Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Олжас Бектенов төрағалық еткен кеңеске облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен мемлекеттік органдардың басшылары, жергілікті жауапты сала жетекшілері, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері онлайн қатысты. Кеңесте егін шаруашылығы, мал шаруашылығы, ветеринария салаларын дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заманауи агротехнологияларды енгізу бағытындағы өзекті мәселелер талқыланды.
Биыл Алматы облысында көктемгі егіс науқаны толық аяқталды. Облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдары 437,9 мың гектар алқапқа орналастырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 мың гектарға артық. Егіс көлемінің ұлғаюы ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамып келе жатқанын және аймақтың аграрлық әлеуетінің артып отырғанын көрсетеді. Облыста жүгері, дәнді, майлы дақылдар, картоп пен көкөніс, бақша өнімдерінің көлемі артқан.

Мамандардың айтуынша, бұл өзгерістер нарық сұранысын ескере отырып және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру мақсатында жүзеге асырылған. Сонымен қатар су ресурстарын ұтымды пайдалану үшін күріш алқаптарының көлемі қысқартылып, су үнемдеу технологияларын қолдануға басымдық берілген.
– Биыл көктемгі дала жұмыстары ұйымдасқан түрде өтіп, белгіленген мерзімде толық аяқталды. Бұл – шаруалардың еңбегі мен мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесі. Ендігі міндет – егістікті сапалы күтіп-баптап, мол өнім алуға жағдай жасау, – деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Бүгінде облыстың барлық ауданында егістікті күтіп-баптау жұмысы жүргізілуде. Атап айтқанда, суару, тыңайтқыш енгізу және басқа да агротехникалық шаралар атқарылып жатыр. Бұл жұмыстар болашақ өнімнің сапасы мен көлеміне тікелей әсер етеді. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қажетті тұқым қоры толық дайындалды. Мамандардың мәліметінше, егілген тұқымдардың сапасы талаптарға толықтай сәйкес келеді. Сондай-ақ минералды тыңайтқыштарды пайдалану көлемі де өткен жылмен салыстырғанда 29% артып отыр. Бұл жер құнарлылығын сақтауға және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Облыста ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Көктемгі дала жұмыстарына 13 мыңнан астам техника жұмылдырылды. Сонымен қатар жаңа техникалар сатып алынып, машина-трактор паркін жаңарту көрсеткіші жылдан-жылға жақсарып келеді. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы жұмыстарының тиімділігі мен сапасын арттыруға ықпал етеді. Сондай-ақ соңғы жылдары өңірде су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылуда. Осы бағытта су үнемдеу технологияларын енгізу көлемі жыл сайын артып отыр. Қазіргі уақытта 90 мың гектар жерге тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелері қолданылады. Бұл тәсілдер суды үнемдеуге ғана емес, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға да мүмкіндік береді.
Басқосуда фитосанитариялық ахуал да қаралды. Мамандардың мәліметінше, облыс аумағында шегіртке зиянкестеріне қарсы мониторинг пен химиялық өңдеу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Сонымен бірге Іле, Талғар аудандары мен Алатау қаласында екпе ағаштарға зиян келтіретін мүр көбелегі, сондай-ақ Ұйғыр, Кеген және Райымбек аудандарында рапс жапырақ жемірінің таралу қаупі анықталған. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдарға фитосанитариялық шараларды дер кезінде ұйымдастыру тапсырылды.
Жиында мал шаруашылығы саласындағы көрсеткіштер де кеңінен талқыланды. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында облыста өндірілген мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай өскен. Бүгінде облыс шаруашылықтарында 792 мыңнан астам ірі қара мал, 3,5 миллионнан астам қой мен ешкі, 299 мыңнан астам жылқы және 9 мыңнан астам түйе өсірілуде. Төрт түлік санының артуы мал шаруашылығының тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар өңірде сүт және жұмыртқа өндірісінің көлемі де ұлғайған. Бұл көрсеткіштер облыстың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ішкі нарықты отандық өніммен қамтуға мүмкіндік беріп отыр.
Қазіргі уақытта облыста 58 бордақылау алаңы, 55 сүт-тауар фермасы және 13 құс фабрикасы жұмыс істейді. Бұл нысандар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде маңызды рөл атқарады. Сонымен бірге жаңа сүт фермаларының құрылысы жүргізілуде. Жобалар іске қосылғаннан кейін өңірдегі сүт өндірісінің көлемі артып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мүмкіндігі кеңейе түседі.
– Ауыл шаруашылығы – облыс экономикасының маңызды салаларының бірі. Сондықтан біз егін және мал шаруашылығын дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстарды жалғастыра береміз. Бұл бағыттағы бастамалар өңірдің тұрақты дамуына қызмет етеді, – деді Марат Елеусізұлы.
Жиында ветеринария саласының жағдайы да сөз болды. Мамандардың мәліметінше, облыста жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Вакцинациялау және диагностикалық зерттеу шаралары белгіленген кестеге сәйкес орындалуда. Эпизоотиялық жағдай тұрақты бақылауда. Сонымен қатар ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту мақсатында жаңа ветеринариялық пункттер салу және қолданыстағы нысандарды жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Бұл ауылдық елдімекендерде ветеринариялық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қаңғыбас жануарларды аулау және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар да тұрақты жүргізілуде. Әсіресе білім беру ұйымдарының қауіпсіздік мәселелері ерекше бақылауға алынған. Жиын қорытындысында көктемгі дала жұмыстарының нәтижелері оң бағаланып, ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамытуға бағытталған нақты тапсырмалар берілді. Өңірде егін шаруашылығы мен мал шаруашылығын дамыту, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, ветеринариялық инфрақұрылымды жетілдіру және ауылдық аумақтардың әлеуетін арттыру жұмыстары жалғасатын болады.
Жалпы, Алматы облысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Көктемгі дала жұмыстарының толық аяқталуы, мал шаруашылығы көрсеткіштерінің өсуі және заманауи технологиялардың енгізілуі өңірдің ауыл шаруашылығы саласында оң өзгерістердің қалыптасқанын көрсетеді. Бұл өз кезегінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға оң әсерін тигізбек.
