Перейти к содержимому

Еңбек жолы – өнеге

3 қаралым

Жаны жаз, көңілі жарқын осы бір жанды аудан, облыс қана емес, республика еңбеккерлері жақсы біледі десек, асыра айтқандық емес. Ол –Социалистік Еңбек Ері Іңкәрбек Жұмағұлов.

Іңкәрбек Жұмағұлов 1922 жылы 5 мамырда Кеген ауданы Тоғызбұлақ ауылында дүниеге келді. 1934 жылы Шырғанақ орта мектебін тәмамдады. 1934 жылдан «Кеген» кеңшарында малшы, зоотехник, есепші болды. 1942 жылдың қаңтар айында әскер қатарына шақырылып, содан 1949 жылдың шілде айына дейін Қиыр Шығыста жүріп, әскери борышын шекарашы қызметінде өтеп, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты. Елге оралған соң Кегенде 1954 жылға дейін ферма меңгерушісі болды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Қапланбектегі кеңшар директорларын даярлайтын курста оқыды. Ауыл шаруашылығы өндірісін жетік білетін, сұрапыл соғыс мектебінен өткен білікті басшы ретінде 1957 жылдың қаңтар айынан Балқаш ауданының «Жиделі» кеңшарында директор қызметке кірісті. Бұл кеңшар облыстағы артта қалған шаруашылықтардың бірі болатын. Үлкен қайрат, асқан ерік-жігер танытқан Іңкәрбек Жұмағұлов бес жылдың ішінде шаруашылықты барлық өндірістік көрсеткіш бойынша облыстағы үздіктер қатарына шығарды. 1961 жылдың наурыз айынан бастап Іңкәрбек Жұмағұлов қайтадан артта қалған учаскеге жіберілді. Өзі еңбек жолын бастаған «Кеген» ет-сүт кеңшарында 1974 жылға дейін директор лауазымында табысты қызмет атқарды.
Еңбектегі ерен табыстары үшін КСРО Жоғарғы кеңесі президиумының 1971 жылғы 8 сәуірдегі Жарлығымен «Ленин» ордені, «Орақ пен балға» алтын медалі мен Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Ол ІІ дәрежелі «Отан» орденін, көптеген медальдың, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің грамотасын иеленді. Бес рет аудандық, облыстық кеңестің депутаты болды. 1986 жылы еңбек демалысына шықты. 1998 жылы дүниеден озды.
Іңкәрбек Жұмағұловтың зайыбы Фаузия Мәштекова Шырғанақта туып-өсті. Ұзақ жыл ұстаздық қызмет атқарды. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының тарих факультетін бітіріп, ұлағатты ұстаз болды. Он бала тәрбиелеп, өсірген батыр ана 2021 жылы өмірден озды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы қаулысымен Шырғанақ орта мектебіне Еңбек Ері Іңкәрбек Жұмағұловтың есімі берілді. Ауылдағы орталық көшенің бірі ардагердің атымен аталады. 2022 жылы Іңкәрбек Жұмағұловтың 100 жылдығына орай, Алматы қаласы мәслихатының шешімімен Еңбек Ері тұрған үйде естелік тақтайша орнатылды.
Енді сәл шегініс жасап, ерен еңбек иесінің өткеніне көз жүгіртейік. Іңкәрбек Жұмағұловтың ұйымдастырушылық қабілетінің, шаруашылық жұмыстарды шебер басқаруының арқасында «Кеген» кеңшары екі жылда жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Астық шаруашылығы ойдағыдай дамып, мал басы өсті. Кеңшар табысқа кенелді. Мәселен, астық өндірісі екі есеге, сүт 27 пайызға, ет 1,5 есеге өсті. Осы уақыт ішінде егіс көлемі 4 мың гектарға, яғни екі жарым есеге артты. Өндірістің ауқымын сандар арқылы көруге болады. Бесжылдықта кеңшар мемлекетке 9774 тонна астық, 4457 тонна ет, 15561 тонна сүт сатты. Өнімнің барлық түрі бойынша өндіру жоспары асыра орындалды. Ұжым үш аудандық, сондай-ақ облыстық партия комитетінің, облыстық атқару комитетінің және облыстық кәсіподақ кеңесінің ауыспалы Қызыл Ту иегері атанды. Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің, Қазақ КСР Министрлер кеңесінің және Қазақ кәсіподақтар кеңесінің мерекелік Қызыл Туымен марапатталды.
Кезінде Кеген аудандық атқару комитетінің төрағасы болған Әбекең Байжүнісов: «Біз, аудан басшылары, маусымның қарбалас кезінде Жұмағұловқа сирек баратын едік. Оның жұмысының бәрі рет-ретімен жүретінін білеміз. Нағыз еңбекқор жан еді», – деп еске алған. «Өзге емес, өзім айтам, өз жайымда» демекші, еңбектің озық үлгісін көрсеткен Іңкәрбек Жұмағұлов 1980 жылы 9 наурызда «Балқаш еңбеккері» газетіне берген мақаласында:
– Облыстық партия комитетінің ұйғаруымен 1961 жылы мен «Кеген» ет-сүт кеңшарына директор болып ауыстым. Бұл шаруашылық экономикасы төмен, мемлекеттік банкке ғана 1 миллион 652 мың сом қарыз болған. Ұйымдастыру шарасының нәтижесінде «Кеген» ет-сүт кеңшары 1962 жылдан бастап-ақ рентабельді шаруашылыққа айналды. Сол кезде үкімет мені екі рет «Ленин» орденімен наградтап, 1971 жылы Социалистік Еңбек Ері деген құрметті атақ берді. 1974 жылы мені «Ұзынбұлақ» асыл тұқымды қой кеңшарына директорлық жұмысқа жіберді. 1979 жылы кеңшар шаруашылық жылын 234 мың 600 сом таза пайдамен аяқтады. Мемлекетке асыл тұқымды «Арқар-меринос» қойының төлдерін сатудың жоспарын 117 процентке орындады. Мал басы барлық түліктен артық орындалса, мемлекетке астық, ет, жүн сатудың міндеттемелері де орындалды, – дейді Iңкәрбек Жұмағұлов.
Қарымды қаламгер Кемел Тоқаев «Коммунистің ойлары», «Огни Алатау» газетінің тілшісі А.Еремин, ардагер-журналист Марат Тақабаев «Жауынгерлік жолдан өткен өндіріс командирі», Иемберген Үмбетәлиев «Директор» атты естелік-очерктерінде еңбекте шыңдалған ерен тұлға жайлы кеңінен сөз қозғаған.
Еңбек Ері, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Іңкәрбек Жұмағұлов жайлы «Өнегелі өмір» естеліктер жинағы жарық көрсе, 2008 жылы Б.Мананова, Т.Әлімжанова, Г.Құсайынованың құрастыруымен «Шырғанақ шәкіртімен шаттанады» атты кітап шықты. Бүгінде Іңкәрбек Жұмағұлов атындағы орта мектептің жоғары сынып оқушылары Еңбек Ері жайлы ғылыми жобаларын қорғап, зерттеу жұмыстарын жалғастыруда.
Иә, еңбегімен халықтың құрметіне бөленіп, шаруашылықтың білгір басшысы атанған Іңкәрбек Жұмағұлов осындай жан. Өмір жолы көпке үлгі, көңілге қонымды. Адамды көркейтетін – істеген ісі, нәтижелі жұмысы.
Түйіндей келгенде, әр қырынан танылған Іңкәрбек Жұмағұлов жұрттың қамын жейтін халықтың адал перзенті бола білді. «Өткенсіз келешек жоқ» дейді халық даналығы. Ел дамуына сүбелі үлес қосып, болашақ ұрпақтың жолында аянбай тер төккен ер есімі халқымен мәңгі бірге жасай бермек.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы