☀️
1°C
Қонаев
Жексенбі, Ақпан 1, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Баспасөз бастауы

    31.01.2026
    in Барлық жаңалықтар, Руханият
    Баспасөз бастауы
    0
    SHARES
    1
    VIEWS

    Араб әліпбиімен жарық көрген «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірінің бірінші бетінде жақын арада басылып шыққан кітаптар мен Орынборда ашылған «Білік кітапханасы» атты кітап дүкенінің жарнамасы орналастырылған. Содан кейін басылым жұртшылыққа жыр жолдарымен таныстырылған.

    Нөмірдің бас мақаласында газеттің халыққа не үшін қажет екені кеңінен баяндалған. «Әуелі, газета – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газета сондай керек. Газетасы жоқ жұрт басқа газетасы бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді. Дүниеде не болып жатқанын көру жоқ, не сөйленіп жатқанын есту жоқ, өз пікірін айту жоқ. Бүтін дүние жүзіндегі халықтар телеграм, телефон, пошталардың ортасында бір-бірімен хабарласып, газета арқылы жұртқа қарап, бір үйдегі адамдай сөйлесіп отыр. Дүниеде болып жатқан істер, айтылып жатқан сөздер кімге пайдалылығын, зарарлы екендігін күні бұрын біліп, пайдалы болса шаттанып, зарарлысынан сақтанып тұрады. Екінші, газета – жұрттың әулет басына қызмет ететін нәрсе. Олай болатын мәнісі: жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп ғалым адамдары газета арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық етіп тұрады. Үшінші, газета халыққа білім таратушы, олай дейтініміз, газетадан жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, іс те жеттікпекші. Төртінші, газета – халықтың даушысы. Жұртым деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын азаматтар газета арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шұқытпасқа тырысады», – деп оқырманға газеттің 4 пайдалы қызметі жайлы мағлұмат берген.
    Газеттің пайдасын білімді, өнерлі халықтар көбірек білетінін, ол жұрттар­дың газетті ішер асы, киер киімі және баспанасынан кейінгі керек нәрсесі санайтынын, сондықтан олардың соғұрлым газет-журналдары көп бола­тынына оқырман назарын аударған. 1909 жылғы санақ бойынша, Америкада шығатын газет-журналдар саны – 12 435, Францияда – 8940, Германияда – 8000, Италияда – 3120, Peсейде 2058 екенін, сондай-ақ шетелдерде миллиондап қаражат жұмсап, редакция­лардың әлденеше миллион тұратын ғимараттарда орналасуын жұртқа газеттің керек екенінің бір дәлелі ретінде атап көрсеткен. 1907 жылғы санақ қорытындысына сүйенген автор Ресейде сол жылы 2173 газет һәм журнал шыққанын, оның 1396-сы орыс тілінде, 867-сі басқа тілде болғанын, сол 867-нің ішінде татар қандастарымыздың 30-ға жуық газет-журналы жарық көргенін айта келе, бізде оның біреуі де болмағанына қынжылысын жасырмаған. Онан бері өткен 5 жылдың ішінде оларда басылымдар саны бұрынғыдан да өскенін, бірақ біздің де құр қалмай, «Айқап» журналын шығарып, қазақтың да өзге ұлттар сияқты заман көшіне ілесіп, қатардан қалмауға әрекет қылып жатқанын көңілге медеу тұтқан. Алайда бір адым ілгері басып, сонымен тұрып қалсақ, алысқа ұзай алмайтынымызды ескертуді де ұмытпаған.
    «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп, газета-мыздың есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт үшін деген ұранымыздың ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету – қазақ баласына міндет. Халыққа қыз-мет етемін десеңдер, азаматтар, тура жолдың бірі – осы. Жол ұзақ, өмір қысқа, қолдан келгенін өмір жеткенінше істеп кетелік. Малша оттап, асап ішіп, халық үшін қам қылмай, қарын тойғанына мәз болып, мал өліміне күлмейік. Миллет халін ойымызға алып, қызмет етуді мойнымызға алып, талаптанған бір ісіміз. Құдай сәтін салғай, «Әмин» деп қол жайып, «Әуп» деп күш қосып, «Алла» деп іске кіріселік!» – деген жалынды сөздермен аяқталыпты алғашқы нөмірдегі бас мақала.
