Соңғы жылдары еліміздің әлеуметтік саяси өмірінде түбегейлі өзгерістер болып, халықтың азаматтық белсенділігінің өсуі байқалады. Бұл өзгеріс үкіметтік емес ұйымдардың тармақталған жүйесін құру және нығайту еліміздің азаматтық қоғамды қалыптастырудағы тетіктердің біріне айналғанын әйгілейді. Бүгінде үкіметтік емес ұйымдар қоғамдық қатынастардың өзіндік бір реттегіші саналады. Еңбекшіқазақ ауданында облыс әкімдігі, облыстық ішкі саясат басқармасы, Қазақстанның Азаматтық Альянсы мен облыстық Азаматтық Альянсы және «Тамшыбұлақ» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен облыстық «Ауылдық аумақтарды дамытудағы мемлекет пен ҮЕҰ серіктестігі» тақырыбында өңірлік азаматтық форум өтті.
Форум жұмысына Парламент cенатының депутаты Жанна Асанова, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері Комитеті төрағасының орынбасары Гүлбара Сұлтанова, Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бота Елеусізова, облысқа қарасты аудандардағы ҮЕҰ мүшелері мен өзге облыстардан келген делегациялар қатысты. Ең әуелі Форум қонақтары Шелек ауылындағы жергілікті қоғамдастықтар қорының Агробизнес орталығының қызметімен танысты. «Еңбекшіқазақ ауданы жергілікті қауымдастықтар қоры» ҚҚ (ЖҚҚ) «Филип Моррис Қазақстан» (ФМҚ) ЖШС-нің қолдауымен «Ауылдық аймақтарды дамыту» жобасын 2013 жылдан бастап жүзеге асыруда үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Ауыл тұрғындарына көкөністерді өсірудің заманауи әдістерімен қатар маркетинг, логистика және сату негіздерін оқыту есебінен еңбектерін бизнес ретінде қарастыруды, шаруа қожалықтарын тиімді басқаруды үйретті. Бес мыңдай ауыл тұрғындарын бағдарлама шеңберінде арнайы ашылған Шелек ауылындағы Агробизнес орталығында оқытты. Өз шаруашылықтарында ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған үздік практикаларды көрсету арқылы 25 озық агротехникалар енгізілді. Еңбекшіқазақ ауданының ЖҚҚ-ның директоры Бақытгүл Елшібаева серіктес ФМҚ компаниясының арқасында фермерлерге қолдау көрсетіліп, қол байлау болып жүрген проблемаларды оңтайлы шешіп, жетістіктерге жеткізіп жүргенін тілге тиек етті. Осындай ауқымды істердің арқасында ауыл фермерлері жылыжайларды тамшылатып суару, талапқа сай баптап өсіру сияқты заманауи тірлік етудің арқасында «егістіктен сөреге дейін», яғни өндірген өнімдерін тұтынушыға бірден жеткізу деңгейіне қол жеткізген. Жоба жүзеге асырылып жатқан жылдар ішінде жылыжайлардағы көкөніс дақылдарын өңдеу алаңы 25 есеге артып, олар делдалдарсыз тікелей сауда орындарына өткізіледі. Осындай ұтымды іскерліктің нәтижесі сол – фермерлер табысы орта есеппен 30%- ға артқан. Аталған азаматтық форумда «Еңбекшіқазақ ауданы жергілікті қауымдастықтар қорының» жетістіктері ауылдық аумақтарды дамытудың жарқын үлгісі ретінде көрсетілді.
Түстен кейін Форумның ресми бөлімі Түрген ауылындағы «Statson Rancho» кешеніде жалғасын тапты. Форум аясында қатысушыларға облыстағы ҮЕҰ-ның үздік әлеуметтік жобаларының көрме-таныстырылымы ұсынылып, өңірдегі ұйымдар жұмысы туралы деректі фильм көрсетілді. Онда әрбір ұйымның жеткен жетістігі көрініс тапқан. Онан соң, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бота Елеусізова сөз алып, Алатау бөктеріне жиналған азаматтық қоғамға үн қосып жүрген белсенді азаматтарға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтың жалынды сәлемін жеткізді.
– Үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттің тікелей көмекшісі. Бүгін азаматтық қоғамды дамыту, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын оңтайландыру үшін бас қосып отырмыз. Мұнда өңір дамуына өзіндік үлес қосқан үкіметтік емес ұйымдардың жемісті еңбегі көпке таныстырылды. Бұл қадам өңірлердің өзара тәжірибе алмасып, мүмкіндіктерді барынша пайдалануға жол ашады, – деді Бота Серікқызы.
Өз кезегінде басқарма басшысы үкіметтік емес ұйымдарға арналған бағдарламаларды да назардан тыс қалдырмады. Айталық, 2023 жылғы 1 тоқсандағы жағдай бойынша әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 6,1 % құраған. Осыған байланысты Алматы облысының аудандарында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бойынша оқыту семинарларын ұйымдастыра басталған. Сонымен қоса, үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік гранттар берілген.
Мұнан кейін сөз тізгінін қолға алған ҚР АҚДМ Азаматтық қоғам істері Комитеті төрағасының орынбасары Гүлбара Сұлтанова азаматтық форумдардың ел өміріндегі маңыздылығына тоқталды.
– Биыл елімізде азаматтық форумдардың өткізіліп келе жатқанына 20 жыл толды. Бүгінде азаматтық форумдар қоғам өміріндегі түрлі әлеуметтік мәселелер бойынша халықтың пікірін білдіретін, диалог пен ынтымақтастықтың жалпы ұлттық алаңына айналды. Бүгінгі өңірілік форум ауылдық аумақтарды дамытуда мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдар серіктестігі сынды маңызды тақырыпқа арналып отыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше Жолдауында ауылды өңірлердің дамуына айрықша назар аударған болатын. Ауылдық жерлдерді өркендету үшін жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың белсенді жұмыс ісетуі маңызды. Бұл бағытта түрлі заңнамалар әзірленіп, ҮЕҰ ұйымдарды қаржыландыру тетіктеріне жүйелі өзгерістер енгізілді. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өз тарапынан ауылды жердегі үкіметтік емес ұйымдардың бастамаларын қолдауға көңіл бөліп келеді, – дейді Гүлбара Сұлтанова.
Үкіметтік емес ұйымдардың қызметі қоғамның әртүрлі саласын қамтиды. Атап айтар болсақ, олар экология саласын зерттеп, өз ұсыныстарын айтуы мүмкін. Оларды гендерлік мәселелер де сырт қалдырмайды. Адам құқығын қорғау мен халықтың әлеуметтік жағынан аз қорғалған тобын қорғау секілді шаралармен айналысуы ықтимал. Жалпы үкіметтік емес ұйымдар айналысатын салалары өте көп.
– Біздің ұсынысымыздың Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, басқа да мемлекеттік органдар, соның ішінде бірқатар өңірлер тарапынан да назардан тыс қалмағанын көріп отырмыз. Олар белсенді түрде қолданылады. Алайда, шешілмеген мәселелер де бар. Осы орайда өзекті проблемаларды айту және оларды шешу жолдарын іздестіру үшін дәл осы азаматтық форумдар тиімді алаң болып қала беруі тиіс. Осы мәселелердің барлығын алдағы ХІ Азаматтық форумда көтеру маңызды, оған көптеген мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен ҮЕҰ көшбасшылары қатысады, – дейді Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева.
Форумда сөз алған ҚР Парламенті Сенатының депутаты – Жанна Асанова мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халық пен атқарушы биліктің ортақ мүдде орайында ықпалдасуының, қоғамдағы белсенділігі жоғары адамдардың заң шеңберінде бірлескен іс-қимылының маңыздылығы жайындағы бастамаларын сөз етті. Сенат депутаты азаматтық қоғамның белсенді болуы адам капиталын, әлеуметтік-экономикалық дамудың, демократиялық құндылықтардың ел игілігіне айналуының негізгі алғышарттарының бірі екендігін атап өтті.
Аталған азаматтық форумда өңірлердегі үкіметтік емес ұйымдарда елеулі еңбек еткен белсенділер өз тәжірибесімен бөлісті. Солардың қатарында Іле аудандық мәслихатының төрағасы Роза Абилова да бар. Оның сөзінше, мұндай форумдар жергілікті үкіметтік емес құрылымдардың өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз әсерін тигізуге ықпал етеді.
– Мемлекет басшысы әр сөзінде азаматтық қоғамға қолдау көрсетеу керектігін жиі айтып келеміз. Әрине, азаматтық қоғамдық институттарды жетілдіруде осындай форумдардың маңызы зор. Біз біріксек жасыл бақты жайқалта аламыз. Өйткені үкіметтік емес ұйымдарға да халық зор сеніммен қарайды. Сондықтан, бұл ұйымдарды елдің әлеуетін арттыруға пайдаланумыз керек, – деді Р. Абилова.
Кезекті отырыстың негізгі өзегі Ауылды аумақтарды дамытудағы мемлекет пен ҮЕҰ серіктестігі болды. Мінбеде сөз берілген әлеуметтік кәсіпкер Эмин Аскеров, Еңбекшіқазақ ауданының ЖҚҚ-ның директоры Бақытгүл Елшібаева, ауылды жерде әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысу, ауылды аумақтарды нығайтуда әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту сынды тақырыптарда жаңашылдықтармен, тәжірибелерімен, жоспарларымен бөлісті. Шара соңында форумға қатысушылардың үндеуі қабылданды. Сонымен қоса, азаматтық қоғамның дамуына үлес қосқан үздіктерге «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» сертификаты табысталды. Сондай-ақ Жамбыл аудандық кәсіпкер жергілікті мүгедектер қоғамдық бірілестігіне жер телімін сыйлады.
Қатысушылар азаматтық форум аясында үкіметтік емес және коммерциялық емес ұйымдарды біріктіру «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрудың маңызды тетіктерінің бірі саналатынын атап өтті. Аталмыш форумдар елімізде азаматтық қоғамның нық дамуына әсер ететіні анық.
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы