Өңірлік коммуникациялар алаңында жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері былтырғы жұмыс қорытындысын жария етті. Биылғы бағыттарға да басымдық беріп, түрлі бағдарламалар жайын тарқатты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серік Орымбетов күрмеуін тапқан күрделі мәселелерді тілге тиек етті.
Былтыр Президент бекіткен 2022-2026 жылға арналған жемқорлық жою тұжырымдамасына сәйкес агенттік пен аумақтық департаменттердің 5 жылға арналған бағдарламасы айқындалған. Осы тұста өңірімізде атқарылған
Жұмыстар жайы жоғары нәтиже берді. Негізгі үш бағыт белгіленіп, түрлі қылмыстардың жолы кесіліп, сыбайлас жемқорлық себептері анықталды.
Өткен жылы агенттік төрағасы жемқорлықпен ұштасқан қоғам қызметінің түрлі салаларын қамтитын сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасын бекіткен. Осы орайда облыс аумағында нысаналы топтармен 100-ден астам түсіндіру кездесулері өтіп, қылмыстың алдын-алу шаралары қамтылды. Қарасай, Ұйғыр, Кеген, Райымбек, Еңбекшіқазақ, Жамбыл тұрғындарымен және кәсіпкерлермен де жиі жүздесіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың талаптары мен жаңалықтары баяндалды.
Спикер Серік Құдайбергенұлы халықпен уақытылы кездесулер сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тиімділігінің кепілі екендігін жеткізіп, бюджетті бақылау жайын тізбектеді. Ол:
– Өткен жылдың тамыз айынан бастап жергілікті атқарушы органдардың 984 млн теңгеге бағаны негізсіз көтеруіне жол берілмеді. Мысалы, құрылыс басқармасы сатып алу жоспарына шамамен 900 млн теңгеге бір құрылыс құрылымын сатып алуды енгізген. Бұл ретте, “Бірыңғай сатып алу терезесі” порталының деректеріне сәйкес, мұндай құрылымның орташа құны небәрі 750 мың теңгені құрайды. Осыған байланысты, біз ұсыныс хат жібердік, соның негізінде сатып алу тоқтатылды, – деп атап өтіп, атылмыш фактілер жемқорлыққа қарсы қызметтің ерекше бақылауында болатынын айтты.
Парамен ұсталып парықсыздық танытқан мекемелер мен жемқорлық жасаған жеке адамдар да жазасыз қалмаған. Жемқорлыққа қарсы қызмет былтыр талайдың қылмысқа деген қадамын кескен. Алдын-алу шарасы арқылы да тойымсыздықпен танылғандар айыппұл арқалап, қайта қайталанса қатаң жаза бары қадап айтылған.
Құралбек Сәбитов