Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен Талғар ауданында болды. Қызылқайрат ауылындағы «Ақ жол-М» балаларды оңалту орталығы және Кеңдала ауылындағы мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау орталығының жұмысымен танысқан аймақ басшысы Наурыз мерекесіне арналған салтанатты шараға қатысып, аудан тұрғындары мен қонақтарды құттықтады.
Марат Елеусізұлы алдымен «Ақ жол-М» балаларды оңалту орталығының жұмысымен танысып, ерекше балалар дайындаған қысқа концерттік бағдарламаны тамашалады. Өнерлі балапандарға өз атынан бағалы сыйлықтар табыстады. Орталық ұжымы мәртебелі мейманға ақ пен наурызкөже ұсынды.
– Аудандағы Наурыз мерекесін тойлауға келе жатып, осы қайырымдылық қорын көре кетейік дедік. Қандай дарынды балалар, тамаша концерт қойып, республикалық байқауларға да қатысып жүр екенсіңдер. Бәріңе өнерлерің өркендей берсін, денсаулықтарың мықты болсын деп тілеймін. Күнделікті осы балалардың тәрбиесімен айналысып жүрген бұл орталықтың қызметкерлері – нағыз бүгінгі күннің батырлары. Еңбектеріңіз жансын, балаларыңыз ертең-ақ аяғына тұрып, өмірдегі өз жолдарын тауып кетсін. Наурыз құтты болсын! – деді Марат Елеусізұлы.
Өз кезегінде «Ақ жол-М» қоғамдық қорының төрайымы Рушангүл Тоқтахунова мәртебелі мейманға Ұлы Наурыз мерекесі тойланып жатқан тұста орталыққа келіп, оның жұмысымен танысқаны, балаларға сыйлық табыстап қуантқаны үшін олардың ата-аналары және ұжым атынан алғыс білдірді.
Одан соң Марат Сұлтанғазиев Кеңдала ауылындағы мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау орталығына келді. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарды қолдау орталығының негізін қалаушы әрі оның жетекшісі Зухра Серікқызы аймақ басшысына бұл орталықтың мақсаты, атқарылып жатқан жұмыстары және алдағы жоспарлары жайында жан-жақты айтып берді. Кездесіп жатқан қиындықтарды да жасырған жоқ. Мысалы, орталық әліг күнге дейін күнделікті аса қажет ауызсуды тасымалдап жеткізеді екен. Сондай-ақ жұмысты кеңейтіп, аналарды көбірек тарту үшін ғимараттың да тар екенін жасырмады.
Мұны естіген облыс басшысы тиісті мекемелерге екі апта ішінде ғимаратты орталықтандырылған су құбырына қосу жөнінде шұғыл тапсырма берді. Ал, орталық аумағын кеңейту бойынша мәселені жүйелі түрде шешуді тапсырды.
Ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалту және тәрбиелеумен айналысатын екі орталықтың жұмысымен танысқан соң Марат Сұлтанғазиев аудан әкімдігі Ұлы Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырған салтанатты шараға келді. Табиғаты тамаша тау байрайында орналасқан Жастар саябағында шын мәнінде ине шаншарға орын жоқ. Қызылды-жасылды, көзге өте ыстық әрі әсем көрінетін ұлттық киімдегі үлкен-кіші бір-бірімен шүйіркелесе амандасып, мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін білдіріп жатыр. Бір жағында жас балуандар боз кілем үстінде белдесіп жатса, тағы бір жағында арқан тартыс қыза түскен. Наурызкөже, ет, палау, кәуап сияқты ас түрлерін дайындап, қонақтарға ұсынып жатқан сауда нүктелерінде есеп жоқ. Ал үлкен сахнада аудан өнерпаздары құлақтан кіріп бойды алатын әуезді ән шырқап, қоңыр домбыраның шанағынан делебеңді қоздыратын күмбірлеген күй төгілуде. Аймақ басшысы осының бәрін аралап көрді. Ауа-райы да ашық, күн жылы. Құдды Жаратқан Иеміздің өзі халқымыз бұл мейрамды емін-еркін тойласын дегендей, Көктен төгілген Күн нұры Жер Ана мен адамдардың жүрегіне ерекше жылу беріп тұрғандай сезіледі.
Құттықтау үшін сөз облыс басшысына берілді.
– Ұлы Наурыз мерекесі ұлтымыздың рухани болмысы мен өмір салтының айнасы. Күн мен түн теңеліп, табиғат түлеп, Жер Ана жаңғырған осы кезеңде адам баласының да жан-дүниесі жаңарып, болашаққа деген сенімі нығая түседі. Ата-бабаларымыз бұл күнді жыл басы деп ерекше қастерлеп, оны татулық пен бірліктің, ырыс пен берекенің бастауы деп бағалаған. Сондықтан да бұл мейрам әр шаңыраққа жақсылық пен молшылықтың жаршысы болып келеді.
Биылғы Наурыз мейрамы еліміз үшін тарихи маңызға ие. Өйткені біз Жаңа Конституция негізінде ел дамуының жаңа кезеңіне қадам бастық. Ата Заңымызға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар мемлекетіміздің демократиялық даму жолын айқындап, әділетті қоғам қалыптастыруға берік негіз қалайды. Бұл – ел бірлігін нығайтып, әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған қадам.
Талғар өңірі облысымыздың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосып келеді. Табиғаты көркем, мүмкіндігі мол аймақтарымыздың бірі. Біздің басты міндетіміз – ел президенті белгілеген стратегиялық бағыттарды жүйелі түрде жүзеге асырып, аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру.
Құрметті қауым, Наурыз – қайырымдылық пен мейірімділік мезгілі. Біз бүгін тек мереке тойлап қана қоймай, айналамызға қамқорлық көрсетуді, өткенге салауат айтып, болашаққа сеніммен қадам басуды мақсат етіп отырмыз. Биыл Наурызнама онкүндігінің аясында ұйымдастырылған іс-шаралардың барлығы ұлттық дәстүрлерімізді жаңғыртып, оны жас ұрпақтың санасына сіңіруге бағытталған. Бұл бастамалар өскелең буынның бойында отансүйгіштік сезімін қалыптастырып, елжандылық қасиеттерді дәріптеуге зор ықпал етеді. Алдымызда әлі де атқарылатын ауқымды міндеттер көп. Біз ауданның инфрақұрылымын жақсартуды, жаңа жұмыс орындарын ашуды, білім және денсаулық сақтау салаларын дамытуды басым бағыт ретінде жалғастыра береміз. Әрбір бастамамыз халық игілігіне қызмет етуі тиіс. Бірлік пен ынтымақтың арқасында біз Талғар өңірін одан әрі гүлдентіп, көркейтіп – дамыған аймаққа айналдырамыз.
Ардақты ағайын, еліміздің іргесі берік, тәуелсіздігіміз тұғырлы, тыныштығымыз баянды болсын. Көктемнің осы жарқын мерекесі әр шаңыраққа шаттық пен қуаныш, жаңа жетістіктер мен толағай табыстар әкелсін. Аналарымыздың жүзінен күлкі, балаларымыздың көзінен қуаныш кетпесін. Тұспа-тұс келген Ораза айт мерекесі де құтты болсын. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, Наурыз құтты болсын, – деді Марат Елеусізұлы.
Аймақ басшысын сапар кезінде облыс әкімі аппаратының басшысы Мұрат Мәдіғұлов, Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков пен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асыл Ваисов ертіп жүрді.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы




