Қазір қоғамда ең көп талқыланып жатқан тақырыптардың бірі – Конституциялық реформа. Мемлекеттің негізгі құжатына енгізілетін өзгерістер әр сала өкілдерінің қызу пікірталасына ұласып, түрлі ұсыныстар айтылуда. Осыған орай Кеген аудандық кітапханасының коворкинг орталығында дөңгелек үстел өтті.
Жиынды ашқан Кеген аудандық кітапхана директоры Индира Ахметова кездесудің маңыздылығына тоқталды.
– Бүгін біз қоғам үшін аса маңызды, ел болашағын айқындайтын жаңа Конституция жобасы туралы ой бөлісу үшін бас қосып отырмыз. Конституция – бұл жай ғана заңдар жинағы емес, ол мемлекеттің бағытын белгілейтін, азаматтың құқығын қорғайтын, қоғамның ортақ келісімін бекітетін Негізгі Заң. Соңғы жылдары елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың басты ерекшелігі – халықтың пікірін тыңдау, ашықтық және қоғамдық қатысуды кеңейту, – деді ол.
Іс-шара барысында Жылысай ауылдық кітапханасының қызметкері Әйгерім Алғадайқызы «Конституциялық реформа: өзгертулер мен толықтырулар», Тоғызбұлақ ауылдық кітапханасынан Әсел Қайырбекқызы «Жаңа Қазақстан: Конституциялық реформаның рөлі», Алғабас ауылдық кітапханасынан Жадыра Қайратқызы «Құқықтық мемлекетке қадам: кітапхана арқылы құқықтық білім тарату» тақырыбында мазмұнды баяндамаларын оқып, реформаның қоғам өміріндегі рөліне тоқталды.
Жиын барысында дөңгелек үстел қатысушылары Конституцияның жаңа жобасына қатысты өз ұсыныстарын ортаға салып, негізгі бағыттарын ауыл тұрғындарына кеңінен түсіндіруге, оқырмандар арасында оң ақпараттық жұмыс жүргізуге дайын екендерін жеткізді.
Индира Әлиқызы жиынды қорытындылап, алдағы уақытта да кітапхана қабырғасында құқықтық мәдениетті көтеретін кездесу, пікірталас, ақпараттық сағат, көрмелер ұйымдастыру арқылы қоғамға пайдалы қызмет етеді деген сенімін білдірді.
Дөңгелек үстел еркін пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар үшін тәжірибе алмасуға және алдағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын нақтылауға мүмкіндік берді.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы




