Жаңа оқу жылы қарсаңында жылдағы дәстүр бойынша елордадан бастап өңірлерде педагогтардың тамыз кеңесі өтіп жатыр. Ел болашағы үшін маңызды мұғалімдер, білім мекемелерінің басшылары мен мамандары бас қосқан жиында өткен оқу жылының жетістіктері мен олқылықтары қорытындыланып, оқу процесін ұйымдастыру, оған дайындық барысы, жаңа оқу жылында енгізілетін өзгерістер жайы талқыланып жатыр. Биылғы оқу жылында өңіріміз және республика үшін атап өтерлік жайттар да бар.
Білім берудегі басты мақсат – елдің ертеңі үшін қызмет ететін білімді ұрпақ тәрбиелеу.
Осы орайда «Ұстазы мықтының ұстамы мықты» деген қағидаға сүйеніп кейінгі жылдары мұғалімдердің өзінің білімі мен білігін жетілдіру ісі де қолға алынған. Биыл облысымызда 5 222 педагог пән бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Кейінгі жылдары мектеп мұғалімдерін жұмысқа алуда талап күшейтіліп, алаңсыз қызмет етуі үшін жалақысы да біршама көтерілгені белгілі.
Әйтсе де, осындай қолдау көрсетіліп жатқанына қарамастан облысымызда соңғы 5 жылда білім сапасының төмендей бастағаны ойлантады. Әйтпесе, еліміз бойынша оқытылатын бағдарлама бір, мектептер мен ұстаздарға жасалатын жағдай ортақ, балалардың артық-кемі жоқ, алайда өзге өңірлермен салыстырғанда білім сапасы төмен. Қазақтан шыққан тұңғыш педагог Ыбырай Алтынсарин «Егер балалар бірдемені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды емес, оларға түсіндіре алмай отырған өзін кінәлауға тиіс» деп бекер айтпаған. Демек, білім беру ісінде баланың мүмкіндіктері мен қабілеттерін толық аша алмай отырмыз деген сөз. Мұның негізгі себебі педагогтардың өз ісіне, шәкірт болашағына деген жауапсыздығы, мектеп әкімшілігі, білім бөлімдері тарапынан қатаң талап пен бақылаудың төмендігінде болса керек.
Өткен істі қорытындылау – оның кемшілігімен ғана жұмыс істеу емес, жетістіктерін одан ары дамытып, кең өріс алуына жағдай жасау. Осы орайда облысымыздың атын асқақтатып жүрген мектептер мен ұстаздар да аз емесін айтқан ләзім. Солардың бірі – Есік қаласындағы Ә.Мәлкеев атындағы «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернаты. Өткен оқу жылында лицей оқушылары халықаралық жарыстарда – 4, республикалық олимпиадаларда – 30, облыстық деңгейдегі білім сайыстарында 73 жүлделі орындарды иеленді.
Облыстың білім сапасын көтеру жолдарын қарастыра келе, еліміздегі нәтижелі жұмысымен көш бастап келе жатқан осы «Білім-Инновация» лицейлерінің іс-тәжірибесін мектептерге енгізу бойынша «Білім-Инновация» қоғамдық қорымен 50 мектеп, 66 мың оқушы және 2 500 мұғалімді қамтыған «50 мектеп» жобасы құрылды. Білім тек энтузиазммен келмейді, оған орасан қаржылай қолдау да қажет. Аталған жобаны жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 756,0 млн. теңге қаражат та бөлінді. Бұл жоба аясында «Білім-Инновация» лицейлерінің 30 жылдық тәжірибесі негізінде өңірдің педагог кадрларының кәсіби біліктілігін арттыру жұмыстары атқарылды. Жобаның қаншалықты жемісті болмағын уақыт көрсетеді.
Білім беру ісінің тек бір жақты болмағаны маңызды. Тәрбие мен білім беру қатар жүргенде ғана бала толыққанды өсіп, жетіледі. Білім берудегі тәрбие мәселесінің маңызын Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қозғаған еді. Бұл қағида елордада өткен республикалық тамыз кеңесінде де көтерілді. Биылдан бастап тәрбие жұмысының рөлін күшейтуге көп көңіл бөлінетінін оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев республикалық кеңесте мәлім етті. Осыған байланысты, жаңа оқу жылынан бастап барлық білім беру ұйымдарында ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы жұмысын бастайды. Орталық балаларды оқыту мен тәрбиелеуде отбасы мен мектептің өзара іс-қимылын үйлестіріп, ата-аналар мәдениетін дамытуды мақсат етеді.
Министрлік қазір «Ұлттық тәрбие – ел болашағы» тәрбиесінің тұжырымдамалық негіздерін енгізіп жатыр. Жаңа оқу жылынан бастап 2023-2025 жылдарға арналған Біртұтас тәрбие бағдарламасы іске асырыла бастайды. Бағдарлама жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыру мақсатында дайындалған.
Ал облысымызда бұл ретте «Ұлттық құндылықтар академиясымен» бірлескен жұмыс басталып отыр. Жас ұрпақ бойында ұлттық құндылықтарды дарыту – ата-ана, қоғам, мектеп болып атқаратын маңызды іс болғандықтан, оған көп болып қолдау көрсету қажет-ақ.
Айбек Мұқан