«Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Ұзынағаш ауылындағы Жамбыл аудандық көпбейінді орталық ауруханадамедицина қызметкерлерімен жүздесті.
Кездесуде коалиция өкілдері аталған орталық аурухана ұжымымен жаңа Конституция жобасының құқықтық жаңашылдықтарын талқылады. Коалиция мүшелері жаңа Конституция жобасының 21-бабында азаматтардың жеке өмірге қол сұғылмау құқығы, жеке және отбасы құпиясы, сондай-ақ цифрлық технологияларды қолдануды қоса алғанда, дербес деректерді заңсыз жинаудан және пайдаланудан қорғау кепілдігі бекітілетінін атап өтті.
«Цифрлық дәуірде азаматтардың дербес деректерін қорғау – аса маңызды мәселе. Жаңа Конституция бұл норманы Негізгі заң деңгейінде бекітіп отыр. Бұл медициналық ақпараттың, пациент құпиясының және жеке мәліметтердің қорғалуын күшейтеді», – деді коалиция мүшесі Гүлзат Асқарова.
Кездесу барысында аудандық көпбейінді орталық аурухананың медицина қызметкерлері цифрлық қауіпсіздік пен құқықтық кепілдіктер жөнінде коалиция мүшелерімен пікір алмасты.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы




