Елімізде тіл саясаты Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңы мен Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жүргізіледі. Тұжырымдамаға сәйкес, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, қолданыс аясын кеңейту, мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесін арттыру, көрнекі ақпараттар мен жарнамаларды Тіл туралы Заң талаптарына сәйкестендіру, қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту, тілді цифрландыру, қазақ тіліндегі контенттің үлесін арттыру, қазақ тілін оқыту Алматы облыстық тілдерді дамыту басқармасының негізгі функционалдық бағыттары болып саналады.
Тағы бір айтатын басты дүние – тіл саясатын іске асырудағы заңнамалық жұмысты жетілдіру мақсатында нормативтік-құқықтық актілерге тиісті толықтырулар енгізіліп, жергілікті атқарушы органдарға тілдерді дамыту саласы бойынша қосымша функциялар жүктелді. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес басқармаға мемлекеттік мекемелерде тіл туралы заңнаманың орындалуына тексеру жүргізу құзыреті берілді.
Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңының 25-2-бабының
2) тармақшасына сәйкес 2026 жылдың І жартыжылдығында 3 департамент, 7 мемлекеттік мекемеге мерзімді тексеру жоспарланды. І тоқсанда Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу, экономика және бюджеттік жоспарлау, мемлекеттік сатып алу, денсаулық сақтау басқармаларына, барлығы 4 мемлекеттік мекемеге жоспарлы тексеру жүргізілді. Тексеру барысында анықталған кемшіліктер түзетіліп, іс-қағаздарын сауатты жүргізу, мемлекеттік тілдегі платформаларды қолдану жөнінде әдістемелік көмек көрсетілді. Басқарма тарапынан жыл сайын облыс тұрғындарының мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау мақсатында әлеуметтану бағытында зерттеулер жүргізіліп отырады. Зерттеуді облыстағы ақпараттық талдау орталығы және зерттеу орталықтары жүргізеді.
Былтыр жүргізілген зерттеудің қорытындысы бойынша облыста мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 92,7 пайызды құрады. Оның ішінде, Балқаш ауданы – 99,0, Еңбекшіқазақ ауданы – 82,5, Жамбыл ауданы – 96,0, Іле ауданы – 81,0, Қарасай ауданы – 89,0, Кеген ауданы – 99,5, Райымбек ауданы – 99,5, Талғар ауданы – 87,0, Ұйғыр ауданы – 89,0, Алатау қаласы – 85,0, Қонаев қаласы 85,0 пайызды көрсетті. Бұл көрсеткіш 2023 жылы – 90, 2024 жылы 90,5 болған.
Қызмет көрсету саласында мемлекеттік тілдің заңға сәйкес қолданылуы – басқарманың тұрақты бақылауындағы мәселе. Бірақ заңға сәйкес, бұл мәселені жергілікті атқарушы органдар өздері тікелей шеше алмайды, қоғамдық ұйымдар, халық көмектесуі керек. Бұл мәселе бойынша кез келген азамат тіл туралы заң талаптарының бұзылғандығын анықтаса, басқармаға өтініш білдіре алады. Келіп түскен өтініштің негізінде басқарма кәсіпкерлік иелерін шақырып, ҚР Тіл туралы Заңын, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 75-бабына сәйкес әкімшілік іс қозғай алады. Бұл бағыттағы жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіліп келеді.
Облыс тұрғындары үшін ересектерге қазақ тілін тегін әрі қолжетімді түрде үйрететін ресми мекеме – «Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы» КММ. Бүгінде орталықтың бір облыстық, бір қалалық, тоғыз аудандық және бір ауылдық округтік филиалы жұмыс атқаруда. Аталған орталықтың басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілін оқыту курстарын ұйымдастыру және әдістемелік қолдау көрсету. Бұл курстар тыңдаушыларға қазақ тілін қарапайым, базалық, орта, ортадан жоғары деңгейде меңгеруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде олар күнделікті өмірде еркінірек сөйлеп, қарапайым қарым-қатынас жасай алады, негізгі грамматиканы игереді. Сонымен қатар тіл білу көптеген тұрғындар үшін жұмысқа орналасуда маңызды артықшылыққа айналып отыр.
Қазақ тілін оқытуда қазіргі таңда заманауи әдістемелер кеңінен қолданылады. Атап айтқанда, коммуникативті әдіс арқылы тыңдаушылар тілдік ортада сөйлесіп, тыңдау, диалог құру дағдыларын дамытады. Сонымен қатар тілдік ойындар мен интерактивті тапсырмалар сөздік қорды байытып, оқуға деген қызығушылықты арттырады. Оқу үдерісінде цифрлы технологиялар да тиімді пайдаланылып, QR-код арқылы тыңдалым материалдары, чат-боттар мен онлайн платформалар сабақтың сапасын көтеруге мүмкіндік береді. «Алатау» оқу-әдістемелік кешені сияқты арнайы жасалған оқу құралдары арқылы A1 (қазақша басынан бастаушыларға) және A2 (базалық) деңгейлер қатарында білім беру жүргізіледі. 2026 жылдың I тоқсанына мемлекеттік тілді оқыту курсына 1262 тіл үйренуші қабылданды. Ағылшын тілін оқыту курсына 374 тіл үйренуші келді. Ал орыс тілі курсына жалпы саны 60 тіл үйренуші тіркелген. Қазіргі кезде этнос өкілдері арасында қазақ тілін үйренуге қызығушылық жоғары. Мемлекеттік тілдің қоғамдағы маңызы артқан сайын, оларға арналған арнайы оқу топтары мен бейімделген бағдарламалар іске асырылуда. Сонымен қатар, тыңдаушыларды қазақ тілінде еркін сөйлеуге тарту және күнделікті қарым-қатынаста тілді белсенді қолдануға дағдыландыру мақсатында «Қазақша сөйлейік!» клубы тұрақты жұмыс жүргізіп келеді.
Биылғы жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануына байланысты қазақ тілін цифрландыру мақсатында 2026 жылы бірқатар жаңа жоба қолға алынды. Соның ішінде цифрлық дәуір жағдайында сөз мәдениеті, тіл тазалығының маңызын түсіндіру, интернет кеңістігінде сауатты сөйлеу дағдыларын дамыту мақсатында облыс әкімінің қолдауымен «Сөз құндылығы – цифрлық дәуірде» облыстық жобасы жүзеге асуда. Бұл жоба аясында дәстүрден жасанды интеллектіге дейінгі іс-шаралар кешені қамтылып және арнайы номинациялар бойынша үздіктер анықталуда. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма тіл саясатын тиімді жүргізу бағытында жұмысын жалғастыра беретін болады.
Нұрмаман ОҚАС,
Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім басшысы