    Газеттің бұл санында «Ішкі хабарлар» айдарымен ел ішіндегі жаңалықтар жарияланған. Онда қазақ пайдасындағы жерлерден мұжыққа және отырықшы болатын қазақтарға кесіп берілетін жер көлемі жайында Жер министрлігінің есебі берілген. «Басқармаға келген хаттар» айдарымен оқырман хаттары жарияланған. Сонымен бірге «Уақыт» газетінде жарық көрген мақалалар да көшіріп басылыпты.
    Газеттің 10 ақпандағы екінші нөмірінің бас мақаласы «Оренбург, 10 февраль» деп аталыпты. Бұл мақалада іргесі тұтас ыдырамай, бірыңғай жат­қан қазақ халқына елдегі өзгерістерге байланысты ой салатын мәселелер қозғалған. «Енді арамызға бөтендер келіп кірісейін деп тұр. Бөтендер кіріскенде халіміз қандай болар? Тарих жолына қарағанда, келімсек жұрт күшті болса, тұрғын жұрт аяқасты болып, азып-тозып жоғалмақшы. Тұрғын жұрт күшті болса, келімсек жұрт сіңіп, тұрғын жұрттың торына түсіп, бөтендігі жоғалмақшы. Екеуі де тең болса, бір-бірінен кем болмай, біріне-бірі жем болмай, қатар тұрып күнелтіп, әрқайсысы өз алдына ұлт болып тұрмақ. Қазақ енді бірыңғай, іргесі тұтас қалпында бұл күйінде тұра алмайды. Егін шығатын жерге егіншілер келіп орнап жатыр, мал бағатын жерге мал өсірушілерді алып келіп орналастырмақшы, балығы бар жерге балықшыларды қондырмақшы. Қысқасы, ол жолмен, бұл жолмен болсын, қазақ арасына бөтен жұрттар кірейін деп тұр. Істің бәрі жалғыз-ақ тамақ асырап, күн көруге қалса, өз бетінен күн көре алмаса, өзге жұрттың есігінде жүріп, малайлықпен тамақ асырап, қазақ тіршілік етер еді ғой. Қазақ деген қашаннан өз алдына ұлт болып, Еділден Ертіске, Оралдан Ауғанға шейін тұтас тұрған халық едік. Арамызға әртүрлі жұрт кіріскенде, солармен қатар атымыз жоғалмай, қазақ ұлты болып тұра алармыз ба? Осы – бізді төсекте дөңбекшітіп, ұйқымызды бұзатын нәрсе», – деген Ахмет Байтұрсынұлы келімсектердің жаппай қоныстануы салдарынан атажұртта отырған қазақтың ассимиляцияға ұшырау қаупі туып келе жатқанына алаңдаушылық білдіріп, халықты содан сақтандырған.
    «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы ешуақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады. Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміз, дін де сақталу қамын қатар ойлау керек. Қазақтың осы күнгі ісінің бетіне қарағанда һәм мұнан былай ісіміздің беті осы болса, қазақ тілі азып, жоғалуға ықтимал», – деп Алаштың арда азаматы ана тілінің болашақтағы ахуалына бейжай қарай алмайтынын аңғартып, бір ғасырдан астам уақыт бұрын тіл мәселесінің өзекті болатынын дәл болжап, дабыл қағыпты. Не деген көрегендік десеңізші!
    Бұл нөмірде де, одан кейінгі сандарда да «Ішкі хабарлар», «Сыртқы хабарлар» айдарымен материалдар, оқырман хаттары жарияланып, «Уақыт» газетінен бірқатар мақалалар көшіріліп басылған. Түркия мен Балқан елдері арасында жүріп жатқан соғыс туралы мағлұмат берілген. «Патшалық тойы» тақырыбындағы мақалада патша хазіретінің түп атасын халық қалап, таққа отырғызғанына үш жүз жыл толуына орай той тойланып, сол қуанышқа байланысты жазасын өтеушілерге рақымшылық жасалатыны жазылған. Екінші нөмірде «Қазақтың тарихы» деген мақала жарық көрген. Онда тарихты білудің маңызы баяндал­ған. Әр ауылдың ақсақалы тұрған бір шежіре екенін, оның өткен-кеткен, естіген-білгенін жастарға айтып отыратынын, шала молдалар, тарихтың не екенін білмеген надан қожалар тарихты «Құдайдың бұйрығы емес, Мұхаммедтің сөзі емес, оны оқу-білу неге керек?» – деп аңқау елге арамзалығын қылып, тарихтан жұрттың көңілін суытатыны айтылған.
