Жамбыл ауданында жаңа Конституцияны қолдайтын коалиция құрылып, өз жұмысына кірісті. Бұл бастама «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» атты жалпыұлттық коалиция құру жөніндегі республикалық үндеудің жергілікті жердегі жалғасы саналады. Өңірлік коалицияның Жамбыл ауданындағы бөлімшесінің де негізгі мақсаты – елдегі конституциялық реформаларды қолдау, қоғам өкілдерін ортақ бастама төңірегіне біріктіру және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Аудандық коалиция құрамына азаматтық қоғам белсенділері, қоғамдық ұйымдар, ардагерлер мен аналар кеңесі, жастар ұйымдары және жергілікті басқару органдарының, түрлі саланың өкілдері кірді. Олардың қатарында «АМАNАТ» партиясы аудандық филиалының жетекшісі Ықылас Амалбек, мәслихат төрағасы Мадияр Әмірғалиев пен депутаттар Меруерт Молдашева, Ерік Еркімбайұлы, Алипаша Чумаев, кәсіпкер Армандос Ақылдосұлы, ақсақалдар кеңесінің мүшелері Тәңірберген Қасымберкебаев пен Исмаилжан Иминов, ауданның Құрметті азаматтары, медицина саласының ардагерлері Доғдыркүл Молдахалықова мен Зинаш Күштекова, Сүйінбай Аронұлы әдеби-мемориалдық музейінің меңгерушісі Гүлзат Асқарова, білім бөлімінің өкілдері Сәния Бижұменова мен Райхан Жәнібекова сынды белсенді азаматтар бар.
Коалиция мүшелері аудан елдімекендерінде конституциялық реформа бастамасы аясында елдегі конституциялық өзгерістерді түсіндіреді. Жер-жерде қоғамдық пікір алмасу алаңдарын ұйымдастырып, азаматтардың ұсыныс-пікірлерін жинақтайды. Жаңа Ата Заңның жобасына енгізілген өзгерістерді жан-жақты ұғындырып, 15 наурызда болатын жалпыұлттық референдумға тұрғындарды белсенді қатысуға шақырады. Ел бірлігі мен құқықтық мемлекетті нығайтуға бағытталған әртүрлі іс-шаралар өткізу жоспарланған. Аудандық коалиция штабы үгіт-насихат және түсіндіру жұмыстары үшін арнайы дайындалған әдістемелік материалдармен қамтамасыз етілді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы




