған міндеттеу керек. Бірақ бұл тек жас буын арасында ғана болып жатқан мәселе емес екені тағы да аян. Ересек адамдар, тіпті егде жастағы жандардың да гаджетке тәуелділігі артып келеді. Баланы әлеужелінің әсерінен сақтағымыз келсе, оны бірінші ересек адамдар дұрыс пайдалануды үйреніп, үлгі болуы керек.
Зейін тұрақсыздығына әсер ететін басқа да себептер бар. Оған ұйқының жеткіліксіздігі, дұрыс тамақтанбау, шаршау, депрессия, мазасыздық сияқты сезімдер де әсер етеді. Ал таза ауада жиі серуендеу, медитация жасау, кітап оқу, шығармашылықпен айналысу, телефонда өткізетін уақытты азайту түйткілді шешуге көмектеседі. Дегенмен мәселенің бәрін сыртқы факторларға итере салуға да болмайды. Ең бастысы, өзің қолға алған жұмысыңның мақсат-мәнін терең түсіне білу керек. 2019 жылы психолог Адам Гранттың «New York Times»-та «Productivity Isn’t About Time Management. It’s About Attention Management» деген тақырыптағы мақаласы жарық көрген. Яғни жұмыстың өнімді болуы уақытты ұйымдастыруға емес, зейінді дұрыс бағыттауға байланысты. Гранттың айтуынша, назарды басқару – белгілі бір істі дұрыс себептермен, дұрыс жерде және дұрыс уақытта орындауға зейін қою өнері. «Нәтиженің төмендеуі қабілеттің немесе шеберліктің жетіс­пеуінен емес, мотивацияның болмауынан туындайды», – дейді ол. Демек бір істі не жобаны ден қойып істей алмасаңыз, «Мұны не үшін істеп жатырмын және бұл неліктен маңызды?» деген сұрақтарға жауап беріп, өмірлік мақсатыңызды айқындап алыңыз. Сонда әлеуметтік желінің әлегі де, қоршаған ортаның кедергілері де сіздің жолыңызға тосқауыл бола алмайды.

Гүлзат БАЙҚОНЫС