Ұлыстың ұлы күнін ұлықтау ниетімен толқынды көлдің жағасына қоныс тепкен шаһар тұрғындары мен қонақтары Бердібек Соқпақбаев атындағы орталық саябақта бас қосты. Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов, бөлім басшылары, мәслихат депутаттары, еңбек ардагерлері, аналар кеңесінің мүшелері этномәденил бірлестіктер ұйымдастырған көрмелерді, саябақтың әр жерінде өтіп жатқан ұлттық ойындарды тамашалады.
Корей, орыс, ұйғыр этномәдени орталықтарының музыкалық аспаптар, тағамдар түрлері, көрмелерге қойылған түрлі бұйымдар көрермендердің қызығушылығын туғызды. Этнос өкілдері тамашалаушыларға қандай тағамның қай кезде неге арналып және қалай жасалатыны жайлы мол мағлұмат берді. Сонымен бірге тұрмыстық заттар мен муызыкалық аспаптарды кеңінен таныстырды. Қонақтар тағамдардан дәм татып, түрлі этностардың мәдениетінен хабардар болды.
«Тұмар» театры мен Қонаев әуендері ансамблінің орындауындағы ұлттық дәстүрлер дәріптелген көрініспен басталған салтанатты шарада жиналған жұртты Наурыз мерекесімен құттықтаған Асхат Ермекұлы 2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының шешіміне сәйкес, 21 наурыз «Халықаралық Наурыз күні» болып бекітілгенін атап өтті.
–2026 жыл еліміз үшін жаңғыру мен даму кезеңінің жалғасы болып отыр. Биыл цифрландыру мен заманауи технологияларды дамытуға ерекше мән берілуде. Бұл өз кезегінде мемлекеттік басқаруды жетілдіріп, қызмет сапасын арттырып, қаламыздың дамуына жаңа серпін беруде. Бүгінде Қонаев қаласында 30-дан астам этнос өкілі, 70 мыңға жуық тұрғын тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бірлік мен ынтымақтың арқасында көптеген игі бастама жүзеге асуда. Бүгінгі мерекелік шара – осы берекенің айқын көрінісі, – дедіі қала әкімі.
Салтанатты шара одан әрі концерттік бағдарламаға ұласты. Бекболат Сағадиев, Еркін Құдайбергенов, Сәкен Нұрпейісов және Қонаев әуендері ансамблінің әншілері халық әндерін қазақы қоңыр дауыспен әуелете шырқап, тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
Қонаев қаласы




