⛅
14°C
Қонаев
Сәрсенбі, Сәуір 1, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Әдебиет

    1 сәуір – күлкі күні

    01.04.2026
    in Әдебиет, Барлық жаңалықтар
    1 сәуір – күлкі күні
    0
    SHARES
    1
    VIEWS

    Тәлейлі тауық

    Қызымның сынып жетекшісінің мамандығы биолог болатын. Екі жылдай жетекші болып келіп, биыл қызым соңғы сыныбына барғанда апайы аттестат алғанға дейін деп ерекше тапсырма беріпті. Ондағысы «Тауықтың таралымы және түрлері» деген тақырып бойынша әлемнің түкпір-түкпірінде тарыдай шашырап кеткен тауық атаулының тұқымын түгендеу екен. Яғни сыныпта 25 оқушы болса, апайлары әлемді 25 бөлікке бөліпті де, әрқайсысына тиесілі мекенді межелеп, сондағы тауық туралы бар мағлұматты жинастыруды міндеттеген көрінеді.


    Бізге бұйырғаны, яғни қызыма жүктелгені Оңтүстік Африка болып шықты. Басында: «Онысы несі-ей, мұның сабаққа қандай қатысы бар? Онан да биология пәнін тереңдетіп оқытпай ма?!» – деп қоқаңдап көріп едік, шешесі: «Қой енді, қызымыз үздік оқып келе жатыр, бір қырсығы тиіп кетер. Оның үстіне қызыңның да биологияға қызығушылығы бар», – деп басалқы сөз айтқан соң басылып, бұл шаруаға отбасы түгел жұмыла кірісіп кеп кеттік. Оның үстіне қызымның кей құрбыларына алыстағы Аляска, Курил аралдары бұйырғанын естіп, тәуба дедік.
    Не керек, кірісіп кеп кетіп едік, біз ойлағандай оңай шаруа емес екен. Итініп, интернетті сүзіп шықтық. Оңтүстік Африкаңда оннан астам мемлекет бар екен, белінен басып, бес саусақтай меңгеруге тура келді. Интернетің тауық тақырыбына жолай қоймайды екен, амалсыз кітапханадағы картотекаға тәуелді болдық. Мұнда да мәдениеті, әдебиеті, өнері, саясаты, ең аяғы тау-тасы, өзен-көлі сайрап алдыңнан шыға келеді де, ал тауық туралы тақ-тұқ жоқтың қасы.
    Бала үшін Балқан тауға баруға бармыз, шешесінің итініп жүріп, Африкаға іссапарға қолы жеткенде қуанғанымызды айтсаңшы. Ойхой, оннан әйтеуір тауық туралы журнал, кітап көтеріп келгенінде, тағы қуандық. Шешесі де аяғы тиген жерден тауықтың «тарихын» түрте келіпті.
    Е, не керек, шешесінің әкелгенін жата-жастана оқып-тоқып, қиыстырып-жиыстырып, қызымның жетекшісіне «аттестат алуға» жарты жыл қалғанда ұсына қойып едік, біртүрлі бүйірі толмай, семіз «үштікке» бағалапты. «Үштік» баға алғанына қызым қыртиып, үш күн нәр сызбай жатып алғаны.
    Қайтейін, амалсыздан Африкаға өзім аттандым. Аудармашы жалдап, жөн-жосығын зерделеп, бір ай сол елдің академиялық кітапханасында болып қайттым.
    Бәрін айт та, бірін айт, еңбегіміз жанып, қызымыз мектепті апайының арқасында ойдағыдай бітіріп шықты.
    Сол жылы қызымыз жоғары оқу орнының биология факультетіне оқуға түсті. Ал сынып жетекшісі сол жылы «Тауықтың тұқым-тұяғы» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады.
    Содан, қызық болғанда, қызымыз институттың бел ортасынан асқан мезетте, әлгі мектептегі апайы ғылым кандидаты болғандықтан, қызым оқитын оқу орнына мұғалім болып ауысып, тура қызымның курсының жетекшісі бола қалғаны бар.
    Апайы келген бойда курстағы 25 тәлімгеріне «Асығыс емес, диплом алғанша» деп тағы да тауық жөнінде тақырып бөліп беріпті.
    Бізге бұйырғаны, қызыма жүктелгені – бұрынғы Африканың тауығы болғанына тәуба дедік. Тек тақырыбы тереңдеп, тамыры тарамданыпты.
    Қызымыздың алдында магистратура бітірсем деген арманы барын білетін басым, ойланбастан Оңтүстік Африкадағы Елшілікке күзетшілік қызметке кете бардым.

