Өнер – адамның рухани азығы, халықтың өткені мен бүгініне, келешегіне қызмет ететін асыл құндылық. Ал өнер иесі үшін халықтың ықыласы ерекше мәнге ие. Өйткені көрерменнің құрметі мен бағасын сезінген сайын шығармашылық шабыты артып, тынысы кеңейе түседі.
Ел игілігі жолында қызмет атқарып, сан түрлі өнерді бойына сіңірген талант иесіне құрмет көрсету мақсатында Балқаш ауданы Миялы ауылдық Мәдениет үйінде халықаралық «Д.Қонаев» қорының вице-президенті, Алматы облысының Құрметті азаматы, ішкі істер органының ардагері, әнші, сазгер Дәулетбек Жанботаевтың шығармашылық кеші өтті.
Мәдени шарада Балқаш аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев сахна төріне көтеріліп, Дәулетбек Құрманәліұлына жүрекжарды тілегін білдіріп, ақ батасын берді. Аудандық мәслихат төрағасы Кәдірбек Омаров Балқаш ауданы әкімінің Құрмет грамотасын, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров басқарма басшы-сының Алғыс хатын табыстады.
Дәулетбек Жанботаевтың шығармашылық кешіне келген құрметті қонақтар – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, «Құрмет» орденінің иегері Тынышбай Досымбеков, Балқаш ауданының Құрметті азаматтары – Балапан Әділханова, Зарыққан Есілбаев, Ізтілеу Тойшыбаев, «Қазақ тілі», «Жаһандық құзыреттер» оқу-әдістемелік кешенінің авторы Айсұлу Асылханқызы, халықаралық «Д.Қонаев» қорының вице-президенті Мансұр Ермекбайұлы, Гүлжан Лесбекқызы, ақын Марат Еримаұлы лебіздерін жеткізді. Өнер адамының бойындағы жақсы қасиеттерін паш етіп, халық жүрегінен орын алған туындыларының мән-мағынасы жайында кеңінен әңгіме өрбітіп, бірі иығына шапан жапса, енді бірі сый-сияпатын табыстап, арнау жырларын оқып, лайықты құрмет көрсетті.
Іс-шара барысында Дәулетбек Жанботаевтың «Алатаудай асқарлы», «Миялы – мақтан мекенім», «Кемел аға» «Біртуар ұл – Бердібегім», тағы басқа туындылары орындалды. Сондай-ақ «Жайнай бер, Балқаш ауданы» әнінің тұсауы кесіліп, мәдени кештің көрігін одан сайын қыздыра түсті.
«Бір тойым болатыны сөзсіз менің, Дәл қай күні екенін айта алмаймын» деп Төлеген Айбергенов жырлағандай, Дәулетбек аға да бір тойының өзі өсіп, ержеткен өңірінде өтетінін көптен күткен болар?! Шығармашылық кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Иә, дана халқымызда «Ер жігітке жеті өнер де аздық етеді» деген қанатты сөз бар. Бұл тәмсіл Дәулетбек аға сынды сегіз қырлы, бір сырлы жанға бағытталып айтылған тәрізді. Өйткені оның бойынан ақындық, сазгерлік, әншілік, адамгершілік, парасаттылық қасиеттердің бәрі табылады. Талант иесінің биікке қанат қағып, самғауы – өнерсүйер халықтың қошемет пен қолдауының арқасы. Ол домбыраның қос ішегінен күй шертіп, ән шырқап, көпшілік ықыласына бөленіп келеді.
Өнер иесінің шабыты әрдайым шарықтап, ән әлемінде асқақтай беруіне тілектеспіз. Алдағы уақытта да талай жаңа туындылары жарық көріп, тыңдарманын қуанта берсін.
Бақтығали ДӘУІТБАЙ
Балқаш ауданы