    17 ақпанда шыққан газеттің үшінші нөмірінде «Оренбургте жеті сайын шығатын «Қазақ» газетасына жазылу дәптері ашылды» деген тақырыппен баспасөзге жазылуға жарнама беріліпті. Онда «Қазақ» газетінің мақсаты айтылған. Бір жылға жазылу бағасы 3 сом және жарты жылға 1 сом 75 тиын екені көрсетілген. Сондай-ақ газет баратын мекенжайды анық жазуды және хат жолдаушылар үшін қай тілмен жазылған хабарлар болса да, қабылдана берілетіні жайлы ақпарат оқырман назарына ұсынылған. Бұл нөмірдегі бас мақала «Оренбург, 18 февраль» деп аталыпты. Онда Еуропадағы жиырма шақты патшалық туралы ақпарат берілген. Олардың арасында соғыс өртінің тұтануы жақын екені жазылған. Түркиядан құтылған славяндар күшейсе, Ресей оларды қолдаса, Австрия славяндарды қол астына басып ұстап отыруы қиын болғандықтан, түрікті Еуропадан қуғысы келетіндерге Австрияның қарсы шығатынына, орыс пен түрік соғысының бәрінде де Австрия түрік жағында болғанын, осы уақытта Еуропа патшалары қару-жарақтарын сайлап, әскерлерін дайындап тұрғаны айтылған.
    Бұл санда басы екінші нөмірде жарияланған «Қазақтың тарихы» мақаласының жалғасы басылыпты. Онда қанша тарих жазушылары шығып, каншама кітап жазып шығарғанымен, солардың арасында қазақтың асылын анық айтатындары жоқ екенін, қазақ турасында жазылған сөздердің бәрі де шіп-шикі өтірік екенін атап өткен. Қазақтың өзінің атынан айырылып, қырғыз атанып жүрген қателікті түзету керегі де айтылған.
    Ақпан айында басылу керек болған газеттің төртінші нөмірі 1 наурыз күні шығыпты. «Февральдің 21-інен бастап 25-іне шейін орыс мейрамдары болып, баспахана жұмысы тоқталып және де газетамыздың басында тұрған «Қазақ» деген жазудың суретін түсіретін тасы даяр болмай, бұл нөмірін қалыпты мезгілінде шығара алмадық. Мұнан былай уақытынан қалмай шығып тұрмақшы», – деп бірінші бетте редакция тарапынан оқырмандарға арнап нөмірдің кешігу себебі жазылыпты.
    Бұл нөмірде де оқырман хаттары, Түркия хабарлары, ішкі және сыртқы жаңалықтар жарық көрген. Сонымен бірге Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Міне, алақай!» өлеңі басылыпты.
    Есенғали Қасаболатов есімді студент «Қазақ жастарына» деген мақалада жастарды білім алуға шақырып, оқып, мамандық алып, лауазымды қызмет атқарып жүрген қазақ жігіттерінің халыққа пайдасын тигізе алмай жатқаны да сынға алынған. Сондай-ақ қазақтың жоғары оқу орнын бітіріп шыққандарының басқа жұрттар арасында тұрғанды тәуір көретінін олардың келіспеген ісі деп баға беріпті. «Кел, мырзалар, жаңа талап жастар! Елімізге қызмет етелік, жұрт істегенді біз де істелік, көрінгенге күлкі болмалық», – деп аяқтапты студент өз мақаласын.
    Осылайша қазақ халқының жоқтау­шысы әрі қамқоршысы болған «Қазақ» газетінің алғашқы төрт нөмірі жайында оқырманға мағлұмат беруге тырыстық.

    Айжарық КӨПТІЛЕУОВ

    Ұсынымдар

    Қаламгерлерге құрмет

    Қаламгерлерге құрмет

    11 months ago
    Қонаевта масаға қарсы шаралардың екінші кезеңі өтіп жатыр

    Қонаевта масаға қарсы шаралардың екінші кезеңі өтіп жатыр

    3 years ago
    Шайбалы хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы 2025 жылғы Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды

    Шайбалы хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы 2025 жылғы Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды

    12 months ago
    Ассамблеяның мерейлі жылы:  жаңа жобалар мен тың бастамалардың тоғысы

    Ассамблеяның мерейлі жылы: жаңа жобалар мен тың бастамалардың тоғысы

    2 months ago
    Сәтбаев музейіндегі кітап сөресі

    Сәтбаев музейіндегі кітап сөресі

    3 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>