    Жазмыштан озмыш жоқ

    Пықып ата кәсіпті жалғастырып, мына нарықтық заманда кәсібі де, нәсібі де болған диірменіне тәуба етеді. Күн демей, түн демей, тау болып үйілген қап-қап дән атаулыны ұсақтап, ұнтақтап-ақ тапқан табысы қомақты.
    Тек көресіні тышқандардан көріп-ақ бақты. Міне, қазір бірер сәтке арсыл-гүрсіл диірменін тоқтата қалып еді, пәлекеттер, тышқандарды айтамын – бағанадан бергі өз «шаруасын» кілт доғарып, жалмауызға да жан керек, безіп барады-ай!
    Басында пәлекеттерге қақпан құрып көрген. Қақпанға ілмеген нәрсесі жоқ, дән тұрғанда, әсіресе бидай асының атасы болуы керек, біріне де пысқырып қарамайды.


    Қақпаннан күдер үзіп, бір білгіштің деуімен өмірем қаптырар арнайы дәрісін де сеуіп көрген. Онысы аз-маз сеп болып, сәл-пәл теңкиткені бар болсын, бір-екі бидай иесі ұнымыздан жағымсыз иіс шығады деп дікеңдеген соң, іс насырға шаппай тұрғанда онысын мүлдем тыйып тастаған болатын.
    Е, кезек мысекеңе ойысып, мысықтың екі-үш түрін асырап еді, пәлекетің ата жауы емес пе, қырғидай тиді десе болады.
    Көп өтпей «көбею» үрдісі ілгері озып, өзі де көбейгіш пәле – қамбамда мысық атаулыдан айнала алмайтын халге жеттім. Көбейгені сонша, азығы тышқан жетпей, оларды асырау да мойныма қосымша жүк болды.
    Көршілердің күңкіл-сыңқыл, арыз-шағымынан соң қаптаған мысық атаулы басыма пәле болып жабысып, амалсыз мұның ата жауы ит асырауға тура келді.
    …Е, ит пен мысық ырылдасып-қырқысып, қиқуы «қырқа» асып, не керек, ит пен мысық аулағыштарды жалдауға тура келді… Бұлардың ақысы ит пен мысықты асырағаннан он есеге асып жығылып, тапқан табысымның қомақты бөлігі соларға кетті. Жығылғанға жұдырық, аулағыштарды аңдитын «жан-жануар жанашырлары» ғайыптан тайып келе қалып, әйда, келіп, айыппұлын салып, сығып алмасы бар ма?! Олар ойсыратқан айыппұлмен шектелмей, мұның кәсібінің есігіне бақандай екі айға «қара құлып» салып қақыратты емес пе?!
    Сондағы құлазып күңіренгені әлі есінен кетпейді. Ойлап көрсе, қақпаны мен дәрісі майда-шүйде дейік, мысықтың «мипалауы», иттің «ырың-жырыңы», аулағыштардың «аумақ-саумағы», соңғы сұрқия «жан-жануар жанашырлары» теспей сорып, сорын қайнатқан-ақ екен!
    Пықекең есеңгіреп тұрып, ес жинап, етек-жеңін жинап барып ата кәсібін қайта қолға алып еді, Құдайға шүкір, кәсібі қалпына келіп, диірмені дүрілдеп-гүрілдеп жүріп кеп бергені. Пықып диірмен гүрілімен ілесе інінен қайта шыққан тышқандарға қарап жымиып қойып, ішінен «Жазмыштан озмыш жоқ» деп күбірлеп алып ата кәсібіне құлшына кірісті.

    Берік Садыр,
    сатирик-жазушы

    Соңғы жаңалықтар

    1 сәуір – күлкі күні
    01.04.2026
    Казахстан вступает в один из наиболее важных этапов политической трансформации — статья Токаева в «The National Interest»
    31.03.2026
    Үш ай жалақы алмаған жұмысшыларға AMANAT араласқаннан кейін төлем жасалды
    31.03.2026
    «Самұрық-Қазына» Қонаевта жаңа спорт кешенін салады
    31.03.2026
    Әділет министрлігі: Жаңа Конституция тұрғын үй иелері құқықтарының басымдығын сақтайды
    31.03.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>