3660 әскери бөлімінде Наурыз мейрамының онкүндігі аясында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған бірқатар мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өткізілді. Атап айтқанда, әскери қызметшілер арасында қазақтың дәстүрлі ойындары – «Қыз қуу», «Теңге алу» және «Садақ ату» жарыстары өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – әскери қызметшілердің рухани дүниесін байытып, ұлттық салт-дәстүрге деген құрметін арттыру, сондай-ақ олардың ептілік, батылдық және шапшаңдық қасиеттерін шыңдау болды. Жарысқа қатысушылар өздерінің физикалық дайындығын ғана емес, сонымен қатар ұлттық ойындарға деген қызығушылығы мен құрметін де көрсете білді.
«Қыз қуу» ойынында жігіттер мен қыздар ат үстінде өнер көрсетіп, жылдамдық пен ептіліктің үлгісін паш етті. Ал «Теңге ілу» сайысында шабандоздар жердегі тиынды іліп әкету арқылы өздерінің шапшаңдығы мен дәлдігін дәлелдеді. «Садақ ату» жарысында қатысушылар нысананы дәл көздеп, мергендік қабілеттерін сынады.
Мұндай ұлттық ойындар әскери ортада тек жарыс қана емес, сонымен қатар бірлік пен достықтың, рухани сабақтастықтың айқын көрінісіне айналды. Іс-шара барысында қатысушылар мен көрермендер ерекше әсер алып, ұлттық дәстүрдің маңызын терең сезінді.
Қорыта айтқанда, Наурыз онкүндігі аясында өткен бұл іс-шаралар әскери бөлім өміріне серпін беріп, жеке құрам арасында патриоттық рухты нығайтуға, ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілікті арттыруға зор ықпал етті.
Әбдіғалиева Әлия Тәңірбергенқызы




