Қазақтың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет еткін» деп айтып кеткендей, мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігі мінсіз, әдепті мінез-құлықтарымен қатар жүруі қажет. Осы орайда, мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершiлік бейнесiне және iскерлiк қасиеттеріне қоғам жоғары талап қояды.
Әрбір өңірде Әдеп жөніндегі кеңес алқалары бар. Олардың басты мақсаты – әдеп нормаларын сақтаудағы жауапкершілікті күшейту, сәйкесінше тәртіпті нығайту. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті Алматы облысындағы Әдеп жөніндегі кеңес алқалы органының құрамы 2023 жылы 7 мүшеден 11 адамға дейін көбейді. Естеріңізге сала кетейік, Кеңестердің отырыстарында тәртіптік істерден бөлек, лауазымды тұлғалар атқаратын өзге де жұмыстар қаралады. Мысалы, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзушылықтарының профилактикалық жұмысының қорытындылары, әдеп жөніндегі уәкілдер қызметінің, мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларының жұмыс нәтижелері және өзге атқарылатын шаралар қаралады.
Әдеп нормаларының бұзылуына жол бермеу, мемлекеттік қызметшілердің әдеп деңгейін арттыру мақсатында Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері тұрақты түрде семинарлар мен дәрістер түрінде түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Мысалы, департаменттің бастамасымен бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Алматы облысы бойынша басқармасымен бірлесіп, барлық мемлекеттік органдардың өкілдерімен Zoom қосымшасы арқылы онлайн режимінде кездесті. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында барлық мемлекеттік органдар «E-otinish.kz» азаматтардың өтініштерін қабылдау және өңдеу алаңында жұмыс істейді. Жоғарыда аталған құрылымға жүргізілген мониторинг барысында бірқатар жүйелі заң бұзушылық анықталды. Нәтижелері бойынша уәкілетті тұлғаларға тиісті жаза қолданылды.
Сондай-ақ, қаралған тәртіптік істерге талдау жүргізіліп, заң бұзушылықтардың 53,1% мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнама талаптарына қатысты екені анықталды. Осыған орай, Алматы облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы, сондай-ақ Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі Мейрам Мұсаев департамент қызметкерлерімен бірлесе отырып, Іле ауданының әкімі аппаратының қызметшілері арасында мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған арнайы жиын өткізді.
Сондай-ақ, Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі Ерік Әзілжанұлы Еңбекшіқазақ ауданында мемлекеттік қызметшілермен семинар-кеңес ұйымдастырды. Шара барысында Әдеп жөніндегі кеңестің 2022 жылғы жұмысының қорытындысы ұсынылды. Ерік Әзілжанұлы мемлекеттік қызметшілердің назарын жер заңнамасына қатысты мәселеге аударды, өйткені, тәртіптік істерді қарау кезінде мәселелердің 14,8 % аталған салада.
Алматы облысында 2022 жылы Әдеп жөніндегі кеңеспен 47 – тәртіптік іс қаралды. Тәртіптік істерді қарау қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметке кір келтіргені үшін 3 тұлғаға, Әдеп кодексін бұзғаны үшін 34 тұлғаға тиісті тәртіптік жаза қолдану ұсынылды. Сонымен қатар, Әдеп жөніндегі кеңес, әкімдер мен басқа да басшыларға қызметтік тәртіпті нығайтуға, сыбайлас жемқорлыққа және қызметтік әдеп нормаларының бұзылуына жол бермеуге бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру бойынша 49 ұсыныс енгізді.
Ұлан Қалжанов
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы