Алматыдағы Ұлттық кітапханада қазақ руханиятының Хантәңіріндей асқақ шыңы – Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына және ақын атындағы халықаралық қоғамдық қордың 20 жылдығына орай «Мұқағали шығармаларын зерттеудегі жаңа бағыттар» атты республикалық ғылыми конференция өтті.
Ұлттық кітапхананың мәжіліс залы Мұқағали поэзиясының бүгінгі тынысын, ертеңгі бағдарын айқындаған рухани алаңға айналды. Мұнда әдебиеттанушы ғалымдар мен зерттеушілер ақын поэзиясының көркемдік болмысы, философиялық тереңдігі, ұлттық әдебиеттегі орны жайлы мазмұнды баяндамалар жасады.
Ғылыми кеңесті бастап, жүргізіп отырған ақын Бақыт Жағыпарұлы алғашқы сөз кезегін Алматы қалалық мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиевке берді. Данияр Абзалиденұлы жиналған қауымды мерейтоймен құттықтап, Мұқағали поэзиясының ұлттық руханияттағы айрықша орнына тоқталып, мұндай тағылымды жиындардың қоғам санасын жаңғыртудағы маңызын атап өтті. Келесі кезекте белгілі қаламгер, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Сүлеймен Мәмет мінберге көтерілді. Ол өз сөзінде:
– Жылдар өткен сайын Мұқағалиды көргендер азайып, көрмегендер көбейіп келеді. Сол буынға ақын туралы ақиқатты бұрмалаусыз жеткізу – біздің парызымыз. Бұл жиынның мақсаты – «Сен білмейсің, мен білемін» деген ұсақ пікірталастан арылып, жүйелі ғылыми тұжырым жасауға көшу. Түрлі ойлар бір арнаға тоғысып, ертең алуан пікірдің жетегінде кетпес үшін ортақ ғылыми түйін керек, – деп баяндамасын тарқатты. Сөз соңында мектеп оқушылары арасында Мұқағали атындағы халықаралық олипиада өткізілсе деген ұсынысын ортаға салды.
Келесі сөз кезегін алған ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Мұқағали поэзиясының бүгінгі ғылыми танымдағы кеңістігін айшықтады.
– Мұқағали ақын қайта тумайды, бірақ мұқағалитанушылар туып жатыр. Біз үшін ол – үлкен қуаныш. Бұл – ұлы мұхиттың түбінен маржан тергендей еңбек. Әрбір ғалым тереңге бойлаған сайын өз маржанын табады. Бұл – Мұқағали қазынасының молдығын көрсетеді, – деп ақынның 95 жылдығына орай халықаралық поэзия фестивалін өткізуге байланысты жоба өңір басшыларына ұсынылғанын айтты. Сонымен қатар Ресейде және ТҮРКСОЙ аясындағы мемлекеттердің барлығында Мұқағалидың поэзия кештері өтетінін жеткізіп, ақын мұрасының әлемдік рухани кеңістікке жол тартқанын қуанышпен атап өтті.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы Мұқағали поэзиясының халық жадындағы орны мен жүйелі насихатталуын ерекше атап өтті.
– Мұқағалидай кеңінен насихатталған ақын жоқ деуге болады. Бұған – 20 жылдық тарихы бар «Мұқағали» журналы мен биыл құрылғанына 20 жыл толып отырған Мұқағали Мақатаев атындағы халықаралық қоғамдық қордың еңбегі дәлел. Жұлдыз ағамыз – ақын мұрасының шынайы шырақшысы, ал Бақытгүл жеңгеміздей атасын ардақтаған келін сирек. Бұл – поэзияны, руханиятты шынайы сүюдің нағыз үлгісі. Мұқағали шығармалары қанша тілге аударылса да, іші қазаққа ең жақын ақын болып қала береді. Оның ұлылығы – қарапайым он бір буынды қара өлеңмен оқырман жүрегін жаулай білуінде. Мағжан, Сәкен, Қасым сынды алыптардай 45 жыл ғана ғұмыр кешсе де, Мұқағали рухының ғұмыры мыңжылдықтарға жалғасатынына сенеміз, – деді ол.
Жиын барысында көпшілікке ақжолтай жаңалық жарияланды. Кеш жүргізушісі Бақыт Жағыпарұлы ақынның 95 жылдығына орай «Атамұра» баспасынан «Хантәңірі» атты жаңа жыр жинағы жарық көргенін жеткізіп, кеш қонақтары жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімін жасады. Мұқағали поэзиясының мәңгілік тынысын бүгінгі оқырманмен қайта табыстырған рухани олжа үлкен тойды жақсы ырыммен бастап, бар қазақты қуантты десек, артық айтпағанымыз. Келесі кезекте мінберге көтерілген Мұқағали Мақатаев атындағы халықаралық қоғамдық қордың төрағасы Бақытгүл Айдарова 20 жыл ішінде атқарылған жобалар мен нәтижелі жұмыстарды кеңінен баяндады. Ол «Хантәңірі» жинағының «Атамұра» баспасынан шыққан ақынның үшінші кітабы екенін айтып, баспа ұжымына, соның ішінде корпорация президенті Рақымғали Абрарұлының ыждағатты еңбегіне ерекше алғыс білдірді. Қордың басты мұраты Мұқағали мұрасын ұлттың рухани айналымынан шығармай, жас ұрпаққа саф қалпында жеткізу екенін атап өтті.
Жиында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рақымғали Абрарұлы, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Батық Мәжитұлы, «Мұқағали» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов, Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Ғалым Жусанбаев сөз алып, ақын мұрасына қатысты толғамды ойларын ортаға салды. Өнер қайраткері, танымал дәстүрлі әнші Алма Аманжолова Алтынбек Қоразбаевтың ақынға арналған әнін тамылжыта орындаса, Алматыдағы Мұқағали атындағы №140 мектептің оқушылары ақын жырларынан шашу шашып, ұлы поэзияның жас жүректерге қалай қонып жатқанын көрсетті.
Жиын соңында Жұлдыз Мұқағалиұлы сөз алып, әкесінің рухына тағзым еткен барша жұртқа өз алғысын білдіріп, бұл – құрмет пен сағынышты, тағзым мен тағылымды тоғыстырған сәт екенін тебірене айтты.
– Бүгінгі жиын өткенді еске алудың ғана емес, келешекке бағдар түзеген кемел жиын болды. Әкеміздің поэзиясы – уақыттан биік, ұрпақтан озық рухани құбылыс. Ал сол асыл мұраны бүгінгі ғылым тілімен сөйлету, оны жаңа буынның жан әлеміне жақындату осы отырыстың басты жеңісі болды, – деді.
Конференция ақынның «Музаға» атты өлеңінің соңғы шумағымен көркем түйінделді.
Құралбек СӘБИТОВ




