Перейти к содержимому
Главная страница » Алатаумен астасқан

Алатаумен астасқан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақбас Алатаудың баурайындағы Алматы облысына сапарында елдік істің елеулілерін ерекше атап, атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды.
Әсіресе Орта Азиядағы теңдессіз шаһар болатын Алатау қаласы туралы ой-байламдары бәрімізді қанаттандырды.
Қаланың болашақ көрінісі бейнеленген макет кереметтігімен көз тартты. Биік ғимараттар Алатаумен астасып, жарасым табатыны көрініп-ақ тұр. Аталмыш шаһар Алматы мен Қонаев қалаларының арасындағы алтын арқаулы көпір болатыны да айдай ақиқат. Бұл қаланың Ата Заңда дәйектелгенін де Президент еске
салды.
Мемлекет басшысының облыстың дамуына оң баға бергені жұртшылықты тәнті етті. Облыс орталығы мәртебесін алған Қонаев қаласының күн сайын өркендеп, жағалау маңындағы ғажайып қалаға айналып келе жатқаны да көңіл сүйсіндіреді.
Бүгінде қала туристер өлкесіне айналып, жыл сайын жан-жақтан жағалауға ағылған жұртшылыққа сапалы қызмет көрсетуге мейлінше жағдай жасалуда. Дәуір талабына сай жаңаша бағыт алған облыстың бүгінгі
даму жолы Президенттің көңілінен шыққаны анық. Ал елдің болашағы саналатын жастарға жаңаша жағдай жасалмақ. Қонаев қаласынан жаңа университет, оқу орындары бой көтеріп, бұл аймақ жастар қалашығына айналатыны сөзсіз. Қалада жаңа ғимараттардың бой көтеруі де облыс орталығының ажарын аша түскен. Жуырда ғана іргесі қаланған Достық үйі, сот, басқа да құрылыс нысандары заман талабына сай бой көтеретін ғаламат ғимараттар болмақ. Қала тұрғындары үшін де жайлы жағдай жасалып, орталық саябақтың да жасанып, оған біртуар жазушы Бердібек Соқпақбаевтың есімі беріліп, ескерткішінің қойылуы да ел руханиятына қосылған үлкен үлес.
Талай ақындар мен батырлардың киелі мекені болған Алматы облысы алдағы уақытта да асқан жылдамдықпен көркейіп, дами бермек. Оған бүгінгі оң өзгерістерді көзбен көріп, көңілтояттатып жүрген облыс жұртшылығы куә.

Сүлеймен МӘМЕТ
жазушы-журналист,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Метки: