Перейти к содержимому
Главная страница » Тұрғындар сенімін күшейтеді

Тұрғындар сенімін күшейтеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жасаған сапарында аймақтың тыныс-тіршілігін көзбен көріп, атқарылып жатқан жұмыстарға баға берді. Мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар маңызды жобалар таныстырылды. Президенттің алдымен Алатау қаласының даму жоспарымен танысуы бұл жобаның стратегиялық маңызын тағы бір мәрте айқындай түсті. Заманауи талаптарға сай жоспарланған жаңа шаһардың даму тұжырымдамасында өндіріс, логистика, білім беру, ғылым және жоғары технологиялар саласына басымдық берілген. Сонымен қатар тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік инфрақұрылым, жол қатынасы мен инженерлік желілерді дамыту мәселелері де жан-жақты қарастырылған. Келешекте әлемдік деңгейдегі мегаполистердің қатарына қосылатын Алатау қаласының жаңа технологиялар мен заманауи өндірістер шоғырланған орталық ретінде қалыптасуы – уақыт талабы. Жарқын болашақта бұл шаһардың инновациялар мен іскерлік белсенділіктің орталығына айналып, ел дамуына елеулі үлес қосатынына сенім мол.

Қасым-Жомарт Кемелұлының облысқа келіп, нақты жобалардың қалай жүзеге асып жатқанына куә болуы мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуына ықпал ететіні сөзсіз. Мемлекет басшысының осы жолғы сапары аймақ тұрғындарының ертеңге деген сенімін нығайтып, қоғамның бірлігі мен тұрақтылығын бекемдей түскені анық. Облыс көлемінде қолға алынған игі бастамалар мен жаңа жобалардың қолға алынғаны көңіл қуантады. Бұл сапардың өңірдің экономикалық және әлеуметтік әлеуетін одан әрі арттыруға жаңа серпін беретіні даусыз. Қонаев қаласының зиялы қауым өкілі әрі осы шаһарда ұзақ жыл еңбек еткен азамат ретінде облыс орталығының өсіп-өркендеуін, өзгерістерді үнемі бақылап келемін. Осы тұрғыдан алғанда, Қонаев қаласының бүгінгі келбеті мен болашағына қатысты жоспарлар көңілге үлкен үміт ұялатады. Әсіресе соңғы жылдары жаңаша серпін алған қала дамуына мемлекет тарапынан ерекше назар аударылып отырғаны көңіл қуантады. Сондай-ақ Президенттің қалада, театр, стадион, мектептер салуды шұғыл қолға алу жөніндегі тапсырмасы көңілден шықты.

Бірнеше жыл бұрын ғана облыс орталығы мәртебесін алған толқынды көлдің жағасындағы күнгейлі шаһарға бүгінде инвестиция тарту, тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылымды жаңарту және туризмді дамыту бағытында игі істер атқарылуда. Жасыл желекке бөленген заманауи қала қалыптастыру, жаңа өндіріс орындарын ашу сияқты бастамалар алдағы уақытта өңір экономикасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік туғызбақ. Менің ойымша, облыс орталығының көркеюі Мемлекет басшысының назарында болғаны инвесторлардың сенімін арттырып, тың серпін береді.

Ел дамуы өңірдің өркендеуінен басталады десек, Қонаев қаласы бүгінде еліміздің өсіп-өркендеу кезеңінің жарқын үлгісіне айналып келеді. Сондықтан Президент сапары қала тұрғындарының ертеңге деген сенімін күшейтіп, жаңа жетістіктерге жол ашады деп сенемін.

Берік БАИЛОВ

ақын, Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі