Облыстық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері кереге таулы Кеген ауданындағы бірқатар маңызды нысанды аралады. Тілшілер өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне назар аударды.
Алғашқы кезекте ақпарат өкілдері Кеген ауылында жаңадан салынып жатқан инвестиция сомасы 1,2 млрд теңгені құрайтын жүн өңдейтін өндірістік кәсіпорын құрылысының жұмысымен танысты.
Журналистер қауымын қарсы алған «MERGEN HOLDING» ЖШС бас директоры Сәбит Әлиев құрылыс алаңын көрсетіп, өндірістің аумағы 2 гектарды құрайтынын, жобаның пайдалануға берілу мерзімінің бірінші кезеңі екінші тоқсанның аяғына жоспарланып отырғанын айтты. Жоба жүзеге асса, 30 адам жұмыспен қамтылып, жүн өндіру жылына 500 тоннадан 2000 тоннаға дейін ұлғайтылатынын, алдағы уақытта жіп, мата, табиғи жүннен жасалған кілемдер, төсек жабдықтары, ұлттық үлгідегі бұйымдар шығарылатынын тілге тиек етті.
Тілшілер осы аумақта жоба бойынша салынып жатқан «KEGEN MILK» ірімшік өндіру цехына да бас сұқты. Мұндағы ғимаратты салу жұмысын «MERGEN HOLDING» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Жобаның сметалық құны 450 млн теңгені құрайды.
– Цех ашылған жағдайда 10 адам жұмыспен қамтылады. Сүт өңдеу айына 450 тоннадан 1000 тоннаға дейін кеңейтіледі, ірімшік өндірісі 45 тоннаға дейін жетеді. Өнімнің төрт түрі, яғни таңғы асқа арналған ірімшік, сулугуни, моцарелла, брынза шығаратын боламыз. Цех аумағындағы 3 гектар жерге ағаш көшеттері отырғызылып, абаттандыру жұмысы жүргізілді, – деді «KEGEN MILK» ірімшік өндіру цехының құрылтайшысы Сәбит Әлиев.
Бұдан соң БАҚ өкілдері аудан әкімдігіне атбасын бұрды. Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаевқа жолығып, туризмді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайын сұрады.

– «Көлсай-1», «Көлсай-2» көлдеріне қатысты үлкен жобаны қолға алудамыз. Көлсайға баратын жолдар жөнделіп, бұл аймақ туристік бағытта жан-жақты дамитын болады. Сонымен қатар Қайыңды көлінің жолына асфальт төселуде. Саты, Жалағаш, Көлсай, Күрметіге электр желілерін тарту бойынша құжаттар әзірленуде. Ауданымыздың ең көрікті жерлері – Орта Меркі, Шет Меркі, Қарабұлақ ауылындағы «Үлкен лагерь», Ақай Нүсіпбеков ауылындағы этноауылға, Тұйық ауылында үлкен сарқырамаға барар жолға электр желілері тартылатын болады. Қазір мердігер анықталды, жұмыстарын жақында бастайды, – дей келе, Саты, Көлсай, Қайыңды аймақтарында туризм саласының қарқынды дамып келе жатқанын тілге тиек етті.
Келесі кезекте тілшілер Жалағаш ауылындағы «Аумолдаев» шаруа қожалығына барды. Қожалық 1995 жылы құрылған. Егістік жері – 100, жайылымдық жері 400 гектарды құрайды. Қожалықта бүгінгі күнде 241 бас ірі қара, 1500 бас ұсақ мүйізді, 118 бас жылқы, мал қыстататын 2 қоражай бар. Шаруа қожалығы асыл тұқымды малдарды өсірумен айналысады.
– Мал басын асылдандыру бойынша Әулиекөл тұқымды 4 бас бұқа сатып алынған, 60 бас аналық бар. Қазіргі таңда ірі қара малдарды сырғалау жұмысы жүріп жатыр, – деген «Аумолдаев» шаруа қожалығының төрағасы, жуырда ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталған Болат Аумолдаев шаруашылықтың тыныс-тіршілігін тілшілерге баяндап берді.
Бұл күні осы шаруашылықта мал басын бірдейлендіру жұмысы жүріп жатты. Осы орайда Кеген аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Қабыл Төкеновті сөзге тарттық.
– Ветеринариялық бөлімде барлығы 108 маман жұмыс атқарады. Қазіргі таңда ауданымызда ауыл шаруашылығы жануарларын ұстайтын 2783 жеке аула және 413 шаруа қожалығы бар. Жалпы аудан бойынша 46035 бас ірі қара, 218452 бас қой-ешкі, 31007 бас жылқы малы тіркелген. 2026 жылдың 4 айлық жоспары бойынша аусыл, қарасан, пастереллез, Сібір жарасы, шешек ауруларына қарсы егу жұмысы жүргізілуде. Жылқы малының 543 бас төлі чиптау арқылы бірдейлендірілді,– деді ол.
Баспасөз туры барысында тілшілер «Жалағаш» орман шаруашылығы тұқым бағының жұмысымен танысты. «Кеген орман шаруашылығы» мекемесінің директоры Айболат Әскербекұлының айтуынша, Жалағаш орманшылығында базалық 54,0 гектар және Тұйық ауылында орналасқан Темірлік орманшылығында уақытша 5,4 гектар тұқымбақ бар. Бұл тұқымбақта Шренк шыршасы, арша мен басқа да ағаштардың көшеттері өсіріліп, күтіп-баптау жұмысы жүргізіліп, төрт жылдан соң орманды алқаптардың көлемін көбейтуге жұмсалады. Мамандар тілшілерге екі, үш және төртжылдық Шренк шыршасының күтімі мен ерекшеліктерін көрсетті.
Расында қоршаған ортаға қамқорлықпен қарап, жасыл желекті көбейту, тазалық мәдениетін қалыптастыру қашанда өзекті. «Бір тал ексең, еліңе орман салғаның» деген сөзді мәйек етіп, өңірді көркейтуге үлес қосып жүрген орманшыларға сәттілік тіледік.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы




