Жаңа оқу жылының басталуына екі аптаға да жетпейтін уақыт қалды. Ата-аналардың дені қазір балаларын мектепке дайындау үшін дүкен, базар жағалап жүр. Жер жерде оқу құралдары мен мектеп формаларының саудасы қызып тұр деуге болады. Сұранысқа сай ұсынылатын оқу құралдары мен мектеп формасының да түр-түрі бар. Осы орайда мектеп формасы қандай болуы керек деген сауал туындайтыны анық.
Мектепке арналған киімге қойылатын барлық талап «Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімнің қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламентіне cәйкес реттеледі. Осыған орай Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиялогиялық бақылау комитеті оқушылардың мектеп формасын аларда осы талаптарға сай болуын қадағалауға шақырады.
Техникалық регламентке сәйкес ол химиялық, биологиялық қауіпсіздікті (бос формальдегидтің массалық үлесі, гигроскопиялығы, ауа өткізгіштігі) қамтамасыз ететіндей етіп дайындалуы тиіс. Киімге арналған материалдар бояуының орнықтылығына қойылатын талаптарға сәйкес келуі тиіс. Бала мектеп формасын күн сайын бес-алты сағат немесе одан да көп уақыт киіп жүретіндіктен, оның синтетикалық материалдан тігілмегенін ескерген жөн. Бұл баланың жүйке жүйесіне әсер ететін статикалық электр энергиясының жиналуына ықпал етеді, яғни синтетикалық киімнен бала тітіркеніп, тез шаршауы мүмкін. Құрамында табиғи талшықтар басым маталардан жасалған өнімді алған дұрыс. Мақта мен зығыр маталарын жаз бен көктемгі уақытқа, жүн мен кашемирді күз бен қыс уақытына таңдаған абзал.
Сонымен бірге балалар киімін сатып алғанда, таңбалауын оқып шыққан дұрыс. Ол сенімді, анық, оңай оқылатын, мемлекеттік және орыс тілдерінде болуы керек.
Таңбалауда өнім дайындалған елдің атауы, дайындаушының (дайындаушы уәкілеттік берген тұлғаның), импорттаушының, дистрибьютордың атауы және орналасқан жері, киімнің атауы, дайындалған күні (айы, жылы), материалдағы табиғи және химиялық шикізаттың түрі мен салмақтық үлесі (пайыздық құрамы), жүннің түрі және оны өңдеу түрі (боялған немесе боялмаған), бұйымның өлшемі туралы ақпарат болуы тиіс.
Сонымен қатар балалар киіміне оның техникалық регламенттер талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттар (сәйкестік сертификаты, сәйкестік туралы декларация) болуы тиіс. Сондықтан ата-аналар сатушыдан осы құжаттарды талап етуге хақылы. Болмаған жағдайда, тауарды сатып алудан аулақ болған жөн. Сондай-ақ мектеп формасын мамандандырылған дүкендерден сатып алған абзал.