Перейти к содержимому
Главная страница » Жастар орталығы ашылды

Жастар орталығы ашылды

Талғар ауданында жастарға арналған жаңа заманауи орталықтың тұсауы кесілді. «Talgar City» жаңа тұрғын үй кешенінде орналасқан Жастар сервистік орталығының ашылу салтанатына облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев, халық қалаулылары Біләл Үшұров, Амангелді Сембаев, жастар саясаты басқармасының басшысы Мәди Ахметов, аудандық мәслихат төрағасы Мұхит Әлібеков, ардагерлер кеңесінің төрағасы Матан Бекбосынов қатысты.

Облыстық жастар саясаты басқар­масы­ның басшысы Мәди Ахметовтің айтуынша, сервистік орталықтың ашылуы – жастарға арналған заманауи инфра­құрылымды құру жөніндегі Прези­денттің тапсырмаларын іске асыру­дағы маңызды қадам. Алматы облы­сында 432 мың жас болса, соның 70 мыңнан астамы Талғар ауданында тұрады, олардың 2 мыңға жуығы NEET санатына жатады. Жаңа орталық – сол жастарға бағыт-бағдар беретін, олардың қоғамға қайта араласуына мүмкіндік жасайтын маңызды алаң. Жалпы бұл орталық шығармашылық, білім және спорт алаңына, жастардың мүмкіндіктері үшін жаңа кеңістікке айналады, мұнда жұмысқа орналасу, тұрғын үй алу және жеке бизнесті дамыту бойынша тегін кеңестер беріледі.
– Бұл – жай ғана ғимарат емес, армандарға жол ашып, идеяларға қанат бітіретін орын. Мұндағы кең әрі жарқын конференц-зал – пікірлер мен бастамалар тоғысатын орын болса, волонтерлік клуб – мейірімділік пен белсенділік орталығы. Ал коворкинг – шығармашылық пен зерттеуге серпін беретін орта. Бүгінгі жастар – жай ғана бақылаушылар емес, қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан бұл кеңістік әрбір жасқа өмірден өз орнын тауып, армандарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді, – деді облыс жастарының көшбасшысы.
Ол сондай-ақ Талғарда әрқашан бастама­шылдығымен ерекшеленетін алғыр да талантты жастар көп екенін атап өтті. Үлкен қалаға жақындық олардың білім көкжиегін кеңейтіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда. Соның нәтижесінде Талғар жастары түрлі байқаулар мен жобаларда үздік нәтижелер көрсетіп жүр. «Umtylys» байқауындағы жеңістер, «Zhas project» аясындағы гранттар, «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасындағы табыстар – соның айқын дәлелі.
Ерекшелеп айтатын бір жайт, жас­тардың жетістігі тек өңірмен шектел­мейді. Олар облыстық «Заңғар» сый­лығы, республикалық «Игі істер мара­фоны», халықаралық «Жыл волон­тері» байқауларында да жоғары нәти­желер көрсетіп келеді. Бұл – Талғар жастарының әлеуеті мен белсен­ділігінің нақты көрінісі. Жалпы аумағы 1000 шаршы метрді құрайтын орталық ғимараты қазіргі заманғы стандарттарға толық сай келеді және негізгі сервистерді бір кеңістікте біріктіреді. Мұнда «Отбасы банкі», «Мансап» және «Жастар денсаулығы» орталықтарының мамандары жұмыс істейді, бұл жастарға қызметтерді оңай және жедел алуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Жастар ресурстық орталығының жұмысы жүйелі түрде жүргізілуде. Мұнда мамандар мен психолог қызмет етеді, ал ауданның 10 ауылдық округінде әдіскер-нұсқаушылар жастармен тікелей жұмыс істейді. Сондай-ақ орталық базасында оқыту бағдарламалары, мәдени іс-шаралар, психологтардың, заңгерлер мен мамандардың мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңестері өткізілетін болады.
– Мұндай орталықтарды аша отырып, біз жастарға олардың проблемаларын шешуге көмектесеміз. Болашақта жастар үшін заманауи инфрақұрылым құруды жоспарлап отырмыз, – деді аудандық мәслихат төрағасы Мұхит Әлібеков.
– Бүгін біз бос уақытымызды өткі­зетін, жоспарларымызды бір-бірімізбен бөлісетін, кездесулер және басқа да іс-шаралар ұйымдастыратын жаңа жастар орталығының ашылуына куә болдық. Өз жерлестерімнің атынан әкімдік пен мәслихатқа, соның ішінде аудан мен облыс депутаттарына жастарға көңіл бөліп отырғаны үшін алғыс айтамын, – деді «Вектор жастар одағы» ҚБ дирек­торы Жомарт Кеңесов.
Айта кетейік, бұл бастама – облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асып жатқан кешенді жұмыс. Бұған дейін Балқаш, Кеген, Райымбек, Қарасай аудандарында жастарға қызмет көрсету орталықтары мен Қонаев қаласы, Іле және Ұйғыр аудандарында coworking орталықтары ашылған болатын. Талғардағы жаңа нысан – сол жүйелі жұмыстың заңды жалғасы. Оны заманауи үлгідегі мықты құрал-жабдықтармен жарақтандыруға облыстық және аудандық мәслихат депутаттары үлкен көмек көрсетті.
Шара барысында облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев аймақ басшысының атынан ең белсенді депутаттарға Алғыс хат тапсырып, жастарға ізгі тілегін жеткізді.
– Елімізде жастар үшін, жалпы халық үшін жасалып жатқан игі істердің көбі үкімет құрушы партия болғаннан кейін «АMANAT» партиясының бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Соны айта жүруіміз, қатарымызды көбейтуіміз керек. Сіздер біздің тірегімізсіздер, алдымызда үлкен саяси науқан келе жатыр, соған дайын болайық, – деді Қуаныш Сұлтанұлы.
Шара барысында оған қатысушылар орталықтың жұмысымен жан-жақты танысып, кабинеттерді аралап көрді, жастармен олардың арман-мұраттары, алдағы жоспарлары жайында еркін пікір алмасты.
Иә, шынында да жастар ­– еліміздің келешегі. Сол себепті жастар орталы­ғын құру – өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына, яғни еліміздің болаша­ғына инвестиция салу деген сөз. Талғар­дағы Жастар сервистік орталығы да белсенді ұрпақ қалыптастырып, жас көш­басшыларды қолдауға, әлеуметтік және шығармашылық жобаларды іске асыруға және аудан жастарын өңірдің дамуына кеңінен тартуға мол мүмкіндік ашатыны сөзсіз.

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

Талғар ауданы