Талғардағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, грек-рим күресінен КСРО спорт шебері, «Парасат» орденінің иегері, ересектер арасындағы КСРО кубогының жеңімпазы Боранбек Қоңыратовтың құрметіне арналған 2011-2013 жылдары туған кіші жасөспірімдер арасында облыстық ашық турнир өтті.

Аталған жарысқа Қазақстан-ның барлық облыстары мен республикалық маңызы бар қалалардан, сондай-ақ Қырғызстан мен Өзбекстаннан 20 команда, 300-ге жуық жас балуан қатысты. Олар 38 келіден 85 келіге дейінгі 10 салмақ дәрежесінде бозкілемде белдесті.
Боранбек Қоңыратов – грек-рим күресінен Қазақстандағы ең танымал жаттықтырушылардың бірі. Ол ондаған жылын осы салаға арнап, еліміздің ең мықты балуандарының тұтас бір буынын тәрбиелеп шығарды. Оның жетекшілігімен Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев пен 2012 және 2016 жылдардағы Олимпиада ойындарының қатысушысы Алмат Кебісбаевтай Қазақстан Республикасының екі еңбек сіңірген спорт шебері дайындалды. Сондай-ақ дарынды бапкер халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алған 13 балуанды тәрбиеледі. Олардың қатарында әлемге танымал Дархан Баяхметов, Ербол Қоңыратов, Ербол Камалиев, Олжас Сұлтан және басқа да спортшылар бар. Ең бір қуаныштысы, халықаралық дәрежеде өткен ашық турнир Боранбек Темірғалиұлы шәкірттерінің бастамасы және демеушілік қолдауымен ұйымдастырылды.
Ондағы мақсат – даңқты бапкердің елімізде грек-рим күресін дамытуға қосқан өлшеусіз үлесіне құрмет көрсету, жас спортшылардың шеберлігі мен жарыс тәжірибесін арттыру, болашағы зор балуандарды анықтау және қолдау, әртүрлі елдер мен өңірлердің командалары және спорт мектептері арасындағы байланысты нығайту, жаттықтырушылар мен спортшылар арасында тәжірибе алмасу.
Екі күн бойы аса тартысты өткен жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Қырғызстан Республикасының балуандары бірінші орынды жеңіп алса, Ақтөбе облысының жасөспірім спортшылары – екінші, ал турнир қожайыны саналған Алматы облысының грек-рим күресімен айналасатын кіші жасөспірімдері үшінші орынды иемденді.
Даңқты бапкер Боранбек Қоңыратовтың құрметіне арналған ашық турнир жоғары деңгейде өтті. Жасөспірім балуандардың көбі нағыз спортшыға тән қайсар мінез, жеңіске деген жігер, елімізге еңбек сіңірген спорт қайраткерінің лайықты ізбасарлары қалыптасып келе жатқанын көрсетті. Жарыс жеңімпаздары чемпиондық белбеу және тиісті дәрежедегі медаль, сондай-ақ грамотамен марапатталды.
Әрине, грек-рим күресі, жалпы спортқа қызығатын отандастарымыз Боранбек Қоңыратовты, оның бұл салаға сіңірген еңбегін жақсы білетіні анық. Десе де, қалың оқырманға тағы бір рет таныстыра кеткен артық болмас. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы – бар ғұмырын күреске арнаған адам. Үй көрмей, апталап, айлап шәкірттерімен жүреді. 2024 жылы шәкірті Демеу Жадыраев Париж Олимпиадасының күміс медалін алғанда оның жеке бапкері Боранбек Қоңыратовты қаумалап, сый-құрметін көрсетіп жатқан қауымда есеп жоқ еді. Бірақ оның осы бір жеңіс үшін бес олимпиада циклы бойы арпалысып, табаны күректей 20 жыл күткенін елдің бәрі біле бермейді.
– Менің жаттықтырушым өзін тек күрес шеберлерін ғана емес, жеке тұлғаларды да қалыптастыратын тәлімгер ретінде көрсетті. Техника, тактикамен қатар, ол шыңдарды бағындыру жолы – өзіңмен күнделікті жұмыс істеу екенін санамызға сіңіре отырып, психологиялық тұрақтылыққа ерекше назар аударады. Бүгінгі турнир – ұрпақтар сабақтастығының, ұстазға алғыс білдірудің және Боранбек Қоңыратовтың бүкіл өмірін арнаған грек-рим күресіне деген шынайы сүйіспеншілігінің символы, – деді Демеу Жадыраев.
Ал грек-рим күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дархан Баяхметов:
– Боранбек Темірғалиұлы бала кезімнен маған тәртіпті, жауапкершілікті және спортқа деген құрметті үйретті. Спортта табысқа жеткендерге жеңілдік жасаған емес, керісінше, басқаларға қарағанда қатаңырақ талап қойды. Бұл мені шынықтырып, спортшы ретінде қалыптасуыма көмектесті, – дейді бапкеріне деген үлкен құрметпен.
«Боранбек – ең бастысы, өз ұстанымы бар, мінезді бапкер, керек жерінде өз позициясы үшін қасқайып тұрып алады. Үнемі ізденіс үстінде жүреді. Ұлттық әдебиет пен тарихтан да қара жаяу емес. Асылы, шәкірт ұстаған адамның көкірегінде сәуле болғанына не жетсін?! Боранбек Абайдан бастап, Бауыржан Момышұлын құмартып оқиды. Кез келген мәселеге ой көзімен, тура қарағанды ұнатады. «Тура биде туған жоқ…» демекші, осы мінезімен талайларға жақпай қалатыны бар. Бірақ мінезсіз бапкердің жапырақсыз ағаштан несі артық?!» – деп жазды кезінде танымал спорт журналисі Қыдырбек Рысбекұлы.
Бұл – оған берілген нақты мінездеме, адамгершілік қасиетінің бір парасын анықтайтын бағалы пікір!
Осындай сан жылдық маңдай тердің, тынымсыз ізденістің, шәкіртке деген адалдықтың нәтижесінде Боранбек Қоңыратовқа «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» деген атақ беріліп, «Парасат» орденімен марапатталды. Бұл – бір адамның ғана емес, оның қолынан тәлім алған барлық спортшының ортақ жеңісі екені анық.
Даңқты бапкердің шәкірттері келешекте де халықаралық жарыстарда ел мерейін асырып, талай байрақты бәсекелерде Көк Туымызды желбірететініне күмән жоқ.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы




